13.09.2025 19:08

Қазақстан Премьер-лигасына 16 клуб қатысады

13.09.2025 19:08

ҚФФ Атқару комитетінің кезекті отырысы жұрт күткен жаңалықпен аяқталды: 2026 жылы ҚПЛ-да 16 команда ойнайды

«ҚПЛ-да 14 орында қалған клубтың командасы лигадан төмендейді және 2026 жылы І лигада ойнайды. 2025 жылы І лига маусымында 1, 2, 3 орын алған клубтардың командалары 2026 жылғы маусымда ҚПЛ-да ойнау құқығын иеленеді, ҚПЛ-дың қатысушы клубтарының құрылымына және жастар командаларына кіретін командалар бас лигада ойнай алмайды» делінген ресми түсіндірмеде.

Қарапайым тілмен түсіндірейік. Шартты түрде қазір ҚПЛ-да соңғы орында тұрған «Атырау» келесі жылы төмендейді де, І лигада көш басында тұрған «Каспий», «Ертіс» және «Алтай» 2026 жылы ҚПЛ-ға шығады.

Бұл қандай қажеттік?

Біріншіден, ұлттық құрама мүддесі. Бельгиядағы масқара жеңілістен (0:6) кейін елге оралып, QazSport арнасының эфиріне шыққан Әли Әлиев былай деді:

«Біздің командалар еурокубокта табысқа жеткісі келсе, екі күн өтіп, үшінші күні ойнауға дайын болуға тиіс. Бүкіл Еуропа сондай кестемен жүреді. Уэльспен кездесуде футболшылардың бар мүмкіндігін сарқа пайдаланғанын көрдіңіздер, бірақ Бельгиямен ойында олардың күші бітіп қалды. Содан кейін ҚПЛ ойындарын кейінге ысыру деген де болмауға тиіс. Біздің командалар матчтар арасында бір апта, кейде тіпті одан да көп демалады. Ары қарай нағыз майдан болғанда, шамалары жетпей жатады».

Экс-бапкердің не үшін шырылдап тұрғанын жақсы түсінеміз. Елдің бас лигасында команда аз ба – ойын да аз болады. Мысалы, өткен жылы ҚПЛ-да 13 команда ғана ойнады. Командалар 9 айда бар-жоғы 24 ойын ойнады. Қазақстан кубогында финалға жеткен ұжымдардың өзі 5-6 кездесу ғана өткізді, ал бір жылдық қана жаңалық болған Лига кубогына ҚПЛ ұжымдарының басым бөлігі аса махаббатпен қарай қойған жоқ. Ізбасарларын, қосалқы құрамда көбірек отырған футболшыларын қосып, турнирді ертерек аяқтауға тырысқандары да болды.

16 команда болса, әр ұжым бір маусымда тұрақты түрде 30 кездесу өткізеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Командаға тіркелген 23-25 футболшының барлығына да бас лигада ойнауға әйтеуір бір мүмкіндік туындайды. Ең бастысы, құрама футболшылары үнемі бабында жүреді. Биыл шетелде жүрген түлектеріміздің басым бөлігі елге оралды. Демек, құрама жергілікті лигадан жасақталатын болғандықтан, ойыншылар айына асып кетсе 4 кездесу емес, 6-7, кубокты қосқанда одан да көп ойынға қатыса алады.

Екіншіден, ел ауқымын қамту. 16 команда Қазақстанның ұлан-ғайыр аумағын мейлінше қамтуға мүмкіндік береді. Мысалы, қазір премьер-лигада Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Павлодар облыстарының командалары жоқ. Яғни елдің бас лигасында Қазақстан картасының шамамен 45 пайызы жоқ деген сөз. Әрине, премьер-лига кеңейді екен деп ешкім аталған облыстардың ұжымдарын құлағынан сүйреп шықпайтыны анық. Дегенмен бір жылда, қазіргі жағдайға сүйене отырып айтсақ, шартты түрде Маңғыстау («Каспий»), Шығыс Қазақстан («Алтай») және Павлодар («Ертіс») облысының өкілдері оралса, ол еш жаман болмайды. Биылдан бастап командалар жекешендіріліп жатыр. Енді әр ұжымның басшысы жеке қаражатын төрешілер, агенттер, т.б. адамдар құлқынын тойдыруға емес, нақты қажеттіктерге – инфрақұрылымды дамытуға, академиялар салуға, әйелдер, футзал командаларын дамытуға жұмсайтыны анық. «Судың да сұрауы бар», ҚФФ атқару комитеті отырысында айтылғандай, премьер-лигаға жолдама алып тұрса да, лицензиялау талаптарына жауап бере алмайтын клубтардың жолы кесіледі.

