16.08.2025 15:46

14

АПЛ-2025/26: маусымның басты интригалары

16.08.2025 15:46

14

82 күн үзілістен Ағылшын Премьер-лигасы қайта оралды. Маусымның шымылдығын «Ливерпуль» мен «Борнмут» (4:2) арасындағы тартысты ойын түрді. АПЛ матчтарын сағынып қалған жанкүйерлер бұл матчтан ерекше эмоция алды. Енді 38 тур бойы Англия футболын тамашалаймыз. Бізді кезекті тартысты маусым күтіп тұр

Бірақ жаңа маусым қарсаңында көпшіліктің көкейінде бірнеше маңызды сұрақ тууы мүмкін. Бұл қандай сұрақтар екенін талдап көрейік.

«Ливерпуль» чемпиондық атағын қорғай ала ма?

Өткен маусым Арне Слот үшін мінсіз өтті. Келе сала, ойын стилін түрлендірді. Тактика тұрғысында жаңашылдық әкелді. Юрген Клопптың кезіндегідей бас көтертпей қыспаққа алатын «Ливерпульді» көрмедік. Есесіне допты орталық алаңнан тартып алып, бос кеңістікті мейлінше пайдалану үрдісі қанат жайды. Нәтижесінде Слоттың ұжымы маусымды жоғары деңгейде аяқтап, чемпион атанды. Басты бәсекелесі «Арсеналды» шаң қаптырып, 20-шы титулын тойлады.

Ендігі амбиция – чемпиондықты сақтап қалу. Осы мақсатта «Ливерпуль» жазда құрамын біршама күшейтіп алды. Қатарына Флориан Виртц, Юго Экитике, Милош Керкез, Джереми Фримпонг сынды ойыншыларды қосты. Аталған ойыншылар командаға тез сіңісіп кетті. Алғашқы матчтарынан-ақ өз әлеуетін көрсетті. Экитике АПЛ-дағы дебютінде гол соқты, нәтижелі пас шығарды. Фримпонг Англия суперкубогында гол соғып үлгерді. Вирц те бір мәрте шешуші пасымен көзге түсті. Егер трансферлер өз нәтижесін берсе, мерсисайдтықтардың қайта чемпион болу мүмкіндігі жоғары...

«Челси» бірнеше турнирде қатар шаба ала ма?

Клубтар арасындағы әлем чемпионатындағы жеңіс – лондондық ұжымның қайта өрлеу жолындағы маңызды белесі. Энцо Маресканың қол астында «Челси» тәртіпке үйреніп, нақты ойын философиясын қалыптастыра бастады.

Дегенмен, Премьер-лигадағы басты талап – тұрақтылық. Шын мықты 38 турдан тұратын аламанда сүрінбеуі керек. Өткен маусымда «Челси» топ-клубтарға қарсы жақсы ойнап, ортаңқол командаларға ұпай беріп қойды.

Клуб трансфер нарығында белсенді болды. Команда қатарын Лиам Делап, Жоао Педро, Джейми Гиттенс сынды футболшылармен толықтырды. Алайда алда Чемпиондар лигасы, ішкі біріншілік және кубоктық ойындар бар. Мұның барлығын қатар алып жүру кіл жастардан құралған командаға ауыр тиуі мүмкін.

Аморим «Манчестер Юнайтедтің» еңсесін тіктей ала ма?

«Манчестер Юнайтед» былтыр тарихындағы ең сүреңсіз маусымын өткізді. Бұған дейін клуб ешқашан Премьер-лигада 15-орыннан төмен түспеген.

Рубен Аморимді алда үлкен сынақ күтіп тұр. Жанкүйерлер португалиялық маманға сенім көп сенім артып жатыр. Басшылық та Беньямин Шешко, Матеус Кунья, Бриан Мбеумо сынды ойыншыларды командаға алдырды. Енді клуб пен жанкүйерге тек нәтиже керек. Аморим жаңа маусымда жаңа идеяларын жүзеге асырып көрмек.

Чемпионшиптен келген ұжымдар лигада тұрақтай ала ма?

Чемпионшиптен көтерілген командалар үшін жоғары лигада қалу барған сайын қиындап барады. Соңғы екі маусымда Чемпионшип арқылы лигаға көтерілгендер, мерзімінен бұрын үмітсіз қайта «ұшып» кетіп жатыр. Бұл АПЛ деңгейінің едәуір өскенінің белгісі.

Осы жолы Англияның басты чемпионатындағы орнын сақтап қалуы үшін «Лидс», «Бернли» және «Сандерленд» таласып көреді. «Бернли» сапына Кайл Уокерді қосса, «Сандерленд» қатары Гранит Джакамен толықты. Джака мен Уокер – АПЛ-дың үздік клубтарында шыңдалған ойыншылар, сондықтан жаңа командаларына көшбасшы бола алады. Ал «Лидс» Чемпионшиптің жеңімпазы ретінде өз бағын сынап көрмек.

Чемпиондыққа басты үміткерлер кім?

Чемпиондыққа басты үміткерлер қатарына дәл қазір «Ливерпуль», «Арсенал» және «Манчестер Ситиді» қосуға болады. Биыл үш клуб та трансферлік кезеңде белсенді жұмыс атқарды. Слот шәкірттері туралы жоғарыда айтып өттік. «Зеңбірекшілер» қатарына көптен күткен Дьокереш қосылды. Ал Манчестердің ұжымы Тиджани Рейндерс пен Райан Шеркиді сатып алды. Айтпағым, бұл маусымда титулға талас соңғы турға дейін жалғасады деген үміттеміз.

Жақып Марғұлан

Жақып Марғұлан

InstagramInstagram