21.09.2025 02:01

«Арсенал» – «Манчестер Сити»: «Соққы және гол!» эксперттерінің болжамы

21.09.2025 02:01

Ағылшын Премьер-лигасының 5-туры аясында өтетін орталық ойында «Арсенал» өз алаңында «Манчестер Ситиді» қабылдайды

Осы орайда «Соққы және гол!» эксперттері матчқа қатысты болжамдарын бөлісті.

Әлімжан Асқар:

— Артетаның командасы маусымды керемет бастады – төрт ойында үш жеңіс. Тек былтырғы чемпион «Ливерпульге» қарсы сырт алаңда (0:1) есе жіберді.

Ал «Манчестер Ситидің» ойыны ала-құла. Бірде көл, бірде шөл. Төрт турда екі рет жеңіске жетіп, екі мәрте ұтылды. Оның үстіне Шерки, Айт-Нури, Мармуш, Ковачич, Стоунз сынды негізгі ойыншылары матчқа қатыспайды.

Осыларды алға тарта отырып, екі команда бір-бір голдан соғып, тең түседі деп ойлаймын.»

Бексұлтан Кеулімқос:

— «Апта ортасындағы Чемпиондар Лигасы матчтарын сәтті ойнаған «Арсенал» мен «Манчестер Сити» Премьер-лиганың ерекше маңызы бар матчында «Эмирейтс» стадионында кездеседі.

Соңғы уақытта «Арсенал» мен «Сити» орындары ауысқан секілді. Артета командасы бес ойын қатарынан жеңілмей келеді. «Эмирейтсте» бұл серия жалғасатын сияқты. Ал бұл ойынға менің болжамым, «Арсенал» жеңілмейді және матчта кемінде 3 гол соғылады.»

Дидар Есемов:

— «Айқын фаворитті атап айту қиын. Дегенмен, «Арсенал» – өз алаңында мінсіз ойнайтын команда. Өткен маусымда «Эмирейтсте» «Манчестер Ситиді» 5:1 есебімен ұтып алғаны әлі есімізде. Әрине, дәл сондай ірі есеп бұл жолы қайталана қоймайды. Бірақ, «Арсеналдың» дайындығы сәл де болса басымырақ сияқты. Өйткені, олар Чемпиондар лигасындағы ойынын қарсыласына қарағанда екі күн бұрын өткізді. Бұл – қосымша артықшылық.

Ал «Манчестер Сити» енді ғана бабына еніп келеді. Соңғы екі ойында жеңіске жетіп, қақпасына гол өткізген жоқ. АПЛ аясында «Манчестер Юнайтедті» (3:0) тізе бүктірсе, Чемпиондар лигасында «Наполиден» (2:0) айласын асырды.

Менің ойымша, бұл матчта көп гол болмайды. Чемпиондыққа таласып жүрген командалар өте сақ ойнауға тырысады. Бір голдың өзі тағдырды шешіп кетуі әбден мүмкін. Өз басым, бұл кездесуде «Манчестер Сити» сырт алаңда жеңіске жетеді деп есептеймін.»

Әлімжан Тасболатұлы:

— «Апта ортасында екі команда да Чемпиондар лигасында ойын өткізіп, жеңіске жетті. Сондықтан бұл кездесуге көтеріңкі көңіл-күйде келеді.

Матчтың өзі де ерекше тартысты болмақ. Соңғы жылдары «Арсенал» мен «Манчестер Сити» бітіспес қарсыластарға айналды. Чемпиондық үшін осы екі ұжым жиі таласып жүр. Дегенмен, көп жағдайда лондондықтар сан соғып қалып келеді. Сол себепті бұл жолы да «Арсенал» ерекше құлшыныспен алаңға шығады.

Менің болжамым бойынша, матч тең нәтижемен аяқталады немесе «Арсенал» минималды есеппен жеңіске жетеді. Нақты есепті айтсам: 1:1 немесе 2:1 «Арсеналдың» пайдасына.»

Жақып Марғұлан:

— «Манчестер Сити» «Арсеналды» қатарынан бес ойын жеңе алмай келеді. Сондай-ақ «қалалықтардың» турнир кестесіндегі жағдайы да мәз емес. Бірақ екі маңызды ойында жеңіске жетті. Сондықтан Пеп Гвардиоланың шәкірттері сырт алаңда жеңілмейді және матчта кемі үш гол соғылады.»

Кездесу бүгін, 21 қыркүйек сағат 20:30-да басталады. Матчты Setanta Sports 1 телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Турнир кестесінде төрт ойыннан кейін тоғыз ұпай жинаған «Арсенал» 3-орында келеді. Ал еншісінде алты ұпайы бар «Манчестер Сити» 12-сатыға жайғасқан.

Азамат Бақи

Азамат Бақи

InstagramInstagram