24.09.2025 14:45
«Қайрат» - «Реал Мадрид»: 500 мың теңгеге қалай билет сатып алдым?
24.09.2025 14:45
23 қыркүйекте сағат 17:00-де бүкіл Қазақстан жұрты телефон мен ноутбук алдында телміріп отырды. Себебі «Қайрат» - «Реал Мадрид» матчының билеттері сатылымға шықты. Онлайн кезектегі уайым, асығыстық – бәрінің басынан өткен эмоциялар
Біздің үйде де сейсенбінің кеші солай өтті.
Әрине, журналистерге аккредитация беріледі. Стадионға сол арқылы кіруге болады. Бірақ оған да үміткер журналист қауымы көп. Испаниядан 15-20 журналист келеді, «Реалдың» баспасөз қызметі отырады, халықаралық хабар таратушылар болады. Яғни, қазақстандық журналистерге берілетін квота да көп емес.
Сондықтан, бұл жағдайда билет сатып алып қойған жөн деген ой келді. Сөйтіп, 17:00 болмай жатып үш телефон және бір ноутбук арқылы кешегі күннің басты сайты – Ticketon-ға кірдік. Билет басталуына жарты сағат қалғанда кезек саны 10 мыңнан асып кеткен.
Билеттер бірден сатылып кететіндей, үлгермей қалатындай қорқыныш болды. Сайтты ашып қойып отырмасаң, кезектен «лақтырып» жіберетіні бар. Сондықтан тапжылмай, кезек аңдып отырдық. Бірақ билет сатылып бастаған кезде үш телефонның екеуінде, ноутбукта сайт істемей қалды. Ақыры сайттан шығып, қайта кіруге тура келді. Қайта кірсек, сұмдық – кезекте ең жақыны 88 291-нші болып тұрмыз. Үміт күрт үзілді. Бұл кезекпен матч «Сантьяго Бернабеу» сияқты үлкен стадионда өтсе де, билет алып үлгермей қалатын едік. Ең жаманы, кезек те қозғалмайды, алға жылжымайды, бір орында тұрды да қалды.
Оның үстіне мессенджердегі ортақ чаттар да алай-дүлей болып жатыр. Бәрі де мен сияқты кезекте отыр. Кейбірі «Билет бітіп қалды» деп байбалам салып жатыр. «Бітті, құрыды» дедім.
Бірақ үміт әлі бар еді. Себебі үш телефонның біреуінде кезек, керісінше, алға жылжи бастады. Мен ұстап отырған басқа телефондар секілді көбі сайттан шығып кеткенге ұқсайды. Жалғыз қалған телефонымда кезек бірден 2930-орынға көтерілді. «Бәрі бітті» деген ми енді ойша Орталық стадионда отыр, билет алуға мүмкіндік те жоғарылады.
Содан кезек ақырындап жылжып, сайтқа 20:10 шамасында кіре алдым. Үш сағаттан аса кезекте болыппын. Сайтқа кірсем, бірнеше секторда аз-аздан орын бар екен. Ең арзаны 75 мың теңгелік. Соған кірдім, бірақ өзі аз ғана бос орындардың қайсысын таңдасам да сатылып кетті деп шығады. Содан 150 мыңның билеттеріне өттім. Жеті-сегіз ғана бос орын тұр екен. Бәрін бастым, бәрі де сатылып кетті дейді.
Қалтама бір қарап алдым да, нар тәуекел деп 250 мыңның билеттеріне көз жүгірттім. Ол жақта да солай, билет ала алмадым. Ақыр соңында «уақытыңыз бітті» деп сайттан шығарып жіберді.
Өкініш өзекті өртеп барады, жетіп тұрып билетсіз қайттым-ау. Балдызымның телефоны еді, өзіне қайтып бердім, үмітім су сепкендей басылды. Бір сәтте балдызым билет бар деп қуана шақырды. Жетіп бардым. Сайтқа браузер тарихы арқылы қайта кіріп, билет тауыпты. 250 мыңнан екен. Бұл жолы уақыт өткізбеу керек дедім де, екі билет сатып алдым. Бір мезетте картамнан 500 мың теңге ғайып болды. Бірақ оған қарап жатқан біз жоқ, үйдің іші қуанып, шаттанып жүр.
Себебі... біз «Қайрат» - «Реал Мадрид» матчына баратын болдық!