03.09.2025 10:52
Шамамен 500 млн еуро шығарып, рекорд орнатты. «Ливерпульдің» трансферлері
03.09.2025 10:52
«Ливерпуль» жазғы трансфер кезеңінде ең белсенді клубтардың бірі болды. Кемі 30 млн еуродан алты ойыншы сатып алып, рекорд орнатты.
Tranfermarkt бойынша мерсисайдтықтардың жалпы шығыны 482,9 млн еуроны құрады. Осылайша бір трансфер кезеңінде ең көп шығындалған клуб атанды. Осыған дейін рекорд 2023 жылдың жазында 464,1 млн еуро құртқан «Челсиге» тиесілі болған еді.
Сондай-ақ Англия Премьер-лигасының да рекорд тіркеуіне себепкер болды. АПЛ клубтары осы жазда 3,556 млрд еуроға ойыншылар сатып алды. А Сериясының (1,19 млрд еуро), Бундеслиганың (856 млн), Ла Лиганың (683 млн) және Бірінші лиганың (637 млн) шығынын қосса да бұл сомаға жетпейді.
Ал енді «Ливерпульдің» осы жазда сатып алған алты ойыншысына тоқталсақ.
Джованни Леони: Мерсисайдтықтар бойы 1,95 см құрайтын 18 жастағы қорғаушы үшін «Пармаға» 31 млн еуро төледі. Леони А Сериясында бар-жоғы 17 матч өткізген. Бірақ орталық шептегі үш позицияда да және оң қапталда да ойнап үлгерді.
Джереми Фримпонг: «Ливерпуль» 24 жастағы қорғаушыны «Байерден» 40 млн еуроға сатып алды. Трент Александер-Арнольдтің орнын басуға келіп, екі ресми ойыннан кейін жарақат алып қалды. Енді ұлттық құрамалар матчынан кейін ғана оралады.
Милош Керкез: «Қызылдар» 21 жастағы қорғаушы үшін «Борнмутқа» 46,90 млн еуро берді. Энди Роберстонды «жасартуға» келген Керкез бірден негізгі құрамнан орын алды және прессингімен ерекше көзге түсіп жүр.
Уго Экитике: «Айнтрахт Ф» бұл трансфер үшін 95 млн еуро алды. 23 жастағы шабуылшы Бундеслиганың өткен маусымында ең көп соққы жасаған топ-4 ойыншының қатарында болды. Германия чемпионатындағы 47 ойында 19 гол соғып, он нәтижелі пас берген. Ал «Ливерпульдегі» төрт матчында үш гол соғып үлгерді.
Флориан Вирц: Мерсисайдтықтар аттай қалап, 125 млн еуроға сатып алды. 22 жастағы ойыншы «Байердің» чемпион атануына зор үлес қосып, көз тіккендердің қарасы қалың болды. Бірақ Вирц Арне Слоттың жобасына қызығушылық танытты.
Александер Исак: «Ливерпуль» соңғы сәтке дейін үмітін үзбей, 25 жастағы шабуылшы үшін 145 млн еуро берді. Осылайша бұл АПЛ тарихындағы ең қымбат трансфер болды. «Ньюкасл» сапындағы 109 ойында 62 гол соққан форвард мерсисайдтықтардың қатарына қосылуды көздеп, жаттығуға да қатыспай қойған еді.
Сонымен қатар Марк Гехиді де 40 млн еуроға сатып алуға келісіп қойған еді. Бірақ «Кристал Пэлас» оның орнына ойыншы таба алмай, трансфер жүзеге аспай қалды.
Сондай-ақ «Ливерпуль» сегіз ойыншысын сатып, 219,50 млн еуро пайда көрді. Бірақ жалпы баланс -263,40 млн еуроны құрады.