03.09.2025 20:29

Көш басында кім? Осы жаздың топ-20 трансфері

03.09.2025 20:29

Топ-5 лига үшін жазғы трансфер кезеңі аяқталды. Сондықтан жаздың басты ауысымдарын жасақтай беруге болады. «Соққы және Гол» жобасының тұрақты сарапшысы Есет Төлеш жаздың топ-20 трансферін жасады

Әрине, биыл жаздағы өзгерістерді ескерсек, топ-50 жасауға да болады. Себебі айтуға тұрарлық трансфер өте көп болды. Соның ішінде өз нұсқам бойынша 20-сын іріктедім. Мұнда трансфер құны, футболшының деңгейі, жаңа клубқа пайдасы және футбол жазына берген «хайпы» да ескерілді.

20-орын. Лука Модрич – тегін («Реал Мадридтен» «Миланға»)

Қазір Еуропада ойнап жүрген «Алтын доп» иегері көп емес. Сондықтан бір айдан соң 40 жасқа келетін Модричтің ақыры «Реалдан» кетуі – ескеретін жайт. Оның үстіне, мұхит асып немесе Таяу Шығысты паналамай, қырқымда А Сериясында қамал алсам деп жүр. Еркін агент ретінде «Миланға» кетті. Әлі футболға тоймағанын көрсетіп жүр, А Сериясында ассист жасап үлгерді.

19-орын. Джонатан Дэвид – тегін («Лилльден» «Ювентуске»)

Джонатан Дэвид «Лилльдегі» соңғы маусымында 49 ойында 25 гол соқты, әрі біраздан бері топ-клубтардың көзіне түсіп жүрген. «Ювентус» еркін агент ретінде қатарына қосып алды.

Әрине, Душан Влахович пен осы жазда сатып алынған Лоис Опенда секілді бәсекелестері бар, оған «Ювентустың» негізгі құрамына ешкім кепілдік бере алмайды. Дегенмен 25 жастағы шабуылшы Лига 1-де бес маусымда 87 гол соғып, А Сериясындағы алғашқы добын тоғытып үлгерді.

18-орын. Маркус Рэшфорд – жалға («Манчестер Юнайтедтен» «Барселонаға»)

Маркус Рэшфорд фан-базасы үлкен бір клубтан екіншісіне барды. МЮ сапындағы соңғы маусымында қосалқы құрамда отырып, керек болмай қалған еді. Бірақ әлі де өз шеберлігін жоғалтпағанын «Астон Вилладағы» жарты жылында дәлелдей алды. «Барселонаға» атағы жер жаратын, жанкүйері көп ойыншы келді. Оның үстіне әлем чемпионатының алдында Маркус атой салуы қажет.

17-орын. Райан Шерки – 36,5 млн еуро («Лионнан» «Манчестер Ситиге»)

2024–2025 маусымында Райан Шеркиді тоқтау қиын болды: «Лион» сапында 48 матч өткізіп, 13 гол соғып, 21 нәтижелі пас берді. Алайда қаржылық қиындықтарына байланысты «Лион» ойыншыны небәрі 36,5 млн еуроға сатып жіберді.

Мұндай сомаға ол өте тиімді трансфер. «Манчестер Ситидің» шабуылдағы зор әлеуетін ескерсек, Шерки негізгі құрам ойыншысы болатынына кепілдік жоқ, бірақ ол, сөзсіз, көмегін көп тигізе алады. 22 жастағы футболшы АПЛ-да бір гол соғып үлгерді.

16-орын. Матеус Кунья – 74,2 млн еуро («Вулверхэмптоннан» «Манчестер Юнайтедке»)

Матеус Кунья – Англия Премьер-лигасының соңғы екі маусымын сәтті өткізді. АПЛ-дағы 2,5 маусымында 29 гол соққан. «Атлетикода» бағы жанбаған бразилиялық жаңа топ-клубқа ауысты. Енді «Манчестер Юнайтедті» дағдарыстан шығаруға көмектеспек. Әзірше МЮ сапында дебют голын соқпады.

