02.09.2025 23:29
Голсыз кеткен Мбаппе. «Реал Мадридтің» Қазақстанға келген бес футболшысы
02.09.2025 23:29
«Реал Мадрид» осы Чемпиондар лигасында Қазақстанға қонаққа келеді. «Патша клубының» біраз жұлдызы біздің алаңда өнер көрсетеді. «Реалдың» кей ойыншысы бұған дейін де Қазақстанға келген еді. Тек клубтық деңгейде емес, өз құрамаларымен қонақ болып кетті. Бүгін солар жайлы айтуды жөн көрдік.
Тибо Куртуа
«Мадрид» қақпашысы Тибо Куртуа Бельгия құрамасы сапында 2019 жылы қазанда келген еді. Еуро-2020 іріктеуі болатын. «Астана Аренада» бельгиялықтар 2:0 есебімен жеңіске жетті. Тибо матчты толық өткізіп, қақпасын голдан аман сақтай алды.
Куртуа клубтық деңгейде Қазақстанға алғаш келейін деп отыр. «Астана» 2015 жылы Чемпиондар лигасына шығып, топта «Атлетико» түсерден бір жыл бұрын «Челсиге» оралған еді.
2011 жылы «Генк» түлегі «Челсиге» ауысқан кезде де сәл үлгермедік. 2012 жылы Еуропа лигасында «Генк» «Ақтөбемен» жолыққан болатын.
Давид Алаба
Австриялық қорғаушы Давид Алаба Қазақстанға алғаш рет 2011 жылы келді. 19 жастағы футболшы Еуро-2012 іріктеуі аясында елордамызда матч өткізді. Негізгі құрамда шығып, 90 минут бойы ойнады. Кездесудің өзі 0:0 есебімен аяқталды. Бір қызығы, Алаба ол кезде оң қапталдағы жартылай қорғаушы болып шыққан.
2012 жылы Қазақстан мен Австрия әлем чемпионатының іріктеуі аясында кездескенде Алаба Астанадағы матчқа шақырту алмай қалды. Былтыр да құрамалар Ұлттар лигасында бір топта ойнағанда Давид жарақатына байланысты Алматыға келмеген еді.
Альваро Каррерас
«Реал Мадридтің» жаңа қорғаушысы Альваро Каррерас та Қазақстанға бір мәрте ат басын бұрған. 2023 жылы қазанда Қазақстан мен Испания жастар құрамалары күш сынасты. Альваро ойынды толығымен алаңда өткізді. Елордадағы кездесуде испан жастары 4:0 есебімен жеңді. Каррерас сол кезде сары қағаз алған еді.
Сол матчқа «Қайраттың» қазіргі құрамынан бірнеше футболшы қатысты. Қақпада Темірлан Анарбеков тұрды, қорғаныста Дамир Қасаболат, жартылай қорғаныста Әділет Садыбеков, сол қанатта Лев Кургин ойнады.
Ферлан Менди
Жылдамдығымен және жарақаттарымен көзге түскен Ферлан Менди 2021 жылы наурызда Астанаға келіп, жаттығу жасап кеткен. Дәлірек айтар болсақ, тура сол уақытта-ақ «Реалда» ойнап жүрген қорғаушы Франция құрамасымен бірге Қатардағы ӘЧ іріктеуі аясында Қазақстанға қонаққа келді. Бірақ «Астана Арена» алаңында жаттығу жасағанымен, матчтың өзіне қатысқан жоқ. Қосалқы құрамда отырды да қайтты. Ал француздар сол кезде 2:0 есебімен жеңген еді.
Килиан Мбаппе
«Реал Мадридтің» басты жұлдыздарының бірі Килиан Мбаппе Қазақстанға Мендимен бірге 2021 жылы келген еді. Килиан «Астана Арена» алаңына 59-минутта жарақат алып қалған Антони Марсьяльдің орнына шықты. 75-минутта Мбаппе пенальти есепті 3:0 қылатын мүмкіндік алды – пенальти нүктесіне келді. Бірақ Александр Мокиннен айласын асыра алған жоқ. Осылайша, Қазақстаннан үш ұпаймен қайтқанымен, жеке статистикасын жақсарта алмады.
Міне, «Реал Мадридтің» қазіргі құрамынан бес футболшы бұған дейін Қазақстанға келген.
Айта кетейік, «Қайрат» - «Реал Мадрид» матчы Алматыда 30 қыркүйекте Чемпиондар лигасының 2-туры аясында өтеді.