14.09.2025 23:07

«Реалға» қарсы кім ойнайды? Шерхан Қалмұрза дайын ба?

14.09.2025 23:07

Қазақстан Премьер-лигасының 23-туры аясында «Қайрат» ежелгі қарсыласы «Ақтөбені» (1:0) тізе бүктірді

Алайда, матчтан кейін жанкүйерлер екіұшты әсерге бөленді. Команда қақпашысы Темірлан Анарбеков ауыр жарақат алды. Осыған дейін бірінші нөмірлі Заруцкий де қатардан шыққан еді. Енді Чемпиондар лигасында ел намысын кім қорғайды? Бұл жерде бір ғана нұсқа бар. 18 жастағы Шерхан Қалмұрза!

Анарбековтың жағдайы

Тек «Қайрат» жанкүйерлері үшін ғана емес, қазақстандық футболсүйер әр жан үшін бұл жаңалықтың ауыр тигені рас. Анарбеков Уче Агбомен соқтығысып, жағына ауыр соққы алды. Нәтижесі – Темірланды алаңнан жедел жәрдем алып кетті.

Біздің инсайдтық ақпаратқа сәйкес, Анарбеков алдағы бір ай бойы командасына көмектесе алмайды. Ертең ел құрамасының қақпашысына ота жасалады. Сәйкесінше, Чемпиондар лигасындағы «Спортинг» һәм «Реалмен» ойынды өткізіп алады. Сондай-ақ, ел біріншілігіндегі «Жеңіс» пен «Жетісуға» қарсы ойынға да қатыса алмайды.

Заруцкий ше?

Александрдың жағдайы тіпті қиын. «Қайраттың» әуелгі қақпашысы сонау «Селтикпен» Глазгодағы ойында жарақат алған. Тізесі оңбай зақымдалса керек, қазан айының соңына дейін ойнамайды деген қауесеттер өріп жүр.

Қалмұрза дайын ба?

«Қайрат» футбол клубында жалпы бес қақпашы бар: Анарбеков, Заруцкий, Қалмұрзадан бөлек, Ильдар Меңдіғалиев және Диас Реимов.

Шерхан 2007 жылдың 15 маусымында дүниеге келген. «Қайраттың» төл түлегі. «Селтикке» қарсы бірінші ойында Заруцкийдің орнына шыққан Анарбеков жарақат алған сәттегі жәутеңдеген көзі әлеуметтік желіде тарап кеткені есімізде. Енді шынымен Чемпиондар лигасында өнер көрсетудің сәті түсіп тұр.

Қалмұрзаның тәжірибесі жайлы ештеңе дей алмаймыз. Өрен қақпашы күні бүгін «Қайраттың» негізгі құрамында дебют жасады. Осыған дейін «Қайрат-Жастар» клубында қақпа күзеткен. QJ лигада жалпы 24 ойын өткізіп, оның төртеуінде гол жібермеген. «Ақтөбеге» қарсы тұсаукесер матчында 80-минуттай ойнап, қақпасын аман сақтап қала алды. Анау айтатындай көп соққы да келген жоқ. Алайда, алғашқы матчын «нөлге жабудың» өзі тәуір нәтиже.

Енді Лиссабон төрінде бірден «Спортингке» қарсы Чемпиондар лигасында дебют жасамақ. Одан кейін Алатау бөктерінде «Реалмен» ойын күтіп тұр. Екі матчта да ерше тұрып береді деген үмітіміз бар.

Айта кетейік, «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынын «Спортингке» қарсы 18 қыркүйек күні түзде өткізеді. Ал 30 қыркүйекте өтетін екінші турда Алматыда мадридтік «Реалды» қабылдаймыз.

Азамат Бақи

Азамат Бақи

InstagramInstagram