26.10.2025 03:37

Алыптар айқасы

26.10.2025 03:37

Ла Лиганың 10-турында Мадридтің «Реалы» өз алаңында «Барселонаны» қабылдайды

9 турдың қорытындысы бойынша турнирлік кестеде «Реал» 24 ұпаймен көш бастап келеді. Оны өкшелеп келе жатқан «Барселона» командасында 22 ұпай. Сондықтан бұл ойын екі ұжым үшін де маңызды. Бұл Хаби Алонсоның бапкер ретіндегі алғашқы эль-класикосы. Мадридтің «Реалы» Алонсоның жетекшілігімен осы маусымда 12 ойын өткізіп, 11 матчта жеңіске жетті. Тек «Атлетикоға» (5:2) қарсы ойын сәтсіз аяқталды.

«Реалдың» төрт ойыншысы қатарға қосылды. Трент-Александр Арнольд, Карвахаль, Дин Хейсен және Дани Себальос жалпы топпен жаттығу жасады. Бірақ, ұзақ үзілістен кейін олар бастапқы құрамда шығуы екіталай. Дегенмен, «Барселонаға» қарсы ойынға шақырту алды.

Алонсо топ-клубтарға қарсы

Өткен маусымда «Реал» каталондықтарға қарсы айла таба алмаған еді. 4 кездесу - 4 жеңіліс. Карло Анчелотти Ханси Фликтің командасына қарсы тиімді тактика ойластыра алмады. Жазда Хаби Алонсо келіп, сенімді жеңістерге қол жеткізе бастады. Бірақ, бұл қазіргі таңдағы топ клубтарға қатысты емес. КӘЧ кезінде «Реал» «ПСЖ» (0:4) ұжымынан жеңілді, ал Ла лигада «Атлетикоға» (2:5) есе жіберді. Екі матчта да испандық команда сақ ойын өрнегін көрсетті. Қарсыластың қысымына төтеп бере алмады. Тағы бір айта кететін дүние - Алонсо әлі күнге дейін негізгі құрамды жасақтай алмай келеді. Әр ойында ротация. Қай ойыншыға сенім артарын әлі шешпеген секілді. Осындай жағдайлар командаға кері әсірін тигізуі ықтимал.

«Барселонадағы» ауа-райы

Команда үшін маусым ауыр басталды. Күтпеген жеңілістер. Ойыншылардың жиі жарақат алуы. Клубтың толыққанды күшке ие болуына кедергі жасауда. Тіпті ортаңқол командаларға қарсы ойынның өзінде біраз қиындыққа тап болады. Соңғы 12 ойынның 9 кездесуі жеңіспен аяқталып, 1 тең нәтиже тіркелді. Ферран Торрес қалпына келіп, «Олимпиакосқа» қарсы ойынға шақырту алды. Дегенмен алаңға шықпады. Бәлкім, Ханси Флик оны эль-класикоға сары майдай сақтап отырған болар. Ал, Рафинья «Реалға» қарсы ойынға дейін жарақатынан айығып үлгермеді. Сонымен қатар, Гарсия, Гави, Левандовки, Ольмо, Тер Штеген сынды ойыншылар жарақатына байланысты бұл ойынға қатыспайды.

Соңғы 4 кездесуде «Барселона» «Реалға» еш мүмкіндік қалдырмаған еді. Бүгін болатын тартысты бәсекеде қандай нәтиже тіркелер екен?

Азамат Бақи

Азамат Бақи

InstagramInstagram