19.08.2025 23:20

19

Әлімжан Тасболатұлы: Ұлт футболының дамуына үлес қоссам деймін

19.08.2025 23:20

19

Футбол жанкүйері Әлімжан Тасболатұлын жақсы біледі. Әлеуметтік желідегі сыни пікірі, талдауы ерек. Жақында ол жаңа қызметке кірісті. Осы тұста 2025 жылы «Үздік спорт журналисін» әңгімеге тарттық

Футболды сүйген актер

– Әлімжан, сізді футзал федерациясының баспасөз хатшысы атануыңызбен құттықтаймыз! Жалпы, спорт журналистикасына қалай келдіңіз?

– Құттықтауыңызға рахмет! Қызығы сол, спорт журналистикасына кездейсоқ келдім. Негізі, Шардара қаласының тумасымын. Мектеп жасынан футбол ойнап, талай жарыстың шаңын қақтық. Республикалық турнирге қатысып, үздік сұрмерген атағын алдым. Есімде, мектепке бармай тұрып, ағам үйреткен футболшылардың есімін жатқа айтып, түрлі елдің жалауын танып, сұңқылдатамын. Франция, Бразилия, Аргентинаны былай қойғанда, картадан Код-д’Ивуар, Парагвайды жазбай табамын. Сөйтіп, «футболшы боламын» деп жүргенімде аяқасты жарақат алып, 8 ай гипспен жүрдім. Екі рет операция жасап, 42 күн емханада жаттым. Осылайша, аяқдоппен байланысты арманымды  ауруханада тастап кеттім. Төсекке таңылып жатқанымда ішіп пысқаннан ән айтамын. Соның арқасында бір-екі жаңа ән жаттап, өзіме ермек таптым. Кейін соны дамытып, түрлі ән байқауына қатыстым. Тіпті, халықаралық байқауда бақ сынағаным бар. Өнер жолын таңдап, Алматыдағы Чайковский атындағы музыка колледжіне, «Вокал өнері (опера әншісі)» мамандығына оқуға түстім. Артынша Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына тапсырдым. Бірақ колледжде де, академияда да футбол жанымда жүрді. Достармен бірге доп тептік, жарысқа қатыстық, талдау жасадық. Үстел басында подкаст жасап, ойымызды ортаға салатынбыз. Әттеген-айы сол әңгімені ешкім таспаламады.



Осылайша, «музыкалық театр актеры» мамандығын тамамдадым. Сол уақытта сериалға түсіп жүргенім тағы бар. Оған қоса докторантураға түсіп, Италияға үш ай тәжірибе жинауға кеткенмін. Бала кезден футболды жақсы көрген соң, Италия сапарын жай өткіземін бе?! А Сериясының ойындарына барып, влог түсіріп, Instagram-ға салып жүрдім. Мұндай форматтағы видео көп қаралым жинап, демеуші табылып, арнайы канал жүргізе бастадым. Содан бері осы салада жүргеніме үш жыл болды. Алғашында викторинадан бастап, кейін басқа формат ұйымдастырдық. Мысалы, Қазақстан – Дания ойыны туралы влог көп қаралым жинады. Metaratings Top Award 2025 байқауында «Үздік спорт журналисі» атандым. Мұнда «Челси» клубымен жасаған коллаб рөл ойнады деп ойлаймын. Өйткені лондондықтар алғаш рет қазақстандық журналиске жеке шақырту жіберіп, базасын аралатып, сұхбат алуға мүмкіндік берді. Одан қалса,  Шавкат Рахмонов пен Иэн Гэрри арасындағы жекпе-жекті Лас Вегасқа барып түсіріп, халыққа ұсындық. Көп қаралым жинады, елдің алғысын алдық. Өткен жылы бір ай бойы Германиядан хабар таратып, Еуропа чемпионаты жайлы қызықты контент жасағанымыз тағы бар.

– Біртіндеп спорт журналистикасының ауқымы кеңейген сияқты. Подкаст дамып, Тикток шыққалы талқылау, талдау, сапа көтерілгендей. Бұрынғыдай футбол телеарналардың айналасында қалып қоймады. 

