29.09.2025 23:39

«Қайрат» «Реалға» қарсы қалай ойнайды?

29.09.2025 23:39

«Қайрат» – «Реал»: ізашар сөз

Рафаэль Оразбахтин: «Мадридтіктердің соңғы бес матчын және ПСЖ-ға қарсы әлем чемпионатындағы ойынын көрдік. «Реал» секілді азулы клубтың осал тұстары көп емес екені анық. Біз бақылай келе аздаған минустарын таптық. Ал оны пайдалана алу – біздің мәселе».

Дастан Сәтбаев: «Мен үшін ең маңыздысы – команданың жетістігі. Жеңіске жеткіміз келеді. Оңай болмайтынын білеміз».

Хаби Алонсо: «Қандай клубқа қарсы ойнайтынымыз маңызды емес. Бұл – Чемпиондар лигасы, сондықтан жеңіске жеткізіміз келеді».

Федерико Вальверде: «Мадрид дербиінен (2:5) кейін өзгерістер жасаймыз, жеңіске жетуге барымызды саламыз».

Ертеңгі матч қарсаңында баспасөз мәслихатында айтылған негізгі ой осындай. Екі тарап та бір-біріне құрмет таныттты. Екі тарап та күйіп-жанып отыр. «Қайраттың» жағдайы түсінікті, ал «Реал» Мадрид дербиіндегі сәтсіздіктен шамырқанып келді.

«Реал» қалай ойнайды?

Жарақаттанған және айыпталған футболшылар: Антонио Рюдигер, Трент Александер-Арнольд, Дани Карвахаль, Эдер Милитао.

Қақпашы – Тибо Куртуа. Бельгиялық алыптың позициясына ешкім күмән келтіре алмайды. Украиналық қақпашы Андрей Лунин бас бапкерге ренжіп, қысқы трансферлік үзілісте кетуге ыңғайланып жүр деген сөз бір естілді де, тез ұмытылды. Куртуа да, Лунин де Алматыға келді.

Қорғаныс шебі. Дәл қазір «Реалға» жүк болып тұрған шеп осы. Қапталдағы қорғаушылар Александер-Арнольд пен Дани Карвахаль жарақат алды, Карвахальдің І турда алаңнан қуылғаны және бар. Ла Лиганың 7 турындағы «Атлетико» - «Реал» кездесуінің ІІ таймында бразилиялық қорғаушы Эдер Милитао ойнаған жоқ, Алматыға және келмеді. Рюдигер одан ертерек қатардан шыққан. Ферлан Менди жарамсыз болып жатқалы қашан! Демек, Альваро Каррерас пен Фран Гарсия қос қапталға жауапты болса, ортада Дин Хейсен ардагер Давид Алабамен жұп құрауы ықтимал. Дегенмен «Атлетикоға» қарсы ІІ таймда ортада Рауль Асенсио ойнады.

Қалай дегенде де, Хаби Алонсо қорғаныс шебінде өте жұмсақ тактика пайдалана алады. Ол үш орталық қорғаушымен де («Қайратқа» қарсы бұлай ойнауға адам жетпейді), екі қорғаушымен де ойнай алады. Дегенмен жұрт мақтаған, қыз жақтаған Хейсеннің осал тұстары бар екенін І турдағы «Марсельмен» кездесу де, соңғы Мадрид дербиі де айқындап берді. Алонсоның қолтаңбасы – жоғары прессинг. Бірақ қос тұтқауыл Орельен Тчуамени мен Вальверде қарсыласты алыстан қарсы алып жатқан кезде қарсылас дереу қарсы шабуылға шықса, екі шеп арасында ашық кеңістік зорайып кетеді. Ал қарсылас британ стиліне бой ұрып, допты айып алаңына әуелете көтерсе, нағыз мәселе сонда басталатын сияқты. «Атлетико» бес голдың екеуін баспен соқты, тағы бір рет доп әуелеп келген кезде Гүлер айып алаңының ішінде тәртіп бұзып, пенальти белгілетті.

Жартылай қорғаныс һәм шабуыл. Вальверде мен Тчуамени және Эдуарду Камавинга үшеуінің қай жұбы негізгі құрамда шықса да қарсыласқа қиын. Камавинга тіпті орталық қорғанысқа шегініп, бұл шептің сапалық көрсеткішін де арттыра алады. Джуд Беллингем сауыққан соң енді Браим Диастың алаңда өткізетін уақыты қысқаратыны күмәнсіз және солай болып та жүр. Мұндағы мәселе – алдағы Килиан Мбаппеге кім серік болатынында. Беллингем ортада қалды деген күннің өзінде Арда Гүлер мен Винисиус Жуниор қос қапталдан шабуылдап қана қоймай, қара жұмыспен айналыса ма? Франко Мастантуоно қайдан орын табады? Родриго қосалқы құрамнан шығатынына қанағаттана ма?

Алонсо тапсыратын емтихан

«Реал» Хаби Алонсо жетекшілігімен маусымды өте ширақ бастады. Ла Лигада қатарынан 6 жеңіске жетті, Чемпиондар лигасының І турында «Марсельді» тізерлетті (2:1). Дегенмен мамандар корольдік клубтың әлі де суперқарсыласпен ойнамағанын қайта-қайта ескертіп, Алонсоның күшін алда көреміз дегенге келтіріп еді. «Атлетикомен» кездесу соның жауабын толық бермесе де, күмән-күдіктің бекер емес екенін растады. «Атлетико» алғашқы таймда есеп теңестіргеннен кейін ойынның екінші бөлігінде «Реалдың» жұлдызды шабуылын әбден тұсады. Оны айтасыз, толық басымдық танытып (доп ұстау көрсеткіші 37 пайыз ғана болса да), қарымтасыз 3 доп соғып кетті.

