01.08.2025 16:08
17
Олег Литвиненконың алғашқы және соңғы голдары
01.08.2025 16:08
17
Спорт статистикасын ұнататын адамдар әрбір жаңа детальға, жаңа дерекке бөркін аспанға ата қуанады. Үш жыл бұрын біз де КСРО дәуіріндегі футбол статистикасын қарап отырып, шабуылшы Олег Литвиненконың алғаш соққан добын тауып алғанымызды «сүйіншіледік». Әрине, мұндай голдың бар екенін көнекөз дерекшілер жақсы білді, дегенмен тәуелсіз Қазақстан дәуіріндегі жоғары дәрежелі голдар санатына енгізуге лайық тағы бір дәл соққы тақиямызға тар келмес еді.
Мұның себебі бар.
Жалпы, тәуелсіз Қазақстан дәуірінде ел футболының бас мергені болып Нұрбол Жұмасқалиев саналады. «Нарын», «Тобыл», «Астана», «Ертіс» командалары және Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Жұмасқалиев барлығы 185 доп соқты.
Ал Олег Литвиненко бұл тізімде – екінші орында. Ол, жоғарыда атап өткен допты қосқанда, жоғары деңгейде 183 доп енгізген. Міне, екі сұрмергеннің арасын небары екі доп қана бөліп тұр. Әттең, табиғи талантына тым ерке қарамағанда, тумысынан сұрмерген Литвиненко 200-ден әлдеқайда көп гол авторы атанар еді.
Сонымен, Литвиненко алғашқы голын қай командаға соқты?
1991 жылдың 17 сәуірінде КСРО кубогының 1/64 кубогы аясында Жамбылдың «Химигі» өз алаңында Ферғананың «Нефтяник» командасын қабылдады. Осы матчта қақпаға жалғыз гол соғылды. 17 жастағы жас шабуылшы Олег Литвиненко дәл бағыттаған доп «Химикке» жеңіс сыйлады. Бұл кездерде «Химик» КСРО ІІ лигасының сегізінші аймағында өнер көрсететін. КСРО кубогының алғашқы іріктеу кезеңіне жыл сайын санаулы команда ғана жіберілетін-ді. КСРО дәуірінің соңғы жылында кубок бәсекесіне «Химикпен» бірге Павлодардың «Тракторы» және Қарағандының «Шахтері» қатысты. «Химик» екінші кезеңде Қоқандтың «Автомобилист» командасын жолда қалдырып (1:0), 1/16 финалда белгілі «Днепр» командасымен тоқайласты. Алғашқы кездесуде жамбылдықтар өз алаңында 1:0 есебімен жеңгенмен, неге екені белгісіз, қарымта кездесуге Днепропетровск қаласына бармағанға ұқсайды. Сонымен, Литвиненконың да, «Химиктің» де (қазіргі «Тараз») КСРО футболындағы сапары аяқталды.
Есесіне, келесі жылы Қазақстанның тәуелсіз чемпионаты басталғанда, 18 жастан асқан Литвиненко болашақ сұрмерген екенін дәлелдеуге кірісті. Сол жылы ол атауы «Фосфор» болып өзгерген жамбылдық команданың сапында 29 ойынға қатысып, 11 гол соқты.
Қазақстан чемпионаттарындағы алғашқы добы:
15.05.1992 жыл. 6 тур. «Фосфор» - «Ақтау» - 3:2 (Литвиненко, 70 – 3:1).
Байқағанымыздай, Олегтің ел чемпионатындағы бірінші добы жеңіс әкелген гол болған екен. Алайда оның футболдағы жолы үнемі жеңістерге толы болған жоқ. Жасырмаймыз, «Литва» (лақап аты) ойын-сауыққа құмар болды. Өз талантының тым құрыса үштен бірін жарқырата көрсетуге осы еркелігі себеп болғаны сөзсіз.
Ол Қазақстан ұлттық құрамасына 1996 жылы алғаш шақырылды. Мұның алдында шабуылшы Қазақстан олимпиялық құрамасы сапында Атланта олимпиадасының іріктеу сынына қатысып, Орта Азия аймағында жанкүйерлерді қуанышқа әбден бөлеген еді. Әлі есімізде, Е тобының шешуші кездесуі Қазақстан мен Өзбекстан олимпиялық құрамаларының арасында өтті. 1995 жылдың 7 қазанында Алматының Орталық стадионында қос құрама тамаша бәсеке ұсынды. Қазақстан олимпиялық құрамасы шешуші кезеңге шығуы үшін тең ойнаса жеткілікті еді. Дегенмен кездесу бастала салып, 8 минутта қорғаушы Руслан Гумар оң қапталдан допты алға, шабуылдың сол қанатында жүрген «Литваға» асырды. Допқа өзбек қақпашысы да қатар ұмтылды. Екеуі бір нүктеде тоғысты да... о, ғаламат, доп қолмен ұмтылған қақпашыға емес, аяғын әнтек созған Олегке бұйырды. Ары қарай сұрмерген ашық қақпаға жай ғана домалата салды. Командамызда осындай сұңғыла шабуылшының барына сол кездегі студент біздер қатты мақтанғанымыз есімізде.