– Иә, спорт журналистикасының ауқымы кеңейіп жатыр. Қазір тек сайт пен газетке жазатындарды емес, біз сияқты подкаст түсіретіндерді де журналист қатарына қосамыз. Бұл – заман талабы. Жоғарыда  «Үздік спорт журналисі» атанғанымды айттым. Сонда біразы әзіл-шыны аралас «сен журналист емес, блогерсің ғой» деді. Бірақ мен шетелден ақпарат таратамын, әртүрлі клубтарпен бірге жұмыс істеймін, сырт алаңдағы ойынға жиі барамын. Мұндайды журналистика деп санауға болатын сияқты. Осындайда айта кету керек, канал көбейіп жатыр, кейбірінде жақсы контент болса, ендігісінде қарын аштыратын дүние жетерлік. Бастысы, бәсеке болған жерде нәтиже болады. Тек өзіне сай тақырып пен жолды тауып алса құба-құп.

Телеарналарға келетін болсақ, Qazsport-тың орны ерек. Чемпиондар лигасын, түрлі әлем додаларын тікелей эфирден көреміз. Әрі осы арнада комментатор болу – әр журналисттің арманы. Десе де, сұхбат жазу жағынан YouTube әлдеқайда алға шығып кетті.

– Сырт алаңдағы ойынға жиі баратыныңызды айттыңыз. Ұлттар лигасы ұлттық құраманы түрлендіріп жібергені рас. Жанкүйер мәдениеті қалыптасып, жұмылуды үйреніп жүр. Қалай ойлайсыз, бізге не жетіспейді?

Ұлттық құрама жанкүйерлері қосыла шырқайтындай ән жоқ. «Атамекенді» орындаймыз. Бірақ кейбірі сөзін білмей тұрады. Жалпы, футболшыларға арналған төрт жол өлең де жоқ. Бұл оған дем беріп, делебесін қоздырар еді. Мысалы, жақында «Кристал Пэластың» қақпашысы Дин Хендерсонға арналған перфомансты көрдім. Жанкүйер мен футболшы бірге Шакираның «Waka Waka» әнін айтады. Басын футболшы бастап береді, ары қарай фанаттар іліп әкетеді. Қарасаңыз, бұл ойыншы мен қолдаушы арасындағы тамаша байланыс.

Бізде көбі ұлттық құраманы жеңіске жеткенде ғана қолдайтынын білеміз. Басқа кезде матчқа келмей, бармай қояды. Немесе Англия, Норвегия сияқты елдер келіп жатса ғана ажиотаж болады. Мен үнемі айтамын, бізде ұлттық құрама біреу-ақ. Қазақстанда өмірге келген соң, ұлттық құрамаға барынша қолдап, жанкүйер болған жөн. Сол үшін мәдениетімізді көтеріп, алда жұмыс істегіміз келеді. Өзім «Сантьяго-Бернабеу», «Эмирейтс», «Альянц-Арена», «Стэмфорд Бриджге» бардым. Одан қалса, Монакодағы «Луи ІІ» стадионында доп теуіп, Патрис Эврамен бірге жүгіріп, пенальти тептік. Әрқайсында атмосфера бөлек. Футбол жергілікті халықтың мәдениетіне сіңіп кеткені соншалық, таңданасың. Мысалы, ата-бабасы «Сандерлендке» жанкүйер болса, үрім-бұтағымен туды жықпайды. Клуб 20 дивизионда ойнаса да, қолдап, соңына дейін бірге болады. Осындайды көргенде біздегі әкелер де баласын стадионға ертіп апарып, клуб тарихын айтып, жанкүйер болуды үйретсе деймін. Бұл да бір – мәдениет. Футбол – эмоцияны шығарып, еркіндікке бастайтын спорт түрі. Нәтиже үнемі қуанта бермеуі мүмкін. Жанкүйер болудың қызығы да – сол. Клубпен қиын кезде де, бақытты сәтте де біте қайнайсың.

– Ал елдегі футбол инфрақұрылымына келсек, мәселе қайткенде шешіледі? Қазір жанкүйер біткенде бір сұрақ: «Селтиктің» Алматыға келгені жөн бе, «Астана Аренаға» ма ?

