03.09.2025 23:02
«Уэмблидегі» гол һәм үш жеңіс. Ұлыбритания құрамаларына қарсы қалай ойнадық?
03.09.2025 23:02
Қазақстан – Уэльс матчының алдындағы баспасөз мәслихатында қонақтардың бас бапкері Крейг Беллами британиялықтардың Қазақстанда сәтсіз ойнауына назар аудармайтынын айтты.
Қазақстан мен Ұлыбритания елдері арасындағы текетірес 2008 жылы басталған. Содан бері жалпы жеті матч өткізіп, үшеуінде мерейіміз үстем болды.
Бірінші Англиядан бастадық. «Уэмблидегі» ойын ӘЧ-2010 іріктеу кезеңі аясында өтіп, «үш арыстандар» 5:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Ал бізден жалғыз голды Жамбыл Көкеев соқты.
Одан кейін қос құрама 2009 жылы Алматыда қарымта матч өткізді. «Орталықтағы» ойында англиялықтар 4:0 есебімен жеңіске жетті. Гол соққандардың қатарында Уэйн Руни мен Фрэнк Лэмпард бар еді.
Одан кейін жолымыз Шотландиямен түйісті. Еуро-2020 іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта 3:0 есебімен жеңіске жеттік. Өз алаңымыздағы ойында Юрий Перцух, Ян Вороговский және Бақтияр Зайнутдинов гол соқты.
Ал сол жылы өткен сырт алаңдағы матчта шотландиялықтар 3:1 есебімен есе қайтарып кетті. Бізден жалғыз голдың авторы Зайнутдинов атанды.
2023 жылы Солтүстік Ирландиямен де күш сынастық. Еуро-2024 іріктеуіндегі бірінші ойында Абат Айымбетов гол соғып, 1:0 есебімен басым түстік. Сондай-ақ өз жерімізде де 1:0 есебі тіркелді. Ол матчта қарсылас қақпасының торын Максим Самородов тулатты.
Ұлыбритания елдеріне қарсы текетіресті Уэльс жапты. ӘЧ-2026 квалификациясындағы түзде өткен кездесуде Беллами шәкірттері 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бізден Асхат Тағыберген гол соққан еді.
Енді 4 қыркүйек күні «Астана Аренада» қарымта ойын өтіп, жігіттер есе қайтаруға тырысады. Бұл матч 19:00-де басталады. Ал билеттер толық сатылып кетті. Тікелей эфирді QazSport телеарнасынан көре аласыздар.