26.10.2025 13:26
Ханси Флик Пеп Гвардиоланың жетістігін қайталай ала ма?
26.10.2025 13:26
Бүгін осы маусымдағы алғашқы эль-класико өтеді. «Барселонадан» төрт рет жеңіліп, трофейсіз өткен маусымнан соң «Реал Мадрид» бапкерін ауыстырып, құрамын күшейтіп алды. Ал Ханси Флик бүгін Пеп Гвардиоланың рекордын қайталауға тырысады. «Соққы және гол» сарапшысы Есет Төлеш эль-класико жайында ойын жазды.
Офсайд тұзағы тағы көмектесе ме?
«Барса» сөзсіз мықты команда, бірақ биылғы маусымда олардың ойыны бұрынғыдай емес. ПСЖ мен «Севильядан» жеңіліп, «Жиронаға» қарсы да біраз қиналып қалды. Кейін «Олимпиакосты» тас-талқан етті. Қорғаныста оң өзгерістер байқалды: прессинг тиімдірек бола түсті, қорғаныста қателік азайды.
Бірақ «Олимпиакос» пен «Реалдың» шабуылшыларын салыстыруға келмейді. Мадридтіктердің шабуылында керемет бабына еніп алғае Килиан Мбаппе, биылғы маусымда рөлі артқан Арда Гюлер, нағыз шеберліктің нышандарын көрсеткен Франко Мастантуоно және маусымды баяу бастағанымен, дәл қазір бабына еніп келе жатқан Винисиус Жуниор мен Джуд Беллингем дуэті бар.
«Барселона» болса, бұл матчқа әлі де ауыр жарақат дағдарысымен келіп отыр: негізгі қақпашы, шабуылдағы екі маңызды ойыншы және тағы үш негізгі футболшы алаңға шыға алмайды. Бұған қоса, өткен аптада қызыл қығыз алғаны үшін Ханси Флик те бұл ойында командасын алаң жиегінен басқара алмайды.
Иә, кездесуді Флик трибунадан тамашаласа да, жоспарды құратын өзі. Өткен маусымда Мбаппені офсайд тұзағымен тоқтатқан еді, биыл ол да дұрыс жұмыс істемей тұр. Жалпы, Килиан «Барселонаға» қарсы барлық турнирде сегіз ойында 11 гол соққан, оның ішінде төрт «Класикода» бес гол салды. Бұл – оның клубтық карьерасындағы француз емес командаларға қарсы ең жоғары көрсеткіші.

Хаби Алонсоның екінші сынағы
Биылғы маусымда «Реал» мықты қарсыластармен көп кездескен жоқ, олардың жалғыз жеңілісі «Метрополитано» стадионында «Атлетико Мадридке» қарсы ойында тіркелді. Алонсоның Ла Лигадағы алғашқы сынағы ірі жеңіліспен аяқталды. Эль-класико екінші және маңызы жағынан негізгі сынақ болмақ.
«Реал» тағы екі мықты қарсыласмен өз алаңында ойнады – чемпионатта «Вильярреалды» және Чемпиондар лигасында «Ювентусты» қапы қалдырды. «Реалдың» қорғанысы мінсіз болмады, бірақ бұл бағытта әлі жұмыс жүріп жатқаны байқалады. «Вильярреалдан» гол өткізіп алды, ал «Ювентуспен» ойында Тибо Куртуа бірнеше рет құтқарды.
Қазір «Мадрид» допқа иелік етіп, ойынды өз бақылауында ұстағанды ұнатады. Бұл олардың Карло Анчелотти кезінде өткен маусымдағы ойын стилінен айтарлықтай ерекшеленеді. Қазіргі шабуылдары анағұрлым жүйелі әрі қауіпті көрінеді - енді команда жұлдыздардың жеке шеберлігіне ғана тәуелді емес.
Қорғанысы да жақсы әсер қалдырып жүр. Альваро Каррерас пен Ламин Ямалдың дуэлі матч тағдырын шешуі әбден мүмкін. Каррерас өткен маусымда Чемпиондар лигасында «Бенфика» сапында ойнаған кезде Ямалға қарсы жақсы өнер көрсеткен еді, сондықтан бұл жолғы текетірес шешуші рөл атқаруы ықтимал.

«Реал» фаворит болып тұр
Танымал Opta басылымы суперкомпьютер көмегімен фаворитті анықтап қойды. Opta болжам моделіне сәйкес, «Реалдың» жеңіске жету ықтималдығы 45,6%, ал «Барселонаның» мүмкіндігі 31%, тең ойынның үлесі - 23,6%.
Бұл сандар жайдан-жай емес. Opta мыңдаған деректі – команданың бабын, кеңейтілген статистикасын, ойыншылардың көрсеткіштерін және текетірес тарихын – талдап, барлық ықтимал нәтижені саралайды.
Хаби Алонсоның жетекшілігімен «патша клубы» соңғы бес ойынның төртеуінде жеңіске жетті. Жалғыз сәтсіздік - Мадрид дербиінде 2:5 есебімен жеңілу. Алайда содан бері команда өз беделін қайта қалпына келтіріп, маңызды жеңістерге жетті: «Хетафеге» қарсы 1:0, «Вильярреалға» қарсы 3:1, Чемпиондар лигасында «Қайратты» 5:0 есебімен және «Левантені» 4:1 есебімен жеңді.
Ал «Барселона» болжам жасау қиын команда болып тұр. Ханси Фликтің шәкірттері «Жиронаны» 2:1 есебімен жеңді, соңғы минуттарда Рональд Араухо жеңіс голын салды. Бірақ оған дейін екі ауыр жеңіліс тапты - «Севильядан» 1:4 және ПСЖ-дан 1:2. Каталониялықтар тұрақты ойынын қайта тапды деу ерте секілді.
Флик Гвардиоланың жетістігін қайталай ала ма?
Өткен маусымда Ханси Фликтің командасы «Реалды» қатарынан төрт рет жеңді. Олар қарсыластарын чемпионатта 4:0 және 4:3 есебімен, Испания кубогының финалында қосымша уақытта 3:2 және Суперкубоктың шешуші матчында 5:2 есебімен қапы қалдырды.
Енді «Барса» барлық турнирде «Реалға» қарсы өз тарихындағы ең ұзақ жеңіс сериясын қайталай алады. Бұған дейін Пеп Гвардиола жаттықтырған команда 2008 бен 2010 жылдар аралығында қатарынан бес «Класикода» жеңіске жеткен болатын.
Айта кетерлігі, Флик – алғашқы эль-класикода қатарынан төрт рет жеңген тек екі бапкердің бірі. Екіншісі, әрине, Гвардиола. Ал Хаби Алонсо бас бапкер ретінде алғашқы класикосына дайындалып жатыр.

Өткен маусымда «Барселона» «Реалды» төрт рет жеңгенімен, тек Ла Лига матчтарын есепке алсақ, соңғы жеке ойындарда «патша клубының» көрсеткіші күштірек.
«Реал» Ла Лигада «Барселонаға» қарсы соңғы 11 матчтың жетеуінде жеңіске жетіп. Ла Лигадағы соңғы 11 «Класикода» тең есеп тіркелген жоқ: «Реалда» жеті, «Барселонада» төрт жеңіс бар. Бұл турнир тарихында тең есепсіз өткен ең ұзақ класико емес – бұған дейінгі жағдай 1977 мен 1986 жылдар аралығында болған, ол кезде қатарынан 18 матч тең аяқталмаған (10 рет «Реал» жеңіп, 8 рет «Барселона» басым түскен).