Елдегі стадион жағдайының нашар екені айтпаса да белгілі. «Астана Арена» мен «Орталық стадионды» айтамыз. Басқа қаладағы стадиондар көне. Жалпы, Алматыдағы «Орталықтың» өзі ескі. Өткен жылы амал жоқ «Челсиді» осында қабылдадық. Мысалы, атмосфера бар, тарихы бар, тау факторы да әсер етеді. Шетелден келген футболшылар стадионды тау қоршап тұрғанына таңданады, әрине. «Қайрат» қонағын «Орталдық стадионда» қабылдағаны жөн. Өйткені Алматы алғаш рет Чемпиондар лигасы әнұранын естиді. Жанкүйерлер тамаша қолдау білдіреді деп ойлаймын. Бірақ солай екен деп жүре беруге болмайды. Бізге жаңа стадион керек. Тағы айта кетерлігі, бізге 50-60 мың орынды стадион салып, ішінде 5 мың адам отырғаны қажет емес. Сол үшін заман талабына сай 15-20 мың орынды арена бой көтерсе деймін.

Жастардың менталитеті өзгеріп жатыр

– Қарап тұрсаңыз, жастардың потенциалы жоғары. Енді-енді еліміз әлем стандарына ілесіп келе жатқандай. Мысалы, бізде 28-дегі ойыншыдан әлі де үміт күтіп жүреді. Ал әлем футболында бұл жасты «шау тартқан» деп жатамыз. Бұл турасында не дейсіз?

– Жастар өсіп жатыр. Бірінші кезекте олардың менталитеті өзгеріп жатыр. Себебі бала кезінен өзіне профессионал ретінде қарап, Криштиану Роналду сияқты дисциплинаны қатаң ұстанады, соған ұмтылады. Солардың арасынан Әділет Сәдібековті ерекше атап өтсем деймін. Төселіп келе жатқан ойыншы. Ұлттық құрама сапында ойнады, бірақ жарақат алды. Одан бөлек, Дамир Қасаболат, Дамир Марат бар. Ел іші тани бермейтін Бағдәулет Орынбасар, Абылай Төлеухан, Әмірбек Базарбаев, Виталий Латурнус сынды ойыншы бар. Жеке шеберлігі шыңдалып, профессионал болып өсіп келе жатқанына  қуанамын. Себебі олар қазақтың кім екенін, рухын, тарихын біледі. Қазақша сөйлейді, қазақы болмысы бар. Міне, осылар елімізді әлемге танытады деп ойлаймын.

Ал жоғарыдағы 25-26 жастағы футболшыларға қарап, «жасы 26-да ғана ғой, әлі үміт күтеміз» деп әзілдеп жатамыз. Жігіттерге ыңғайы келсе, шетел асу керек. Себебі кеше ғана келген Ғалымжан Кенжебектің деңгейі мүлде бөлек. Шетелде ойнаған, аяқ алысы басқа екенін көрініп тұр. Жалпы, кез келген шетелде доп теуіп жүрген футболшының  «Қазақстанға орала алмай қаламын, ұлттық құрамаға іліге алмай қаламын» деуі бекер. Тәжірибе рөл ойнары анық. Сондықтан асығудың қажеті жоқ. Шетелде доп теуіп, тәжірибе жинап, толысқан жөн. Ойыншыларымыз Еуропа деңгейіндегі клубта ойнағанда ғана ұлттық құраманың деңгейі өседі. Сондықтан елге қайтуды емес, өсуді ойлаңдар дер едім.

– Өткенде ҚФФ ресми парақшасында «келісілген матч туралы ақпарат білсеңіз, хабарласыңыз» деп жазды. Қалай ойлайсыз, бұл жемқорлық дендегенін көрсете ме, әлде чемпионат деңгейі ме?

– Келісілген ойындар жайында айтар болсақ, Премьер-лигада келісіп матч өткізеді дегенге сенгім келмейді. Бірақ төменгі лигада мұндай бары көрініп тұратын сияқты. Жалпы, алдын ала келісіп ойын өткізу футболға қастандық жасаумен бірдей. Ойыншылардың сағын сындырады. Мұндай дүниені құптамаймын. Бастысы, бұл еурокубоктарда білініп қалады. Кей клубтардың бірінші кезеңнен өте алмай жатқаны бар. Жалпы, футбол дамып, еліміздің атын жаңғыртар болсақ, ондай дүниені қысқарту керек.

– Сіз ұлт футболының болашағын қалай елестетесіз?