Демек, қазақ футболында 34 жылға жуық уақытқа созылған «мемлекетті сауу» дәуірі аяқталды деуге болады.

Үшіншіден, бас лигада ойнайтын футболшылар саны көбейеді. Ұлттық құрама бапкерлерінің таңдау мүмкіндігі артады. Бір ғана мысал, биыл ҚПЛ клубтары шетелдік ойыншыларға мемлекет ақшасын жұмсай алмайтындықтан, төменгі лигалардан футболшыларды көптеп тартты. Әрине, сан бірден сапа бермейді, дегенмен бір жыл ішінде біз Дәурен Жұмат, Алияр Мұхамед, Әрсен Әшірбек, Дастан Сәтбаев, Мұратжан Халматов, Зікрилла Сұлтаниязов, Қажымұқан Төлепберген, т.б. күні кеше І лигада, QJ Liga-да доп тепкен жігіттердің құрамаға кандидат болғанын, тіпті негізгі құрамға ілінгенін көрдік. Қажеттік, тіпті мәжбүрлік туындатпай, біздің клубтар жергілікті футболшыларды осынша өсірер ме еді? 16 команда болған жағдайда ҚПЛ-да кемі 400 футболшы ойнайды, оның жоқ дегенде 70-і ұлттық құрама кандидат болса ұтыламыз ба?

Мұндай жағдайда ұлттық құраманың ғана емес, еурокубокқа қатысатын ұжымдар футболшыларының да ойын тәжірибесінде кемдік болмайды. Қазақстандық аяқдопшылар алғашқы бір-екі жылда өз қазанында ғана қайнайтын болар, әрі қарай «Армысың, Еуропа!» дейтін жүрекжарды сәттеріміз де аз болмайды деп санаймыз. Өйткені жеке басқаруда болған командалар көзге көрінген футболшыларын тәуір ақшаға сатуға, сөйтіп, пайда табуға тырысады. Бір ғана «Қайрат» биыл Сәтбаевты «Челсиге» сатты (бұрын-соңды ҚПЛ клубтары алмаған сомаға), ал жақында ғана грузиялық қорғаушы Лука Гадраниді 100 мың еуроға Израиль асырды.

Лиганың соқпақ жолдары

Қазақстанның бас лигасы алғаш 1992 жылы құрылды. Сол жылы жоғары лигада 25 (!) команда өнер көрсетті. Олар алғашқы кезеңде географиялық ерекшеліктеріне орай А (12 команда) және В (13 команда) топтарына бөлініп, әр топ 7 үздікті анықтады. Іріктелген 14 ұжым ел чемпионы атағын сарапқа салды, қалған 10 команда 15-24 орындарды ойнатты. Алғашқы екі турдан кейін Жезқазғанның «Металлург» командасы жарыстан бас тартты, сөйтіп, мәреге 24 команда жетті.

Қазіргі өлшеммен қарасақ, бұл керемет көрсеткіш. Лигада облыс орталықтары мен ірі қалалардың клубтарынан бөлек, «Горняк» (Хромтау), «Болат» (Теміртау), «Арман» (Кентау), «Монтажник» (Түркістан) сияқты шағын қалалар мен кенттердің де командалары өнер көрсетті. Қазір 14 команданың ойын кестесін дұрыс түзе алмай, бір ойынды ерте, бір ойынды кеш өткізіп берекеміз кетеді, осы 24 ұжымның кездесулерін 9 айға сыйдырып жіберген ұйымдастырушыларға тәнті болмасқа амал қайсы?

1993 жылы жоғары лигаға 26 ұжым тіркелді. «Көкшетау» жарыс басталмастан орнын босатты да, 25 ұжым тағы екі топқа бөлінді. Бұл жолы екі топтан алты-алтыдан 12 үздік іріктелді де, чемпиондыққа таласты.

«Қарашығанақ» (Ақсай), «Намыс», «Динамо» (Алматы) командалары дебют жасады, ал «Горняк» Қазақстанның вице-чемпионы атанды!

