15.08.2025 16:16
17
Кристал Пэлас: жаза ма, мүмкіндік пе?
15.08.2025 16:16
17
Футбол әлеміндегі сенсацияның бірі «Кристал Пэластың» Конференция лигасына түсіп қалғаны болды. Англия суперкубогының су жаңа жеңімпазына сенім артқан көп еді. Жанкүйері бөркін аспанға атып, Еуропа лигасында ойнайтынын сүйіншілеген. Нәтижесі көңілді су сепкендей басқаны рас. УЕФА неге бұлай шешім шығарды, бұған не себеп, талқылаймыз
Тәлкекке түсірген тыйым
Иә, биыл – «Кристал Пэлас» үшін тарихи жыл. Олар күні кеше «Ливерпульмен» өткен ойында Англия Суперкубогын ұтты. Одан бұрын Англия кубогында «Манчестер Ситиді» қапы қалдырып, тұңғыш трофейін басынан асыра көтерген. Осылайша, клуб 150 жылдан астам тарихында алғаш рет кубокқа қол жеткізіп, Еуропа Лигасында ойнауға мүмкіндік алды. Трофейге бір қуанып, еуроаренаға шыққанына бір қуанып жанкүйерінің көп күні өткен. Бірақ жеме-жемге келгенде УЕФА-ның 5 регламентіне сәйкес, клуб аталған лигада емес, Конференция лигасында өнер көрсететін болды. Сөйтіп, Англия ғана емес, әлем үдере түрегелді.
Айтқандай, бұл ереже UEFA Multi-Club Ownership деп аталады. Яғни, бір емес, бірнеше клубқа иелік ету жайын қозғайды. Жалпы, аталған ереже туралы толық жазамыз. Алдымен, «Кристал Пэластың» не үшін шеттетілгенін талдап, басқа мысалдарды салыстырайық. Сонымен, ережеге сай иесі бір немесе акционердің үлесі көп болса, екі клуб еуролигада өнер көрсете алмайды. Яғни, «Лион» мен «Кристал Пэластың» иесі – Джон Текстор мен Eagle Football Holdings. Мұны жауапты қауымдастық қос клубтың «ортақ басқару» жүйесі бар деп танып, бірін қалдырып, екіншісін Конференция Лигасына жіберді. Арнайы комиссия құрылып, тексеріп, ереже бойынша кей пунктін орындалмағанын анықтады. Себебі біраз бұрын Текстор «Лиондағы» үлесін Вуди Джонсонға сатқанын мәлімдеген еді. Байқағаныңыздай, мәселе үлесті қысқартумен бітпеген. UEFA «қырандарға» дедлайн беріп, соған дейін жағдайды реттеуін сұраған. Бірақ клуб та, Джон да қолын мезгілінен кеш сермеген.
Енді мұны былтыр Чемпиондар лигасында ойнаған «Жирона» мен «Манчестер Сити» мысалында түсіндірелік. Өйткені жанкүйер біткен бірден осы екеуін еске түсірді, білем. «Жирона» испан Ла лигасында, «Манчестер Сити» ағылшын Премьер-лигасында ойнайды. Екеуінің де иесі – City Football Group (CFG). CFG компаниясы «Жиронадағы» үлесін ресми түрде қысқартып, жүйе екі бөлек екенін көрсетіп, UEFA-ға басқару дербестігін дәлелдеді. Егер аталған командалар бір қаржылық жүйеге, басқаруға байланған болса, шешім түрленіп сала берер еді. Осылайша, қос клуб ЧЛ-де бақ сынады. Ал Джон Текстор мен Eagle Football Holdings-тің «Лионда» да, «Кристал Пэласта» да ықпалы зор. Сол үшін жауапты қауымдастық олардың басқару және шешім қабылдауда ортақ жүйеге бағынатынын анықтады. Ережеге сай, мұндай клубтар бір турнирде қатар ойнай алмайды.
