11.08.2025 19:01

11

Тер Штегеннің жыры, қаржылық қиындықтар: «Барселона» жаңа маусымға дайын ба?

11.08.2025 19:01

11

«Барселона» мен тер Штеген арасындағы жыр аяқталды. Соңғы күндері дау тудырған мәселені шешу үшін клуб президенті Жоан Лапорта үлкен рөл атқарды. Журналист Санти Овалленің мәліметінше, Лапорта қақпашымен жеке сөйлесіп, оны райынан қайтарған.

Марк-Андре тер Штеген

Енді Лига медицина қорытындысын мақұлдаған соң, осы жазда «Эспаньолдан» ауысып келген Жоан Гарсияны «Барса» жаңа маусымға сәтті тіркей алады.

Тер Штеген: «Бұлай болатынын білмедім»

Германиялық қақпашы соңғы жаңалықтарға байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, жағдайдың бұлай өршіп, ойыншыларды тіркеу кезінде қиындықтар туындайтынын ойламаған болуы керек. Тіпті отаны клубтың келісімімен жасағанын да алға тартты.

— Соңғы бірнеше ай мен үшін ауыр өтті. Жарақат алғаннан кейінгі бар ойым мүмкіндігінше тезірек алаңға оралып, командаға көмектесу болды. Соңғы аптада менің тарапыма небір сөздер атылды. Мен оларды негізсіз деп білемін. Сондықтан пікірімді айқын жеткізуді маңызды көремін. Ота жасату туралы шешім медицина штабымен кеңесуден кейін қабылданды. Клуб мақұлдады. Ал келісімшарттың ұзартылуы мен трансферлер отаға дейін келісілген еді. Сондықтан мен бұлай болатынын болжай алмады, – деді тер Штеген.

Енді «блауграна» тер Штегеннің жарақатын пайдалана отырып, Жоан Гарсияны сәтті тіркей алады. Себебі ережеге сәйкес, қандай да бір ойыншы кемінде төрт айға қатардан шықса, оның орнына басқа футболшыны тіркеуге рұқсат. Әрі жарақат алған ойыншының жалақысының 80%-ын төлеуге болады.

«Барселона» келер маусымға қаншалықты дайын?

Каталонияның клубы әлі де Лига талаптарын орындай алмай отыр. «Барселона» «Камп ноуға» тезірек оралуды көздейді. Алайда, қала билігінен стадион лицензиясын алу қиын мәселе болып тұр. Бұл проблеманың жаз соңына дейін шешілуі неғайбыл. Осыған байланысты клуб стадиондағы VIP орындарды сату арқылы түсетін қомақты табыстан қағылуы мүмкін.

Виктор Малоның дерегінше, «Барса» қазір жалақы қорындағы 37 млн еуроның 60%-ын, яғни 22,2 млн еуроны ғана кәдеге жарата алады. Сондай-ақ, трансферден түскен 25 млн еуроның тек 5 миллионы қолжетімді. Одан бөлек ДР Конгомен серіктестіктен табатын 11 млн еуроны да қаржылық ережелерге байланысты жұмсау мүмкін емес.

Егер «Барса» қаржылық мәселелерді дер кезінде шеше алмайтын болса, Маркус Рэшфорд, Войцех Щенсны және Жерар Мартин сынды негізгі ойыншыларын жаңа маусымға тіркей алмай қалуы бек мүмкін. Ал Ла Лиганың жаңа маусымы осы аптада басталады.

Әлімжан Асқар

Әлімжан Асқар

instagramInstagram