16.08.2025 16:16
48
«Қайрат» қайралатын шақ. «Селтик» Қазақстанға қайта келеді
16.08.2025 16:16
48
«Қайраттың» арқасында Алатау бөктерінде Чемпиондар лигасы әнұраны әуелейтін болды. Иә, олар ЧЛ-дің үшінші іріктеу ойынында «Слованды» жеңіп, плей-оффқа өтті. Былайша айтқанда, «Қайрат» еуроаренадағы алғашқы биігін еңсерді. Енді клубты Шотландияның тіс қаққан командасы «Селтик» күтіп тұр. Ал «Селтиктің» Қазақстанға келіп, үш рет аузы күйгенін білеміз
Шотландия асуы күтіп тұр
Дұрыс айтасыз, «Селтик» осымен төртінші рет қонаққа келеді. «Астана Аренада» ойнап үйреніп қалған оларға «Орталық стадион» таңсық, білем. Оның үстіне британиялық жігіттер «Қайраттың» қарсылас атанғанын қаламаған екен. Себеп – ұзақ жол (шамамен 5700 шақырым). Олар шаршап-шалдығып Қазақстанға жеткенше, үйреншікті «Слованды» бір сыбап алғанды жөн көрген. Бірақ адамның емес, Алланың дегені болады емес пе?! Сөйтіп, Роджерс шәкірттерімен бірге Глазгодан Алматыға билет іздеуді бастапты. UEFA белгілегендей, бірінші ойын 20 тамыздан 21 тамызға қараған түні Шотландия жерінде өтеді. Ал алматылықтар 26 тамыз күні «Селтикті» күтіп алады. Сол шақ туғанша «Қайраттың» қарсыласы «Астана» мен «Шахтерге» қарсы не істегені туралы айтайық.
Сонымен, «Селтик» алғаш рет осыдан 12 жыл бұрын қазақ жеріне ат басын бұрды. Дәл айтқанда, 2013 жылы ЧЛ-дің плейофф кезеңінде «Шахтерге» қарсы кездесу өткізді. Қарағандыға емес, Астанаға келді. Әлемдік клубты жақыннан көру жанкүйерге ләззат сыйлады. Стадионда орын болмай, халық баспалдаққа жайғасты. Кеншілерге аренадағы қолдау жігер берді ме, қорғаныстағы Вирджил ван Дейк пен Самарас айла таппай қалғаны бар. Есеп 2:0 біздің пайдаға шешілді. Сол тұста да шотландиялықтар жол мәселесін сөз еткен-ді. Бар қазақ эйфорияны бастан кешіп, келесі кезең жайлы армандаған. Бірақ Глазгодағы ойында «аспаннан жерге түсті». Әккі клуб қарымтасыз үш гол соғып, келесі кезеңге өткен. Кейін олар «Барселона», «Милан», «Аякспен» бір топта ойнады. Сонда «Шахтер» жанкүйерлері «әттең, Мессиді Астанаға әкелер ек» деп сан соғып қалған. Кейін бұл жолды «Астана» жалғап, елордаға «Атлетико Мадридті» шақырып, тең ойынмен талайды таңдандырғаны бар.
Одан кейін 2016/17 маусымдағы ЧЛ-дің үшінші іріктеу ойынында «Астана» мен «Селтиктің» жолы түйісті. Әдеттегідей, алғашқы матч Арқа төсінде өтіп, елорда клубы өліспей-беріспеді. «Селтик Паркте» өткен ойында да «Астана» басын тік көтеріп жүрді. Тіпті жанкүйерлер сол кездесудегі 2:0 есебі үшін әлі күнге дауласады. Өйткені алаң иелері өзі ақсап жүрген (он ойыншымен қалған) «Астанаға» пенальтиден екі гол соғады. Матчтағы төрешінің «бармақ басты, көз қысты» әркетін сынап жазғандар да болды. Десе де, осы ойын қазақ футболы үшін «алтынбайтын қамал жоғын» көрсетті. Егер бірлік болса, тактиканы дұрыс құрса, жігіттер Еуропа асуын бағындырарына сенім пайда болды.
Бір маусымды артқа тастап, «Селтик» пен «Астана» Еуропаның басты турнирінде қайта кезікті. «Үйренген жау атыспаққа жақсы» екініндей, жаңалыққа жылы жымидық. Әуелі Глазгоға барып, 5 гол жіберіп, ойсырай ұтылдық. Бірақ елордамыздың клубы қарымта матчта барын салатынын, есе қайтаратынын мәмілімдеп, таңғалдырды. Айтса-айтқанда, Астанада 70 минутқа дейін 4:0 есебін ұстап тұрдық. Сондағы бойды рух кернеп, «Астана Аренаға» жан біткен сәт естен кетпесі анық. Дегенмен Станимир Стоиловтың жігіттері «өзі қазған орға, өзі түсіп қалды». Есепті еселеймін деп жүріп, қарсыластың жылдам шабуылға шығарын ұмытты. Сөйтіп, «Селтик» Сарыарқадағы клубты сары далада қалдырып кете барды.
