08.09.2025 15:45
Бельгия - Қазақстан: матчтан кейінгі бес ой
08.09.2025 15:45
Қазақстан құрамасы кеше Бельгиядан 0:6 есебімен жеңіліп, артынша бас бапкер Әли Әлиев қызметінен кетті. Ойын біткеннен кейін құрамаға қатысты бірнеше ой келді.
1. Адиевке дейінгі «дәуірге» оралдық
Соңғы үш жылда Қазақстан құрамасының деңгейі біршама көтерілгендей еді. Магомед Адиев кезіндегі Ұлттар лигасы мен Еуро-2024 іріктеуі елімізде футбол дамып жатыр, «Әне, кез келген құрамамен ойнап бере аламыз» деген ой қалдырды. Расымен, мүлдем басқа құраманы көрген едік. Комбинация, пас алмасу, шабуылды түйіндеу, ішкі атмосфера – бәрі әдемі. Словакияны сындырып, Словениямен «жаға ұстасып» жүрген едік.
Оған дейінгі құрама қандай еді? Былай алып қарасаң, өзімізбен деңгейлес деп ойлаған командалардан жеңіле салатынбыз. Беларусь құрамасынан талай «таяқ жеп едік». Жекелеген матчтарда ортаңғол құрамамен тең түскенімізге қуанып жүрген шақтар еді. Шотландияны тас-талқан ету, Украина мен Польшамен тең түсу секілді «сыйлықтар» аз болатын. Әйтпесе, 2014, 2018 және 2022 жылы өткен соңғы үш мундиальдің іріктеулерінде бір рет қана жеңген құрамамыз ғой.
Міне, сол сәттерге қайта келгендейміз. Бельгия былай тұрсын, Уэльс пен Солтүстік Македонияға өз алаңымызда да әліміз келмейді. Лихтенштейнге рақмет, әйтпесе биыл да іріктеуді жеңіссіз аяқтауымыз мүмкін еді. ӘЧ-2014 іріктеуінде Фарер аралдарын жеңгенбіз. Биыл араға он жылдан аса уақыт салып, Лихтеншейннен басым түстік.
2. Топ-құрамаларға дайын емеспіз
Қазақстанның топ-құрамалармен кездеспегеніне көп болыпты. Дания, Австрия құрамалары мықты, бірақ олар Еуропада топ-деңгейде емес. Бұрындары Германиямен төрт рет жолығып, бәрінде де ірі есеппен жеңілген едік. Англия бізді екі рет тас-талқан еткен.
Соңғы рет құрамы жұлдыздарға толы қарсыласымыз Франция екен. 2021 жылдың күзінде жолықтық. Сол ойынды ұмытып қалғандар болса, еске түсіргеніме кешірім сұраймын. «Парк де Пренсте» 0:8 есебімен жеңілдік.
Кейде әлдеқайда әлсіз көрінген құрама сенсация жасап кететінін талай көрдік. Финляндия 2020 жылы француздарды 2:0 қылып жеңген. Германия да өткенде Словакияға тура сондай есеппен жол берді. Англия былтыр өз алаңында Грекиядан жеңіліп қалған.
Қазақстан құрамасы топ-құрамаларды жеңбесін, ұпай да алмасын. Тек тым болмаса «жақсы қарсылық көрсеттік» дейтіндей деңгейде ойнай алмайды. Бельгия «орнымызға қойып тастағандай».
3. Артқы жартылай қорғаушылар, қайдасыңдар?
Бельгияға қарсы кездесуде Рамазан Оразов амалсыз төмен түсіп ойнады. Себебі құрамада дәл қазір дайын тұрған артқы жартылай қорғаушы жоқ. «Қайрат» пен «Астанада» жартылай қорғаныста көбіне легионерлер ойнайды. Көш басындағы «Тобыл» да легионерлерге көп сенім артады, қазақстандықтардан тұрақты ойнайтын – Асхат Тағыберген. Ол да құрамамен қоштасып қойды. «Ақтөбе» белрусьтік Никита Корзун мен Георгий Жуковты ойнатады. Жуков құрамаға шақырту алған жоқ. Енді-енді Дінмұхамед Қараман мен Мураджон Халматов ойнап жатыр. Екеуі де Бельгияға қарсы матчта дебютін өткізді. Сондықтан құрамада орталық жартылай қорғаушылар көптеп керегі байқалып жүр.
4. Шетелге кету керек
Қазақстан құрамасының ойыншылары тек ел чемпионатында ойнап, бір қазанда қайнап жатыр. Ресей чемпионатында Нұралы Әліп, Максим Самородов пен жарақатына байланысты келе алмаған Бақтиер Зайнутдинов бар. Қалғандары елімізде.
Былтырлары көп ойыншымыз шетелдік лигаларға кетіп, жақсы үрдіс бастап еді. Осы жазда бәрі керісінше болды. Ғалымжан Кенжебек Словакиядан, Рамазан Оразов Даниядан «Елімайға» келді. Георгий Жуков, Артур Шушеначев, Талғат Күсәпов пен Лев Скворцов «Ақтөбе» жейдесін киді. Оның алдында Оралхан Өміртаев БАТЭ-ден «ақ-қызылдар» құрамына өткен еді.
Абат Айымбетов те «Адана Демирспор» сапынан кеткелі клубсыз жүр.
Өкінішке қарай, шетелдік лигаларда футболшыларымыз көбеюдің орнына азайып жатыр.
Себебі мықтырақ лигаларда ойнаса, футболшылардың деңгейі құраманы да өсіретіні сөзсіз. Жылдамдық, тез шешім қабылдау, физикалық дайындық бойынша мәселелер барын осы іріктеуде байқадық. Құрама өсуі үшін бірінші кезекте ойыншыларымыз өсуі де өте маңызды.
5. Жаңа бас бапкер кім болады?
Бельгия соғып жатқан голдарды көріп, Әли Әлиевтің соңғы матчы-ау деген ой келген еді. Матчтан кейін Әлиев өз еркімен құрамадан кетті.
Бір айдан кейін Лихтенштейн мен Солтүстік Македония күтіп тұр. Лезде шешім қабылдау қажет.
Алыстан іздемей, қазақстандық мамандарды қарастыруы ықтимал. Бұл тұста көп жанкүйер «Қайратты» Чемпиондар лигасына алып шыққан Рафаэль Оразбахтинді ұсынып жатыр. Бірақ оның «Қайратта» да жұмысы бастан басады.
Әлиевтің көмекшісі Нұрбол Жұмасқалиев бар. Оның «Тобылы» чемпионатта жақсы ойын көрсетіп жатыр, чемпиондыққа үміткер команда. Сондықтан Жұмасқалиевке мүмкіндік берілуі мүмкін.
Одан бөлек, «Оқжетпеспен» таңғалдырып жатқан Қайрат Нұрдәулетовті де ұмытпаймыз.
Бұл бірден еске түсетін бапкерлер. Әрине, ҚФФ шетелдік бапкерлерді де қарастыратыны сөзсіз. Шорт-лист те әзірленіп жатқан шығар. Шетелден бапкер шақырып, соңғы үш матчтпен буын ауыстыру процесін аяқтауға болады. Нақты шешім көп күттірмей шығады деп үміттенеміз. Бірақ уақытша бапкер емес, нақты мақсатпен шақырса деген үміт бар.