Алайда Литвиненко сол биігін ұстап тұра алмады. Алғаш Қазақстан ұлттық құрамасы сапындағы матчын ол 2006 жылы Азия кубогына іріктеу кезеңі аясында Алматыда Қатар құрамасына қарсы өткізді. 69 минут ойнап, Ғани Қайназаровқа орнын босатып берді. Келесі жылы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі басталғанда, «Литва» Қазақстан құрамасының жұлдызы болуға тиіс еді. Алайда шешуші іріктеу кезеңі қарсаңындағы оқу-жаттығу жиынында ол режим бұзып, біраз уақыт құрамадан шеттетілді. Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет (және әзірше соңғы рет) финалдық кезеңге шығуға мүмкіндік алғанда, Литвиненко алғашқы үш кездесуге (Оңтүстік Корея, БАӘ және Өзбекстан құрамаларына қарсы) қатысқанмен, көзге түспеді.
1999 жылы Азия чемпиондар кубогында Түркменстанның «Копет-Даг» командасына қарсы қарымта ойында «Ертіс» құрамында ойнаған (өзі бұл кезде «Елім-ай» сапында еді) Литвиненко бір жылға айыпталды. Міне, осы жағдайдың бәрі оның спорттағы ғұмырын аласапыранға айналдырғаны сөзсіз.
Литвиненко құрама сапындағы алғашқы добын 2000 жылдың 8 сәуірінде Азия кубогына іріктеу кезеңі аясында Палестина қақпасына енгізді. 90 минутта ол есепті 2:0-ге жеткізді.
Жалпы, ұлттық құрамада ол 6 гол авторы атанды. Жанкүйер есінде «Литваның» 2001 жылдың 25 сәуірінде Ирак қақпасына енгізген добы қалғаны анық. Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Алматының Орталық стадионында өткен бұл кездесуде Қазақстан құрамасына жеңіс ауадай қажет еді. 30 минутта орта тұстан Асқат Қадырқұловтан пас алған Литвиненко айып алаңына енбестен, сол қапталдан күтпеген соққы жасады. Ирак қақпашысы Абдул Хусейн жандәрмен секіргенмен, тамаша траекториямен ұшқан доп оған жалын да сипатпай, асып барып торға бүлк ете қалды. Өкініштісі, Қазақстан құрамасы осы басымдықты ұстап тұра алмады: арада он минут өткенде Хайдар Мәжиттің соққысын дарытып алып, шешуші іріктеу кезеңінің жолдамасынан үміт үзді.
Сол жылы Олег Литвиненко «Қайраттан» Кипрдің «Эрмиси» командасына ауысты. Алайда Афродита аралында сұрмергеннің қолы жүрген жоқ: 9 кездесуде бірде-бір дәл соққы жасай алмады. Келесі жылы «Елім-айға» оралып, 2004 жылға дейін «Жеңіс», «Ақтөбе» командаларының намысын да қорғады. Бірақ Кипр сапарынан кейін «Литваның» ішімдікке жиі әуестене бастағанын жұрттың бәрі біліп жүрді. Отбасымен ажырасып, жағдайы нашарлай берді. 2005 жылы Қазақстан құрамасының бас бапкері Сергей Тимофеев Олегті алдымен «Алматы» командасына, кейін Қазақстан құрамасына шақырғанда, жанкүйерлер бас шайқаған-ды.
«Алматының» базасына келгенде, Литвиненконың түр-келбеті баяғы сұрмергенді әзер еске түсіретін еді. Желпілдеп тұратын шаш жоқ, қарны өскен. Шынын айтқанда, мұндай адамнан қаһарлы мерген шығатынына ешкім сенген жоқ деп еске алады куәгерлер. Ал Олег өзін қолға алды. Алдымен ол 14 мамырда «Қайраттың» қақпасына доп соқты, сосын «Жетісу» мен «Болаттың» қақпашыларын қапы қалдырды. 26 маусымда Орталық стадионда ол алтыннан үміткер «Ақтөбенің» қақпасына хет-трик (өміріндегі соңғы хет-тригін) жасады. Сұрмерген тағына қайта отырғандай еді!
