24.09.2025 17:55
Қала билігі «Камп-Ноудың» ашылуына қарсы
24.09.2025 17:55
«Барселона» клубы 22 қыркүйек күні жергілікті 100-ге жуық журналисті шақырып, «Камп-Ноуға» пресс-тур жасаған. Қала әкімдігінен рұқсат ала алмаған Лапорта енді БАҚ-тың күшіне сеніп отыр. Күткеніндей, Каталонияның жетекші басылымдары стадион құрылысы жайында, артық тұсы туралы жарыса жазып жатыр. Бүгін соның бірнешеуіне тоқталып, неліктен қала басшысының жанкүйерді аренаға «кіргізбей» жатқанын түсіндіреміз
Осы тақырыпты ашу үшін Marca, Mundo Deportivo, ESPN, La Vanguardia басылымының дерегіне сүйенеміз. Ресми ақпарат бойынша, Spotify Camp Now-ға құрылыс жүріп жатқанына 29 ай болған. Блауграналар стадионында 2,5 жыл бұрын "Мальоркаға" қарсы кездесу өткізген. Осы материалда Mundo Deportivo журналисі Пеп Мората түсірген бірнеше суретті ұсынамыз.
Стадион құрылысында қандай ерекшелік бар?
2,5 жылдан бері не өзгерді десеңіз, стадионда клуб ойыншылары мен беделді қонақтарға арналған 200 орынды автотұрақ жаңарған. Жанкүйерлерге аралған 3000 мың орынды тұрақ та бар. Арена маңындағы аумақ кеңейіп, транспорт жүруіне ыңғайлы жағдай жасалған. Бұрын жанкүйерлер аренаны 8 минут ішінде босатса, қазір бұл уақыт 4,5 минутқа қысқарған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар шығыс трибунадағы үлкен пандус арқылы сыртқа шыға алады. Стадион іші де, бөлмесі де көқ-қызыл түске боялған.
Стадион ішінде 450 камера жұмыс істеп тұр. Арена толық ашылғанда камера саны 800-ге жетеді. Сондай-ақ солтүстік трибунада полиция бөлімшесі орналасқан. Екінші қабатта Ла лига мен УЕФА талабына сай прожектор бар. Журналистерге арналған пресс-орталық әлі дайын емес. Десе де бұл жерге 200 журналист сыятыны көрсетілген. Сондықтан тілшілер уақытша 1899 аудиториясын пайдаланады. Судья бөлмесі, киіну бөлмесі, Фликтің кабинеті мен қызметшілердің бөлмесі дайын.
VIP қонақтарға арналған орын
Қадірлі қонақтарға арналған орын саны 147-ден 296-ға көбейген. Соның ішінде 50 орынға нағыз VIP-класстағы қонақтар жайғасады.
2200-ге жуық құрылыс жұмысы бюджетке салмақ салған
«Барселонаның» вице-президенті Елена Форттың айтуынша, бастапқыда бірінші және екінші қабатты жөндеу үшін 800 іс-шараға бюджет бөлген. Сайып келгенде, 3000 мыңға жуық ірілі-ұсақ жұмыс істеліп, бюджетке салмақ түскен. Содан да стадион құрылысы кешеуілдеп жатыр.
Неліктен рұқсат жоқ?
Бірден айтайық, Spotify Camp Now-дың құрылысы толық біткен жоқ. Бірінші, екінші қабатты жөнделді деуге келеді. Үшінші қабатты әлі салып жатыр. Одан бөлек, стадионның төбесін жабу мәселесі бар. Газон мен төбе арасындағы ұзындық – 80 метр. Оның құрылысы 2026/27 маусымда басталып, шамамен 4 айға созылады. Сондықтан La Vanguardia басылымы, жанкүйер толық дайын болған аренаны 2027/28 маусымда көреді деп отыр. Қала тұрғындарының айтуынша, құрылыс қалдықтары шаһарды ластап жатыр.
«Камп-Ноудың» айналасында кран және түрлі техника тұр. Оған қоса өрт сөндіру жұмысына, эвакуацияға қатысты түрлі түйін бар. Сондықтан қала билігі жанкүйерлер мен ойыншыларға зияны тиетінін нұсқап, «Барса» стадионына лицензия бермеді. Клуб «Реал-Сосьедадқа» қарсы ойынды басқа стадионда өткізеді. Кейбір дерекке сүйенсек, әкімдік клубқа осы маусымда «Монжуикта» ойнауды ұсынған. Бұл ұсыныс Лапортаға тиімсіз екені белгілі. «Камп-Ноу» ашылмаса шығынның үстіне шығын жамала береді. Қызығы, клуб құрылысы жүріп жатқан стадионға жанкүйерді кіргізуге болатынын айтып дабыл қағып жатыр. Түрлі маман шақырып, талапқа сай екенін дәлелдеп әлек. Оның үстіне Ла лига мен УЕФА-дан алған рұқсаты бар. Алайда соңғы шешімді қабылдайтын – Барселона қаласының әкімдігі.