23.09.2025 18:35
Жанкүйерлер: кезек жылжыған жоқ
23.09.2025 18:35
30 қыркүйек күні өтетін «Қайрат» пен «Реал Мадрид» кездесуіне билет әпсәтте сатылып кетті. Алайда клуб белгілеген қосымшада «алдыңызда 14, 20 орын бар» деп көрсеткенімен, жанкүйерлер билет сатып ала алмаған.
Жанкүйерлер билет сатылымына кезек ерте ашылғанын айтады. Мысалы, Іңкәр Сүлеймен есімді желі қолданушысы 15:45-те кезекке тұрғанын. Сатылым 16:53-те басталғанын, соның өзінде билетке қолы жетпегенін атап өтті.
Сатылымның ерте басталғанын тағы бір желі қолданушысы растады. Оның жіберген скринінде 16:54-те баға жайлы ақпарат беріліп, орын таңдап үлгерген. Алайда деректі тіркеу кезінде қосымша дұрыс істемеген соң, билет ала алмаған. Расымен, билет бағасы 30 мың мен 250 мың теңге арасында сатылған.
Мейірбек Есенбаев есімді жанкүйер билетті сатып алу бетіне өткенімен, ары қарай Freedom SuperApp мүлдем жұмыс істемеген. Кейіннен деректі жүктеу беті ашылғанымен, деректі жазса да, сервер көтермеген. Осылайша, жанкүйерлер айтулы матчтан тыс қалды.
Оған қоса желі қолданушылары кезектің жылжымағанын, құдды «билеттің бәрі алдын ала сатылып кеткендей» әсер қалдырғанын атап өтті. Мысалы, Нұрлан Мұхтаров үш гаджет арқылы, ал Данияр есімді жанкүйер бес құрылғының көмегімен кезекке тұрғанымен, кезек сол күйі орнынан қозғалмаған.