15-орын. Беньямин Шешко – 76,5 млн еуро («РБ Лейпцигтен» «Манчестер Юнайтедке»)

МЮ-дің тағы бір жаңа ойыншысы – Беньямин Шешко. Жаздағы ең қымбат бес трансфердің қатарына кіреді. Бундеслигадағы екі маусымында, тиісінше, 14 және 13 гол соқты. Әзірше МЮ-де қосалқы құрамда жүр, бірақ шабуылдағы көшбасшыға айнала алады. МЮ сапында АПЛ бір маусымында 20-дан аса гол соғатын футболшы 2013 жылдан бері табылмай келе жатыр. Ал Шешко үшін алғашқы маусымда 15 гол да тамаша нәтиже болар еді.

14-орын. Мартин Субименди – 70 млн еуро («Реал Сосьедадтан» «Арсеналға»)

«Арсенал» жартылай қорғанысын күшейтіп жатыр. Испанияда үздік артқы жартылай қорғаушылардың бірін қатарына қосты. Мартин келе сала «Арсеналдың» негізгі құрамына кіріпті. АПЛ-дегі үш матчты да толық өткізді. Бастамасы жаман емес, Микель Артета артқы жартылай қорғаныс мәселесін шешіп алды.

13-орын. Джанлуиджи Доннарумма – 30 млн еуро (ПСЖ-дан «Манчестер Ситиге»)

Өткен маусымда ПСЖ-мен требл жасап, Чемпиондар лигасында тамаша сейвтерімен есте қалған Джиджи енді АПЛ-да ойнайды. Трансфер кезеңінің соңғы күнінде «Манчестер Сити» сатып алды. 26 жастағы топ-қақпашы үшін қатты шығындала қоймады да. Доннарумма – бойшаң қақпашы, 1,96 метр. Қақпа сызығында тамаша ойнайды. Сондықтан, «қалалықтар» құрамын күшейте алды.

12-орын. Кевин Де Брюйне – тегін («Манчестер Ситиден» «Наполиге»)

Көп жанкүйерге 34 жастағы Де Брюйненің Сауд Арабиясына кетпей, топ-5 лигада қалғаны қуантты. Кевин әлі жоғары деңгейде ойнай алатынын дәлелмек. Сол мақсатпен Италия чемпионы «Наполиге» ауысты. Шоу тартып қалса да, А Сериясы үшін тамаша трансфер.

Бельгия аңызы — өз дәуірінің ең үздік ойыншыларының бірі, әрі ол Антонио Контенің командасында ойын құратын футболшы болады. Скотт Мактоминей, Ромелу Лукаку және Расмус  Хойлундпен жақсы тіл табысып келе алады деп ойлаймын. Әрі бұл трансфер салыстырмалы түрде қауіпсіз, себебі ол еркін агент болып келді.

11-орын. Эберечи Эзе – 69,3 млн еуро («Кристал Пэластан» «Арсеналға»)

Эберечи Эзені қатарға қосу – «Арсенал» үшін тамаша шешім, ол команданың шабуылдағы тереңдігін айтарлықтай арттырады.

Өткен маусымда ағылшын футболшысы «Кристал Пэлас» сапында 43 ойында 25 гол соқты. Бұған қоса, «зеңбірекшілер» оны «Тоттенхэмнің» қолынан жұлып әкетті, бұл трансферді жанкүйерлер үшін одан сайын жағымды етпек.

Оның үстіне, «Арсеналдың» сол қапталы шабуылдың басқа шебіне қарағанда әлсіздеу еді. Енді ол жаққа Англия құрамасының футболшысы келді.

10-орын. Луис Диас – 70 млн еуро («Ливерпульден» «Баварияға»)

Осы жазда Бундеслиганың ең қымбат трансфері – Луис Диас. «Бавария» шабуылдың сол қанатына Англия чемпионын алды. Диас АПЛ-дегі ең үздік маусымын өткізіп кетті – 13 гол мен жеті ассист.

Луиске жаңа орта жағып жатыр. Бундеслигадағы екі матчта екі гол соғып, екі нәтижелі пас берді. Харри Кейн екеуі атой салайын деп тұр.

«Бавария» биыл да ешкім бәсекелес бола алмайын деп тұр-ау.