Осы тұста сонау жылдары ЧЛ-де бірге ойнаған «РБ Лейпциг» пен «РБ Зальцбургты» қайда қалдырдың деуіңіз белгілі. Қос клубтың да негізін қалаған – Red Bull GmbH компаниясы. Бастапқыда бұлардың логотипі, формасы, тіпті атауы да ұқсас болған. Араға жылдар салып, 2016/17 маусымда екеуі де Чемпиондар лигасына жолдама алады. Сөйтіп, UEFA жоғарыдағы ереже бойынша тергеу жүргізеді. Сәйкесінше, Red Bull-дың басқару жүйесінде шешуші рөл ойнайтыны дәлелденеді. Десе де UEFA командаларға мынадай талап қояды. Алдымен, қаржылық байланысын реттеуді сұрайды. Red Bull болса, «Зальцбургтің» қарызы мен операциялық шығындарын жабудан бас тартады. Тек демеуші рөліне ауысады. «РБ Лейпциг» пен «РБ Зальцбург» арасындағы ақша айналымын шектейді. Артынша олар басқару құрылымын бөлуді сұрайды. Мысалы, директорлар кеңесінде, менеджментте, жаттықтырушылар штабында бір адамның екі клубта да жұмыс істеуіне тыйым салуды тапсырды. Сосын, клуб брендінің ұқсас болмауын, логотип, форма дизайны мен демеушілерге дейін айна-қатесіз «көшірмеуді» ұсынды. Нәтижесінде, «Red Bull» атауы екеуінде де қалғанымен, ресми тіркеуде клуб атауы мен заңды тұлғалары айтарлықтай ажыратылды. Екеуара ойыншы алмасуды шектеу жағын да, «арзан» трансфер жасауға да қатаң шектеу қойылды. Осынша түзетуден кейін, 2017 жылы UEFA олардың басқару жүйесі түрленгеніне көз жеткізіп, екеуінің Чемпиондар лигасына қатысуына рұқсат берді.
Демек, «Жирона» мен «Манчестер Сити» сюжетінде CFG үлесін төмендетті. Ал «РБ Лейпциг» – «РБ Зальцбург» мысалында Red Bull басқару жүйесі мен қаржылай қолдау екі бөлек екенін дәлеледі. Оған қоса аталған клубтар еуромаусым басталғанша қағазын тап-тұйнақтай жасап алды.
5 регламент туралы бестиын
Жанкүйер мен клубтағы ойыншылардың арманын аяқасты еткен бұл қандай регламент дерсіз. Жауапты қауымдастық мұны жайдан жай шығарған жоқ. Себебі спорттағы былық пен қулықтың тамыры тереңге кеткен. Кей чемпионаттарда келісілген ойын көбейген, енді бірі өзара ойыншыларды арзан бағаға дорбалаған. Төрешіні сатып алу туралысы тағы бар. Содан бұлай болмас дегендей UEFA Multi-Club Ownership ережесін бекітеді. Халықаралық жарыстардың әділ өтуін, өзара бәсекені сақтауын қалайды. Сөйтіп, бір адам басқаратын екі клубтың UEFA-ның кез келген туниріне қатар бақ сынауына тұсау салады. Бұл матч нәтижесіне ойыншылар мен «алдын ала келісім жасаудың» жолын кеседі деп түйеді. Жеке тұлға немесе ұйымның клубқа әсерін түгел зерттейді. Алдымен, клуб акционерлерін тексеріп, кімнің үлесі көп әрі шешім шығаруға ықпалын сараптайды. Мәселен, басқару кеңесі мүшелерін тағайындай ала ма, құжаттарға қол қою кімнің атынан жүзеге асатынын да ескереді. Қаржы мәселесі тағы бар. Осылайша, жоғарыда аталғандай табылса, клуб басшысына алдын ала айтып, дедлайн береді. Яғни, осыны шешудің алғышартын таныстырып, жол сілтейді. Алдымен, акция үлесін айтарлықтай төмендетуді немесе «blind trust» құрылымына аударуды сұрайды. Бір клубты толық басқарғысы келсе, екінші клубта тәуелсіз басшы сайлап, тек демеуші рөліне ауысуды тапсырады. Белгілі бір командалар арасында ойыншы алмасуын, техникалық және басқа қызметкердің «ортада» жүруін тоқтауды ескертеді. Бір сөзбен айтқанда, «бір қазаннан ас ішуді» доғаруды жүктейді. Мысалы, «Милан» мен «Тулуза» да, «Манчестер Юнайтед» пен «Ницца» да басқару жүйесі бөлек екенін дәлелдеп шықты. Әйтпегенде, бірі турнирде қалып, екіншісі статусы бір сатыға төмен турнирге ауысар еді.
Астарында қулық бар ма?