Алда мұндай кездесулер көбейе түсетіні анық. «Қайратқа» қарсы матчта «реалдықтар» бір турнирдегі сәтсіздік екінші турнирге әсер етпейтінін дәлелдеуге тырысады.

«Қайрат» қалай ойнайды?

Жарақаттанған және айыпталған футболшылар: Александр Заруцкий, Темірлан Анарбеков, Георгий Зариа (белгісіз).

Қақпада – Шерхан Қалмырза. Жас қақпашының «Спортингпен» кездесудегі екі сейві УЕФА таңдауына енді. «Жеңіспен» ҚПЛ-дың кейінге қалдырылған матчында Шерхан бір ірі қате жіберді, онысы қақпаға гол болып кірді (оң қапталдан көтерілген допқа уақтылы шықпады, Исламбек Қуат баспен кедергісіз ұрды, Шерхан қолын жайып қана үлгерді). Дегенмен командаластары «Реалмен» кездесуге Қалмырзаның жанкешті дайындық жасағанын айтты. Бәрі жас шеберге ғана байланысты емес, қорғаныс тастүйін дайын болуға тиіс.

Қорғаныс шебі. Луиш Мата – Александр Мартынович, Егор Сорокин – Еркін Тапалов. Мұндағы қауіп – «Спортингке» қарсы 60-70 минуттардағы жүйесіздік тағы да бой көрсетпей ме? 4 минутта үш гол жіберген «Қайрат» қарсыласына жеңісті өз қолымен сыйлаған-ды. «Реалға» осынша жалпақшешей болмауымыз керек. Сорокиннің қатесі «Спортинг» «қабының аузын шешіп» жіберді. Тапалов І таймнан кейін қатты шаршап қалды. Содан да ҚПЛ-да анда-санда бір төбе көрсетіп жүрген Лев Кургиннің алаңға шығуы тіпті жоспарланбай, амалсыздан алаңға жіберілген сияқты.

«Қайрат» соңғы турға қатысқан жоқ, соңғы матчын 22 қыркүйекте («Жеңіс» - 3:1) өткізді. Демек, сегіз күн дайындық үшін әбден жеткілікті. Қорғаныстағылар өте сақ ойнап, шабуылға да көмек беруді ұмытпайды деп сенеміз.

Жартылай қорғаныс. Үш артқы жартылай қорғаушы керек сияқты. Бірақ мұнымыз әншейін қауіп пе? Мысалы, осы жолы Дан Глазер құрамға оралса, ол ортада Офри Арадпен жұп құрайды. Мұндайда Дамир Қасаболат қосалқылар арасына сырғып, қос қаптал Валерий Громыко мен Дастан Сәтбаевтың меншігіне айналуы ықтимал. Демек, Александр Мрынскийге де негізгі құрамнан орын бұйырмайды.

Ең бастысы, біздің қос қаптал өте ұшқыр болуға тиіс. Сәтбаев «Селтикпен» кездесудегідей артқа оралып тұрса, оң жақтан Громыко да қорғаныс пен шабуылды ұштастырса, алдағы жалғыз шабуылшыға доп жеткізіп беруге де кеңістік табылар. Әсіресе «Реал» жоғары прессингке көшкенде.

Сондықтан шабуыл шебіне еңселі Эдмилсонның шығуы сұралып тұр. Хейсен мен Алабаға бұлдырықтай Жоржинью емес, Эдмилсон көп күш түсіре алар еді.

Бұл бізге де қуаныш

Бір жыл бұрын «Қайрат» соңғы турда Атырауда жергілікті команданы жеңіп, чемпион атанғанда біз енді «Реалға» қарсы шығатын құрам жайлы толғанымыз деп ойлап па едік? Сондықтан қазіргі сәт – қазақ спорт журналистеріне де зор қуаныш.

Осы бір жыл ішінде «Қайрат» сапалық жағынан көп жақсарды. Ең бастысы, өз академиясының түлектерімен нағыз майдандарға жасқанбай кірісті. Чемпиондар лигасына жолдама алғанда «Реалмен» кездесудің дақпырты басым болып кетті де, «Спортинг» бізді бірден жерге түсірді. Аттандап шаба беру міндет емес, суперклубтардан ұпай жырып қалу – меже. Португалия чемпиондары «Қайратқа» бір сәт те босаңсымау қажет екенін түсіндірді.

«Реал» келеді, кетеді. Тарихта нәтиже қалады.

«Астананың» өз алаңында «Манчестер Юнайтедті» (екінші құраммен келсе де) жеңгені, «Атлетикомен» және «Бенфикамен» тең ойнағаны әлі де мақтаныш.

«Қайраттың» «Селтикті» бос қайтарғаны да аз керемет емес.

Енді осы қатарға «Реал» енсе де, қазақ жанкүйерінің ешбірі олқысынбас еді. Біз үмітпен сөйлейміз, десе де үрейіміз басым.

Орталық стадион тарихында мәңгі қалатын нәтиже жасаңыздаршы, жігіттер!

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

InstagramInstagram