9-орын. Тиджани Рейндерс – 55 млн еуро («Миланнан» «Манчестер Ситиге»)

Тиджани Рейндерс өткен маусымда «Миланның» үздік ойыншыларының бірі болды. Оның «Манчестер Ситиге» келуі Пеп Гвардиола үшін тағы бір әлемдік деңгейдегі жартылай қорғаушымен жұмыс істеу мүмкіндігін білдіреді.

Енді «Манчестер Ситиде» Родримен бірге ойнайтын бірнеше нұсқа бар, бірақ Рейндерс «Сан-Сиродағы» соңғы маусымында 10 гол соғып, бес нәтижелі пас берген. Сондықтан Пеп те оған сенім артып отыр.

Нидерландтық футболшы АПЛ-да да бірден нәтиже көрсете бастады. Дебютінде бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді.

8-орын. Брайан Мбемо – 75 млн еуро («Брентфордтан» «Манчестер Юнайтедке»)

«Манчестер Юнайтед» шабуылдағы көшбасшыны тапқандай. МЮ-дің ойынын өзгерткен футболшы. Келе сала тамаша ойын көрсетіп жатыр. АПЛ оған жат лига емес, 20 жасынан бері сонда ойнайды, жақсы біледі. «Манчестер Юнайтед» сапындағы жалпы төрт матчта екі гол соқты.

Бойы аласа, бірақ шапшаң, соның өзінде баспен соққы жасай алады. Брайан өткен маусымда АПЛ-да 20 гол соққан еді, сондықтан бұл ойыншыдан күтеріміз көп.

7-орын. Флориан Виртц – 125 млн еуро («Байерден» «Ливерпульге»)

Виртц, сөзсіз, әлемдегі ең үздік футболшылардың бірі. Бундеслиганы шайқап тастады. «Бавария», «Реал Мадрид» көз тігіп отырған еді, бірақ «Ливерпульді» таңдады. Әзірше Слот оған позиция тауып бере алмай жүргендей. Әйтесе де, 22 жастағы футболшы «Ливерпульде» әлі жасындай жарқылдайды. Англия Суперкубогында ассист жасады, АПЛ-да көзге түспеді.

Бундеслигада қатарынан екі маусым 10+ гол мен 10+ ассист авторы атанған еді. Сондықтан Англияға бой үйретіп алса, Флорианды тоқтату қиын болады.

6-орын. Виктор Дьекереш – 65,8 млн еуро («Спортингтен» «Арсеналға»)

«Арсеналда» ақыры нағыз шабуылшы пайда болды, ал Виктор Дьокереш – солардың ішіндегі ең мықтыларының бірі.

Әрине, Кай Хаверц Микель Артета қоластында шеберлігін арттырғанымен, «Ливерпульді» биыл тақтан тайдыру үшін «Арсеналға» жаңа орталық шабуылшы қажет екені анық болды. Бірнеше апталық келіссөзден кейін, 26 шілдеде олар ақыры Дьокерешпен келісімшарт жасасты.

Солтүстік Лондонға «Спортинг» сапында 102 матчта 97 гол гол соққан футболшы келді. Әзірше АПЛ-да екі гол соқты, маусым соңында қанша боларын білмеймін. Ал «Арсеналда» АПЛ-да 20+ гол соққан соңғы футболшы – 2019/20 жылы Пьер-Эмерик Обамеянг.

5-орын. Трент Александр-Арнольд – 10 млн еуро («Ливерпульден» «Реал Мадридке»)

«Реал Мадрид» жұлдыздарды тек еркін агент ретінде қатарына қосуды әдетке айналдырған. Дәл солай Давид Алаба, Антонио Рюдигер және Килиан Мбаппе келген еді. Біраұ Трент Александер-Арнольдты 10 млн еуроға сатып алды. Себебі клубтар арасындағы әлем чемпионатына алып барғысы келді.

Оның керемет пас беру қабілеті қазірден-ақ білініп жатыр. Ал соңғы жылдары «Реалға» қорғанысты қиып түсіретін алыстан пас бере алатын футболшылар қажет болып жүрген еді. Сондықтан да әлемдегі ең үздік оң қапталдағы қорғаушылардың бірі клуб ауыстырғанда топ-трансферлер қатарына кіретіні сөзсіз.