«Кристал Пэластың» Еуропа лигасындағы орнын «Ноттингем Форест» басты. Ал «Ноттингемнің» әйгілі басшысын бәрі біледі. Клубтың иесі – Евангелос Маринакис. Ол бұдан басқа Грекияның «Олимпиакосына» иелік етеді. Оның грек чемпионатында келісілген матч өткізіп, төрешіге тікелей «әмір» жүргізіп, өзара трансфер арқылы «сәлем-сауқат» тарататыны сөз болады. Әуелде Маринакис «Кристал Пэластың» Еуропа лигасында ойнай алмайтыны туралы әлемге «айқайлап», артынша UEFA-дан қатаң талап еткен деседі. Ал өзі ай бұрын «Олимпиакостағы» акциясын қысқартып, «Ноттингемді» додаға «дайындайды». Қызығы, ол орын босайтынын алдын ала білді ме, әлде көріпкел ме? Неде болса, Текстор екеуі трансфер жасап, әмпей-жәмпейлігі бар. Өйткені жақында «Лион» «Ноттингемнен» алған қақпашы Мэт Тернер трансферінің күшін жоюды сұрады. Себеп бұл трансфер Текстор «Лионға» иелік етіп тұрғанда жүзеге асқан. Қош, енді «Ноттингем» бес қаруын сайлап, Еуропа лигасында сәтті ойнау үшін трансферін түгендеп жатыр. Ал «Кристал Пэлас» бұдан ұта ма, әлде ұтыла ма?
Футбол әлемі бір мәселенің басын ашалмай әлек. Неге Текстор 1 наурызға дейін жағдайды реттеп үлгермеді. Клуб UEFA шешімін сотқа бергенде, дедлайннан асып кетсе де, мәселені шешілгенін көрсеткен. Яғни, Текстор маусым айында «Лиондағы» үлесін Джонсонға сатты. Бірақ CAS жауапты қауымдастық шешімін қолдап, «Кристал Пэластың» Еуропа лигасына қатыса алмайтынын мәлімдеді. Айтпақшы, неге «Пэлас» емес, «Лион» конференция Лигасына түспеді десеңіз, «қырандар» АПЛ-ды 12 орынмен аяқтаса, «Лион» Франция чемпионатында 6 орын алды. Сөйтіп, кім турнир кестесінде жоғары тұр, соған жол ашық деген сөз.
Қазір Текстор клубының Конференция лигасында аз ақша алатынын, қаржылық қиындық тудыратыны айтылып жатыр. Бірақ жеме-жемге келгенде бұл лига «Кристал Пэлас» үшін үлкен мүмкіндік емес пе? Олар Еуропа лигасында ойнаса, алдынан «Рома», «Штутгарт», «Бетис» сияқты мықты клуб қарсылас атануы мүмкін. Яғни, бәсеке жоғары. «Кристал Пэлас» үшін еурокубокта мұндай бәсекеге төтеп беру қиын. Ал Конференция лигасында «Андерлехт», «Шахтар», «Бешікташ» сияқты ортаңқол клубтар күтіп алады. АПЛ көрген командаға мұндай жаңғақты шағу әсте қиын емес. Дөйолжа алса, имидж көтеріледі, соған сай бизнесі жүреді. Онсыз да Англия кубогы мен суперкубогын ұтқаннан кейін атағы аспандады. Ал мына олжа қалтаға түсер болса, айдарынан жел есері анық. Иә, Еуропа лигасының топтық кезеңінен түсетін табыс үшінші деңгейлі турнирге қарағанда көбірек. Бірақ АПЛ-дың телекөрсетілім құқығынан алатын ақшасы әлдеқайда көп. Мысалы, ЕЛ-де топтық кезең үшін 3,6 млн еуро алса КЛ-де 2,94 млн қалтаға басады. Жеңіс үшін біріншісінен 630 млн еуро алса, екіншісі 500 млн еуро береді.
Ал Англия лигасында бір орыннан екіншісіне көтерілгеніңіз үшін 2,9 млн еуро көлемінде сыйақы аласыз. Сол үшін «қырандарға» ЕЛ-де ілініп-салынып жүргеннен, Конференция лигасында еркін көсілген тиімді. Оның үстіне клуб тарихында бірде бір еуротрофей алған жоқ. Демек, аталған команданың жаңа жорығын жаза емес, мүмкіндік деп санаған жөн.