24.09.2025 19:21
Ticketon: Билет сату әділ өтті
24.09.2025 19:21
Әлеуметтік желіде 30 қыркүйекте "Орталық" стадионда өтетін матч билетіне қатысты жағымсыз пікір көп. Біразы жүйенің қатып қалғанын, кезектің жылжымағанын атап өткен. Осы орайда, Freedom Ticketon "Қайрат" пен "Реал Мадрид" кездесуінің билет сату жүйесіне қатысты пікір білдірді. Барынша әділ болғанын, қолданушылар саны көп екенін атап өтті

«Басты мақсат – билеттің әділ әрі ашық сатылуын қамтамасыз ету. Дерекке келсек, сатылымның шарықтау сәтінде платформада бір мезетте 1 миллионнан астам қолданушы болды. Ал стадионның сыйымдылығы – небәрі 20 мың орын. Бәріне орынның жетпейтіні анық. Билет сату барысында әр ЖСН-ға бір ғана билет, бір қолға екі билет беретін шектеу қойылды. Жанкүйердің «кезек қатып қалды» немесе «жүйе қайта жүктелді» деген ренішін түсінеміз. Мұны да түсіндіре кетейік: сатылым сағат 17:00-де қатаң тәртіппен басталды. Жүйе қалыпты жұмыс істеді. Ал ертерек кірген қолданушылардың сессиясы автоматты түрде жаңарып отырды. Бұл ретсіз ажиотаждың алдын алу үшін енгізілген техникалық шара», – делінген Freedom Ticketon хабарламасында.
Ресми дерек бойынша, билет 4 сағаттың ішінде сатылып кеткен. Ал испан басылымдары Қазақстанда орташа жалақы 100 мың теңге екенін, ал билет 75 мың теңге мен 250 мың теңгенің арасында сатылып, ажиотаж тудырғанын жазды.