– Ұлт футболының ертеңіне сенгім келеді, жарқын болашағын көрсем деймін. Өйткені жастар тәртіпке, дисциплинаға, профессионал атануға ұмтылып жатыр. Көрген көз сүйсінеді. Дастан Сәтбаевқа қараңыз, қаншама баланың арманына қанат бітірді. Өзімен жасты балалар оны кумирі санап, бой түзеп жүр. Дастан сияқты ойнап, сол сияқты елдің аузынан түспеуді қалайды. Жалпы, талантты балалар көп. Бастысы, талантын басқа бір дүние арқылы өшіріп тастамаса екен. Басқа дүниемен алдайтын достан аулақ жүрсе екен. Айтпаса сөздің атасы өледі, кешкі қыдырыс, қыздар дегеннен аулақ жүрсе игі. Кейін мұның бәріне үлегерді. Еуропа футболын қарасаңыз, ойыншылар ештеңеден кенде қалған жоқ. 30-35 жасына дейін футболға барын берсе, кейін атағымен-ақ бірталай нәрсеге қол жеткізуге болады. Ал сіз бен біздің ұлт футболының болашағына қалай әсер етеміз? Өз басым елге барынша футбол мәдениетін түсіндіргім келеді. Шетелдегі ойыннан влог түсіретінім де содан. Жеңсе де, жеңілсе де командамен бірге болуды ұлттық кодқа, ДНҚ-ға сіңірсем деймін. Стадион жан алып, жан беретін жер. Жеңіліп тұрып, жеңіске жеткендегі ләззатты ешкім сөзбен жеткізе алмайды. Сол үшін қазақ футболының дамуына, жанкүйер арасында, шетелде танымал болуына үлес қоссам деймін.

– Сөз соңында, Қазақстаннан «Стэмфордқа» дейінгі жол туралы айтып берсеңіз.

– Өзім 2003 жылдан бері «Челси» клубының жанкүйерімін.  Жалпы, клубтың мінезі бар, ешқашан берілмейді. Мінезім де осы команданың менталитетімен тұтасып жатыр. Қызығы сол, 2008 жылы «Челси» «Манчестер Юнайтедпен» бірге Чемпиондар лигасы финалына шықты. Мәскеуде өтетін финалды бірді-екілі арна ғана көрсетеді. Содан нағашымның үйіне барып, матч тамашалауға келістім. Ол кісі түнде келіп, алып кетті. Не керек, матч тең нәтижемен аяқталып, ойын пенальти сериясына ұласты. Сөйтіп, «Челси» есе жіберді. Үйге келіп, таң атқанда тапшанда отырып жылағаным есімде. Таңертең түрімді көрген әкем «не көрінді, туысың қайтыс болды ма?» деп ұрысқан еді. Осылайша, бұл клуб көңіл төрімнен ерекше орын алды. Ал ритуалға келер болсақ, Ағылшын Премьер-лигасының арнайы қосымшасы бар. Негізгі құрамды сол жерден қарасам, «Челси» жақсы нәтиже көрсетеді. Ал Instagram, не басқа әлеуметтік желіден қарасам, тең ойнайды, тіпті жеңіліп қалады. Сол үшін арнайы қосымшадан қарауға тырысамын.

«Стэмфорд Бридж» оқиғасына келер болсақ, маған ерекше әсер етті. Демеушінің арқасында сол жерге барып, командамен кездесіп, сұхбаттастым. Шынтуайтынында, өмірімде мұндай мүмкіндік туады деп ойламадым. Мені арнайы шақырып, VIP зонадан орын беретіні үш ұйықтасам түсіме кірмепті. «Челсидің» ойынын «Стэмфордтан» тамашалау – бала Әлімжанның арманы. Тіпті, алаң жиегіне барып, шөбін ұстап көрдім.

Ескі болса да, мен үшін орны бөлек стадион. Бұрын «клуб жаңа стадион салады» дегенді оқығанда, «шіркін, ақсүйектердің ескі алаңын көзбен көріп қалсам» деп ем. Ойыншылармен кездесіп, сөйлестім. Сүйікті клубым «Ньюкаслды» 3:2 есебімен жеңді. Керемет атмосфераның куәсі болдым. Мүмкін осы сұхбатты оқып жатқан жан, футболшы атануды ойға алғандар болса,  армандаңыздар, арман орындалады. Мен де армандадым, мақсатымнан бас тартпадым. Мұнымен тоқтамаймын. Ұлтқа қызмет еткім келеді. Ел футболын алға сүйреп, сол үшін еңбек етсем деймін.

Сұхбаттасқан Айзат Айдарқызы

Айзат Айдарқызы

Айзат Айдарқызы

InstagramInstagram