1994 және 1995 жылдары ел чемпионатында алғаш рет 16 команда ойнады. Чемпионат өте жинақы өтті. 

1996 жылы – 19, 1997-1998 жылдары – 14 ұжым жарыс жолына шықты. 1999-2000 жылдары – 16, 2001 жылы – 17, 2002 жылы – 12, 2003 жылы – 17, 2004 жылы – 19, 2005-2008 жылдары – 16, 2009 жылы – 14, 2010-2011 жылдары – 12, 2012 жылы – 14, 2013-2020 жылдары – 12, 2021-2023 жылдары – 14, 2024 жылы 13 команда ойнады. Биыл қайтадан 14 команданы жарыс жолына аттандырдық.

Осы 34 жылда Қазақстан чемпионатының өту реті сан рет өзгерді. Мысалы, жоғарыда айтып өткеніміздей, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары командалар да көп болып, 12-13 командадан екі топқа бөліп, алғашқы кезең өткерсек, 1994 жылдан бері екі айналымдық жүйеге көштік. 2002 жылы алғаш рет бас лигамызда 12 команда ғана қалып, олар алғашқы екі айналымда өз алаңында және сырт алаңда барлық қарсыласпен кездесті де, үздік алтауы финалдық кезеңде чемпиондық атақты сарапқа салды. Бұл жүйеге 2013-2020 жылдар аралығында тағы жүгіндік. Яғни Еуропадағы Шотландия, Аустрия лигаларының үлгісімен біздің аз команда бір жылда 32-33 ойыннан өткізіп жүрді. 2021 жылдан бастап 14 команда тұрақтады, 2024 жылы дәл чемпионат басталарда «Ақсу» ұйыққа батып, небәрі 13 команда 24 ойында чемпионды анықтауға тура келді.

Енді не болады?

Енді бәрі жақсы болуға тиіс. Ең алдымен, жекеменшік командалар көбейеді. Мұндай қадамға мемлекеттің өзі мәжбүрлеп жатыр деуге де, алғышарттар жасап беріп отыр деуге де болады. Яғни келесі жылы 16 қатысушының кемі алтауы жекеменшік болуға тиіс.

«Қайрат» бұл мәселеде еш қиналмайды. Оңтүстікастаналықтар мұндай қадамға сонау 2012 жылы тәуекел еткен. Содан бері инфрақұрылымы әлемдік деңгейдегі, ұлттық құраманы, еліміздің негізгі екі лигасын академия түлектерімен еркін қамтамасыз ете алатын клубқа айналды.

«Қызылжар», «Қайсар», «Астана», «Ақтөбе» командаларының инвесторлары қазірден белгілі. «Тобыл» екі жылдан бері жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік команда болып келеді. Басқа командалар да жергілікті бюджетке алақан жаймай, өз қотырын өзі қасып, даму жолына түсуге тиіс.

Тіпті мемлекет жылдағы 1 миллиард 200 миллион теңге қаражатты командаларға беріп отырған күнің өзінде, енді сол ақша жарты әлде бір жылдық легионерлерге жұмсалмай, инфрақұрылымға көбірек бағытталады. Біз соған үміттенеміз.

Көрші Ресейде, Қытайда, Өзбекстанда, тіпті соғыс жағдайындағы Украинада да бас лигада 16 команда ойнайды. Әрине, Батыс Еуропадағыдай 20 команданы негізгі аламанға қосып, әрбір ұжым жылына жан алып, жан беріскен 38 ойын өткізер күнге де жетерміз. Бірақ бұған дейінгі 16 команда ойнаған маусымдардағы үлгінің жақсы екенін ескерсек, кестенің мейлінше тығыз болатынын, Әлиев қалағандай және бәріміз қалайтындай, біздің командалар екінші күннен ауысып, үшінші күні матч өткізетіндей қалыпқа түссек, құрама да, еурокубок қатысушысы да жаман болмайды. Алпыс минуттан кейін өкпемізді соғып, тіліміз салақтап қалмаймыз.

Алматыға келетін қарсыласты – «олар орташа тау деңгейінде ойнайды, екінші таймда шаршап қалады», Астанаға келетін қарсыласты «оларға жасанды алаң жақпайды, ол біздің қосымша көзіріміз ғой» деп сылтауратпай, ерше тұрып беретін лига керек бізге!

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

InstagramInstagram