07.10.2025 16:04

Сәтпаев Ұлттық құрама матчтарына қатыспайды

07.10.2025 16:04

Дастан Сәтпаев Қазақстан құрамасының алдағы матчтарына қатыспайды

Бұл туралы «Қайрат» футбол клубының ардагері Құралбек Ордабаев хабарлады.

— «Соңғы матч алдында Дастан өзін жайсыз сезінген, бірақ командаға көмектескісі келіп, ешкімге тіс жармады. Соған қарамастан, ол толық ойын өткізіп, тіпті гол да соқты. Бірақ матчтан кейін ауырсыну күшейіп, ол медициналық штабқа жүгінуге мәжбүр болды. Тексеру нәтижесінде сол жақ жамбас бұлшықетінде шамамен төрт сантиметрге жуық ісіну, сіңірдің созылуы, микрожарықтар анықталды. Бұл жас ағза үшін айтарлықтай жүктеме, сондықтан дәрігерлер оған клуб базасында қалып, қалпына келу курсынан өтуді ұсынды. Клуб бұл мәселені құраманың медициналық штабымен келісіп, жағдай туралы ресми түрде хабарлады. Өкінішке қарай, бұл жолы Дастан ұлттық құрамаға көмектесе алмайды.

Жігіттеріміз ешқашан құрамадан бас тартпайтынын атап өткім келеді. «Қайрат» футболшылары үшін Қазақстан намысын халықаралық деңгейде қорғау әрдайым үлкен мәртебе мен мақтаныш болған. Сондықтан дәл қазір ең маңыздысы — Дастанның толықтай сауығып, жаңа күшпен оралуы. Ол әлі де клубқа да, ұлттық құрамаға да көмек көрсете алады»,– деді бұрынғы қақпашы.

Қазақстан осы айда 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында екі ойын өткізеді. Алдымен 10 қазанда өз алаңында Лихтенштейнді қабылдаса, араға үш күн салып Солтүстік Македонияға қонаққа барады.

Айта кетейік, Ел құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде J тобында Солтүстік Македония, Уэльс, Лихтенштейн және Бельгия құрамаларымен сынға түсіп жатыр. Бес ойында үш ұпай жинаған отандастарымыз турнир кестесінде төртінші орында келеді.

Азамат Бақи

Азамат Бақи

InstagramInstagram