12.09.2025 20:09

«Қайрат» - «Ақтөбе»: тартысты кездесу күтіп тұр

12.09.2025 20:09

Әлеуметтік желіде «Қайратты» еуроаренадағы жетістігімен құттықтаған кондитер Шолпан Асанова сынға қалды. 23 турдың басты кездесуінің бірінде мұндай қадам жасаған жерлесіне «Ақтөбе» жанкүйерлері қырын қарады. Артынша Асанова «ақ-қызылдарға» арнап торт пісіріп, «ашуын» басты, Осыдан-ақ екі клубтың бір-біріне көзқарасын байқайсыз. Құдды еліміздегі эль-классико «Астана» мен «Қайрат» емес, Алматы мен Ақтөбенің арасында өтетін сияқты. Сонымен, 14 қыркүйектегі ойында бізді қандай қызық күтіп тұр?

Шетелден төреші алдыртты

Иә, ел чемпионатында тартысты екі ойын күтіп тұр. Бірі – «Астана» мен «Елімайдың» кездесуі болса, екіншісі – «Қайрат» пен «Ақтөбенің» ойыны. Жақында қос матчты шетелдік төреші жүргізетіні туралы ақпарат тарады. Алғашқы ойынды португал төрешісі Жоау Гонсалвештің тобы жүргізсе, Алматыдағы тартыста қырғыз Нұрзатбек Әбдіқадыров төрелік етеді. Бұдан бұрын жанкүйерлердің премьер-лигада төрешілердің жиі бұра тартатынын айтып, шағымданғаны есте. Мұны ҚФФ тарапы ескеріп, шешім шығарған екен.

Жалпы, шетелден төреші алдыру 2015 жылы Суперкубокте тіркелді. Сол жылы «Астана» - «Қайрат» арасындағы кездесуді швед маманы Йонас Эрикссон жіті қадағалады. Ол Әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде төрелік еткен. «Астана-Аренадағы» матчта арбитр бір сары қағаз көтерген.

Суперкубок ұйымдастырушылары келер жылы (2016) да шетелден төреші шақыртады. Бұл жолы да «Астана» мен «Қайрат» кезігіп, матчты өзбек арбитры Равшан Ирматов жүргізді. Ол Әлем чемпионаты, Конфедерация кубогы мен Олимпиада ойындарында төреші болған. Айтпақшы, бұл кісі кездесуде 7 сарықағаз көрсеткен.

Кімнің мотивациясы басым?

«Жеңіс» пен «Қызылжар» алматылық клубтың ЧЛ ойындарына дайындалуы үшін матч уақытын жылжытқаны бар. Осындай ұсыныс «Ақтөбеге» де түскен. Алайда «ақ-қызылдар» бұған келіспеді. «Қайратты» алда Лиссабонға сапар күтіп тұр. Мұнда Боранбаевтың клубы үш ұпай үшін жанын салады. Себебі артынан «Астана» мен «Тобыл» ентелеп келеді. Аталған үштіктің қай-қайсы болса да трофейден дәмелі. Оның үстіне «Ақтөбенің» «жол бермегеніне» де күйінетіні анық. Ал ақтөбелік команда қолаға қол созғысы келеді-ақ. Десе де төртінші орынды сақтап қалмақ керек. Әгәрәки, «Тобыл» Қазақстан кубогын еншілей қалса, «Ақтөбе» еурокубокке алшаң басады. Бұл бәсекеде «Елімай» «ақ-қызылдардан» қалғысы жоқ. Реті келсе, төртінші орынға шығуға тырысады.

Биыл 30 мамырда «Ақтөбе» алаңындағы матч «Қайраттың (1:2 ) пайдасына шешілген. Кейінгі өзара бес матчты алсақ, үшеуінде ақтөбелік клуб басым болса, қалған екеуінде «Қайрат» жеңіске жеткен. Өткен маусымда ел чемпионатында Уразбахтин шәкірттеріне «Ақтөбе» қамалы алдырмаған екен. Биыл «Қайрат» кәнігі қарсыласының нәтижесін қайталай ала ма?

«13 сектор» мен «51 сектордың» бәсекесі

Байқасаңыз, әуелде ультрастар арасында басталған қақтығыс ойыншыларды да «шарпып» өткендей. Әсіресе, «Қайраттың» академиясынан шыққан Әлібек Қасымның алматылық жанкүйерге көрсететін ишараты бөлек. Оның үстіне Қасымның «Қайрат» қолдаушыларының үнін гол соғып бәсеңдететіні тағы бар. Одан бөлек, «Ақтөбенің» сапында алматылық клубтың академиясынан тәлім алған Данияр Үсенов, Вячеслав Швырев, Артур Шушеначев бар. «Қайратта» бірнеше маусым өнер көрсеткен Еркебұлан Сейдахмет пен Георгий Жуков та «Ақтөбеде» доп тебеді.

Екі команда арасындағы ойынға билет төрт күн бұрын сатылып кетті. Матч 14 қыркүйек күні 17:00-де басталады.

Айзат Айдарқызы

Айзат Айдарқызы

InstagramInstagram