23.09.2025 17:52
Mundo Deportivo: Сәтпаев "Қайратқа" жеңіс сыйлады
23.09.2025 17:52
Испания басылымдары «Қайрат» туралы жаңалықты қалт жібермейтін болған. Клубтың ел чемпионатындағы аяқ-алысын, ойыншылар жайлы түрлі ақпарат таратып жатыр. Мысалы, атақты Mundo Deportivo , алматылық команданың ҚПЛ-дағы жеңісі мен Дастан Сәтпаев туралы жазған.
Жас жұлдызының арқасында «Қайрат» қара үзді
Аталған басылымның жазбасында , алматылық клуб екінші кезеңде «Реалмен» ойнайды, сол екі арада ҚПЛ-да «Жеңістен» жеңісті жұлып алды делінген. «Челсимен» келісімшартқа отырған 17 жастағы Дастан Сәтпаев 12, 37 минутта дүйсенбі күні клубқа жеңіс сыйлағаны айтылған.

Автордың жазуынша, Сәтпаевтың бірінші голы таңдай қағатындай әдемі. «Қайраттың» 9 нөмірлі жас таланты айып алаңынан допты қабылдап, оң аяғымен жойқын соққы бағыттаған. 37 минутта да үздік екенін дәлелдеп, қарсыласын артқа тастап, «Жеңістің» қақпашысы Сергей Игнатовичті де қапы қалдырған.
Қонақтар екінші таймның басында Исламбек Қуаттың голымен есепті қысқарта алғанымен, 80 минутта бразилиялық Рикардиньо шешуші голды (3:1) соқты. Осылайша, «Қайрат» турнирлік кестеде көш бастап, екінші орындағы «Астанадан» екі ұпай алға шықты.Чемпионаттың аяқталуына үш матч қалды. ҚПЛ-дің тағдыры соңғы турдағы «Қайрат» пен «Астана» кездесуіне шешілуі мүмкін. Ойын 26 қазан күні, Алматыда өтеді.
«Қайрат» 30 қыркүйек күні «Орталық» стадионда мадридтік «Реалды» қабылдайды. Олар «Спортингке» қарсы өткен ойында Чемпиондар лигасында дебют жасап, Лиссабонда 4:1 есебімен жеңілді.