03.09.2025 17:49
Ұлттық құраманың капитаны кім болады?
03.09.2025 17:49
Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев Асхат Тағыбергеннің ұлттық құрамадағы мансабын аяқтауына байланысты туындаған капитан мәселесіне қатысты пікір білдірді
— Қазақ халқының мәдениетінде үлкенге құрмет көрсету дәстүрі бар. Бұл қағиданы футболда да, өмірдің өзге салаларында да ұстанамыз. Сол себепті қазір капитан кім болатынын нақты айтуға ертерек. Команда тағайындалған шешімді қабылдамауы мүмкін.
Бүгін біз сабырмен отырып, ақылдасамыз. Алдымен құрамды нақтылауымыз қажет. Мәселен, қазір «Кенжебек капитан атанады» деуіміз ықтимал, бірақ ертең басқа біреудің кандидатурасы басым түсуі мүмкін. Капитан таңдауда көптеген факторлар ескеріледі: алаңдағы ойыншының мінезі ғана емес, киім ауыстыратын бөлмедегі қарым-қатынас та шешуші рөл ойнайды,– деді Әлиев баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы ертең, 4 қыркүйек күні 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Уэльспен күш сынасады. «Астана Аренада» өтетін кездесу еліміздің уақытымен сағат 19:00-ге жоспарланған.