4-орын. Жоау Педро – 63,7 млн еуро («Брайтоннан» «Челсиге»)

Шілде айында Жоау Педро «Челсиге» 63,7 млн еуроға ауысқанда, ол қымбатқа келгендей көрінді. Себебі ол өткен маусымда Премьер-лигада бар болғаны бес гол соққан (пенальтиден бөлек) еді.

Алайда ол барлық күмәнді сейілтіп, клубтар арасындағы әлем чемпионатында үш ойында үш гол соқты және «Стэмфорд Бриджде» тамаша бейімделіп кетті. АПЛ-дағы үш матчында екі гол мен екі нәтижелі пастың авторы атанды. 23 жастағы шабуылшы арқылы «Челси» орталық форвард мәселесін шешкендей. 2017 жылдан бері Диего Коста секілді топырлатып гол соғатын орталық шабуылшы тапқандай. Бұл «Брайтон» үшін де, «Челси» үшін де, бразилиялық ойыншы үшін де ұтымды трансфер болды.

3-орын. Уго Экитике – 95 млн еуро («Айнтрахттан Ливерпульге»)

Экитике «Ливерпульде» жиналмай тұрған пазлдың шешуші бөлігі болып тұрғандай. Өткен маусымда «Ливерпульде» гол соғатын да, ассист жасайтын да бір адам еді. Енді Мохамед Салахтан бөлек Уго бар.

Экитике осы маусымда Бундеслигада қақпаға ең көп соққы жасаған футболшы болды. Одан бөлек, үлкен мүмкіндіктерді голға айналдыру пайызы жоғары – 43,2. 23 жастағы шабуылшы өткен маусымда 12 нәтижелі пас та берген. Яғни, Уго голды да, пасты да қатырады. Оның үстіне бойы – 190 сантиметр, реті келіп жатса, баспен де соққы жасай алады.

Ол қақпа алдында «дайын асқа тік қасық» емес, өз мүмкіндіктерін өзі тауып жатады. Осы маусымдағы төрт матчта гол+пас бойынша 3+1 ұпай жинап үлгерді.

2-орын. Дин Хейсен – 62,5 млн еуро («Борнмуттан» «Реал Мадридке»)

«Реал» қорғаныс шебін күшейте алды. Бұл командада орталық қорғаныс ең үлкен мәселе тудыратын позиция еді. Сол мәселені шешкен – Хейсен.

Былтыр «Борнмутқа» ауысып, клуб тарихында АПЛ-да гол соққан ең жас футболшы атанған еді. Бірден топ-клубтардың көзіне ілікті. «Борнмут» былтыр ойыншыны «Ювентустан» 20 млн еуроға сатып алып, осы жазда 62,5 млн еуроға сатты.

Хейсен – 20 жаста, талантты, салқынқанды. Нидерландта туғанымен Испанияда өскен. Сондықтан жаңа клубында бейімделуге де уақыт қажет болмады.

Дәл қазір «Реалда» орталық қорғанысқа Динмен жұптастырып кімді қоямыз деген ғана сұрақ туындап отыр. Мұның өзі Хейсеннің деңгейін білдіріп тұр.

1-орын. Александер Исак – 144 млн еуро («Ньюкаслдан» «Ливерпульге»)

Жаздың басты хайлайтері ақыры трансфер кезеңінің соңғы күнінде «Ливерпульге» ауысты. Әзірше дебютін өткізбеген соң «қызылдардағы» ойынышы қалай болары қызық. Бірақ «Ливерпуль» құрамын толық жинап алса да, АПЛ-дағы ең үздік форвардтардың бірі сұранып тұрғанда мүмкіндігін құр жібермеді.

Исак – 25 жаста, АПЛ-да соңғы екі маусымында 21 және 23 гол соққан. Қай жағынан алсаң да шебер ойыншы, Англияда тәжірибесі зор. Осылайша, Салах қартайса да, «Ливерпуль» алдағы бес жылда гол соғу мәселесін шешіп алғандай.

«Ливерпуль» бұл трансфер үшін әбден шығындалды, мықты шабуылшы қара-ақ түсін қызыл түске ауыстырып отыр. Сөзсіз, жаздың басты трансфері!

Есет Төлеш

Есет Төлеш

InstagramInstagram