Ұлттық құрама сапында Олег жылдың екінші кезеңіндегі барлық ойынға қатысты. Қазақстан – Грекия кездесуінде екі метр жерден тепкен добын қақпашы Никополидис емес, жартылай қорғаушы Яннакопулос алып шыққанда, Олегтің қатты өкінгені де көз алдымызда...
2006 жылдың басында Литвиненко «Астана» командасына ауысты, құрама сапындағы соңғы кездесуін (Иордания – Қазақстан – 2:0, 28 ақпан) өткізді. Бұдан кейін ол футболға тағы да қол сілтеді... Қасында түсініксіз адамдар пайда болғаны, екінші табысқан адамының алдағаны айтылды. Сол жылы футболға оралуға әрекет жасап көріп, І лигадағы «Семейге» барды. Бірақ алғашқы айлығы мен сыйақы қолына тиген сәтте, «Литва» тағы да өзін ұстай алмай қалған сияқты.
Осымен талантты сұрмерген Олег Литвиненконың спорттағы ғұмыры аяқталған секілді еді. 2007 жылдың жазында шаруасы шатқаяқтаған «Тараз» екінші айналымға «Литваны» тағы тіркеді. Бас бапкері Асқар Күшікбаев мергеннің тағы бір еңсе көтеретініне сенген болуы керек. Олег 4 ойынға қатысты. 21 шілдеде өткен «Тараз» - «Оқжетпес» кездесуінің 44 минутында Литвиненко шабуылшы Владимир Яковлевтің орнына алаңға шықты. Бұл кезде тараздықтар 2:0 есебімен алда еді. Екінші тайм түгесілер тұста, 82 минутта Нұркен Мазбаев Алексей Шапуринді алмастырды.
Литвиненконың соңғы добын Нұркен Қалдыбекұлы былай деп еске алады:
Ойынның соңғы минуттарында қақпаға жақын тұста командаласымнан тамаша пас алдым. Жасанды офсайдтан оңай сытылдым. Қарсы алдымда – қақпашы Багинский ғана. Өзім соға салсам, ешкім айып көрмес еді. Айып алаңына енген сәтте, көзімнің қиығымен қарасам, Олег қапталдасып, жанұшыра жүгіріп келеді екен. Оның жүгірісінің өзі сондай көркем болды ғой! Кеудені алға тастап, қолын сермей жүгіргенде, айшылық жерді алты аттап жететіндей көрінетін. Өзім тебетін ыңғай танытып тұрдым да, Олег айып алаңына кіргенде, алдына тастай салдым. Ол мүлт кеткен жоқ!
Міне, қазақ футболының сұрмергені санатындағы Литвиненконың жоғары деңгейдегі 183 голы, яғни соңғы добы осылай соғылды! Бұдан кейін ол «Атырау», «Ордабасы» және «Қайсар» командасына қарсы ойнады, бірақ мергендік таныта алған жоқ. «Таразға» оралғанына бір ай өткенде, «Литва» тағы жоқ болды.
Біздің білетініміз, ол өмірінің соңғы күндерінде әкесімен қайтадан жақын араласа бастады. Тараздың І ықшамауданындағы бір бөлмелі үйін сатып жоқ болған «сүйгенінің» соққысы жаны нәзік Олегке қатты әсер еткен сияқты. Әкесімен соңғы жолыққанда ол «қашан кездесеміз?» деген сұраққа: «Енді арғы әлемде ғана, әке...» – деп жауап беріпті. 2007 жылдың 18 қарашасының таңында Тараз зиратынан Олег Литвиненконың әлі суып үлгермеген мәйіті табылды. Түрлі зерттеулер нәтижесінде талантты футболшының өзіне қол жұмсағаны анықталды...
Оның денесі 21 қарашада жер қойнына берілді. Бір күннен кейін, 22 қарашада ол 34 жасқа толатын еді...
Өзіне-өзі сыймай кеткен Литвиненконың алғашқы және соңғы доптарының тарихы осындай. Қанша еркелік танытса да, қазақ футболының 90 жылдардағы және 2000 жылдардың басындағы табыстары осы футболшының есіміне де тікелей байланысты.
Ал қазір қазақ футболында Жұмасқалиев пен Литвиненконы жуық арада қуып жететін ешбір мергеннің төбесі көрінбейді...
Есей Жеңісұлы