Әйткенмен, тәжірибенің аты тәжірибе. Қонақтарда екі ел арасына қатынау жайлы түсінік бар. Барыс-келіс арасындағы адами ресурсты үнемдеу, «Қайратқа» қарсы Глазгодағы алғашқы ойынды кәдесіне жарату жағын ойластырып жатқан да болар. Өйткені «Селтик» Қазақстаннан жеңіс туын желбіретіп қайтпаған. Екі жеңіліс, бір тең ойын. Яғни, оң жамбасына келетін жер емес екенін біледі. Сондықтан шаруаны бірінші матчтың еншісіне қалдырары анық. Уразбахтин да «Слованға» көрсеткен қайратын тағы бір қамшыласа дейміз. Әрине, Шотландияның серкесі «Слован» емес. Десе де, бұл – «Қайраттың» тағы бір мәрте қайралатын шағы.
«Селтик» деген дәуің кім?
Жоғарыда «Селтиктің» словакиялық клуб емесін жаздық. Емес дейміз-ау, арасы жер мен көк дерсіз. Өйткені Шотландияның нөмірі бірінші командасы ЧЛ пайда болғалы турнирмен бірге түлеп келеді. Тіпті, 1967 жылы «Еуропа чемпиондары кубогында» топ жарған. UEFA-ның статистикасына сүйенсек, 2000 жылдан бастап айқұлақты турнирдің бір маусымын «құрғатпаған». Жолым болмады-ау дегенде іріктеу ойындарынан үйіне қайтқан. Мысалы, екі маусым қатарынан (2006/07,2007/08) 1/8 финалда доп тепкен. Еуропа грандтарымен бірге топқа түсіп, шешуші кезеңге шығу үшін шайқасқан. Бертінде топтық кезеңде ойнап, екінші онжылдықта да «ЧЛ-сіз күнім болмайды» деп әндеткен екен. Ал 2020 жылдан бері қарай барласақ, екі маусым бойы іріктеуден өте алмаса, 2022/23 маусымда топтық кезеңге қатысып, екі тең ойын өткізіп, төртеуінде жеңілген. 2023/24 маусымға келсек, мұнда да топтық кезеңге өтіп, бір рет жеңіп, төрт рет есе жіберсе, бір кездесуді тең аяқтаған. Былтыр да негізгі кезеңде «Астон Вилла», «Слован», «Боррусия Д», «Аталанта», «РБ Лейпциг», «Брюгге», «Динамо Загреб», «Янг Бойз» клубымен текетіресті. Тіресіп қана қоймай, 1/8 финалға өту үшін «Баварияға» көрсеткен қауқарын айтсаңшы. «Селтикті» сызып тастағандар бас шайқады. «Альянц Аренада» ойсырай ұтылады деген болжамның күл паршасын шығарып, тең есепті жұлып алды. Өз алаңында өткен ойында соңына дейін күресіп, лайықты қарсылас атанды. Дегенмен Мюнхеннің клубы келесі кезеңнің билетін арқалап қайтты.
Ал клубтың Шотландиядағы жағдайына келсек, 55 рет ел чемпионы атанған. Шотландия кубогын 42 рет жеңіп, Шотландия лигасы кубогын 22 рет ұтқан. Оған 29 Глазго кубогын қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, Британия жеріндегі лигада «көзін жұмып қойып» ойнайды. Бітіспес қарсыласы «Рейнджерс» десек, екеуара кездесуі ежелгі дерби санатына кіреді.
«Селтик» ел чемпионатында екі ойын өткізіп үлгерді. Әрине, жеңіс «Қайраттың» қарсыласы жағында тұр. Шілдеден бастап бірнеше жолдастық кездесу өткізгені тағы бар. Соның ішінде «Эштрела» мен «Аякстан» жеңілген.
Біздің деңгейде «аузын айға білеген клуб» болғанымен, еуроаренада ортаңқол ұжым екені рас. Сондықтан жанкүйері де командадан прогресс күтеді. Мысалы, олар биыл «Арсеналдан» Киран Тирнидің қайта оралғанына қуанғанымен, әлі де тоғыздықтың орны ойсырап тұрғанын біледі. Сол үшін трансферге разы емес. Оның үстіне оң қапталдың үміті Николас Кюн «Комоға» ауысты. Жалпы, transfermarket бағалауы бойынша, команданың орташа жасы – 26,2. Ішінде қазақ футболшыларының соққысын жақсы білетін Каспер Шмейхель бар. Ал «Селтиктегі» шоқтығы биік ойыншы кім десеңіз, ол – Дайзен Маэда. Жапон сарбазы Шотландия чемпионатын «уысында» ұстап тұр. 34 ойында 16 гол соққан. Сол қапталдағы шабуылшының «жұмбағын» шешу Еркін Тапаловқа тапсырма болып тұр. Оған Киран Тирнидің шеберлігін қосыңыз. Адам Иданы да ысырып қоюға болмайды. Шабуылшы өткен маусымда 20 гол соққан. Каллум Макгрегор есімді капитаны тағы есімізде. Жартылай қорғаушы тәжірибесінің арқасында «Селтикті» үнемі жігерлендіріп, жаңа биікке бастап жүр.
Айтпақшы, клубтың 137 жыл тарихы бар. Клуб стадионы «Астана Аренаны» екі орайды (60 мың орын). Демек, Глазгодағы қысымды ойша елестете беріңіз. «Астана» жанкүйерлері алматылықтарға «12 ойыншыға дайын болыңдар» деп отыр. Демек, «Слован» клубының ультрастарындай төрт-бес топ күтіп алады деген сөз.