01.09.2025 08:05
«Реал» «Қайраттың» қарсылас болғанын қаламады
01.09.2025 08:05
Азулы «Реалдың» өзі «Қайраттың» қарсылас болғанын қаламады. Өйткені Мадрид пен Алматының арасы – 6437 шақырым
Екі қаланы жалғау үшін ұшақта он сағаттан астам уақыт шығындайтыны тағы бар. Оның үстіне, испан басылымдары ойын қыста өтсе, тіпті қиналарын қосқан. Жалпы алғанда, «Қайрат» үшін қуанышты жаңалық болғанымен, «Реал Мадрид» осал команда түсті деп бөркін аспанға атпады.
Бутрагеньо бүй дейді
«Реал» – Чемпиондар лигасы тарихындағы ең титулы көп клуб. Мадридтіктер қоржынында 15 «қалқан құлақ» трофей бар. Еуропаның талай ұжымына арман болған кубокты қатарынан үш жыл (2016, 2017, 2018) қанжығаға басты. Оған 36 рет Ла Лиганы, 20 рет Испания кубогын, 13 рет Испания Суперкубогын жеңіп алғанын қосыңыз. Сонымен, атағы дардай «бланкос» Алматыға келе жатыр.
Иә, жеребе тарту рәсімі бітер-бітпестен RealmadridTv талқылауды бастап кетті. Сонда клубтың институционалды байланыс жөніндегі директоры Эмилио Бутрагеньо «Реалды» ауыр жол күтіп тұрғанын, мұндай командамен бұрын-соңды матч өткізбегенін айтты. Онсыз да тығыз кестенің «Қайратпен» тоғыстырғанына кейіді, білем. Сөзінде қай команданың болмасын жігерлі екенін, сондықтан дайындыққа ден қою керегін қосты. Әр ойынның құны барын, соған сай жоғары нәтиже көрсетуді қалайтындарын жеткізді.
Ал басылымдар не дейді?
Тек бұл ғана емес, Еуропа басылымдары «Қайрат» жайында құлағдар. «Селтикпен» матчтағы сенсациядан кейін селқос қарайтын түрі жоқ. Команданың басты қаруы ретінде ара қашықтықты айтады. Біразы (El Espanol, The Objective, AS) «сарыалалардың» тарихына тоқталып, қанша рет ел чемпионы атанғанын, еуроаренадағы өнеріне баға берген. Биыл «Олимпияны», «КуПСты», «Слованды» қалай жеңгенін, Брендан Роджерсті «аттап» өте барғанына да тоқталған. «Челси» көз тіккен Дастан Сәтпаевты, «Селтикті» сілкіп алған Темірлан Анарбек туралы да жазған. Әсіресе, «Реалдың» қанша уақыт жол жүретінін, Алматы мен Қытайдың арасын 350 шақырым бөліп тұрғанын талқылаған. Егер матч қыста өтсе, Алатау баурайында ауа температурасы -15-ке дейін түсуі мүмкін екенін де қосқан.
Жол турасына келгенде, OKDiario Алматыдан гөрі Нью-Йорктің жақын екенін тізген. Мадридтен жолға шығатын жанкүйерлердің тікелей жете алмайтынын, ойыншылардың Алматыға шаршап-шалдығып келуі де матч тағдырына әсер ететінін жазған.
Аты шулы Marca басылымы да мадридтіктерді ауыр жол күтіп тұрғанын, Қазақстанға алғаш рет баратынын тізген. Мақала тақырыбы да бейжай қалдырмайды: «Реал Мадрид Еуропаның бес чемпионымен ойнайды... және «Алматы».
«Селтикпен» ойын жайында, қазақтардың 210 минут бойы төтеп бергенін, Темірлан Анарбектің үш пенальтиді тосқанын Elnacional.cat та атап өткен. Әсіресе, тақырыбына «Арктика суығынан Қытайға дейінгі жол» дегенді қолданған. Қызығы, бұл мақала жеребе тартылардан бір күн бұрын жарық көрген. Яғни, «Қайрат» пен «Буде/Глимттің» біреуі «Барселонаға» қарсылас атана қалса, ойыншыларды жол соғатыны туралы жазған. Чемпиондар лигасы тарихындағы ең алыс арақашықтық рекорды «Бенфика» мен «Астана» клубына тиесілі екенін қосқан. Егер «Қайратқа» португал командасы түсе қалса, рекорд жаңаратынын түсіндірген.
Әсіресе, The Objective басылымының журналисі Уго Гонсало «Қайраттың» тарихына, чемпионаттағы темпіне, еуроаренадағы өнеріне баға берген. «Орталық стадионды» тау қоршап тұратыны, ол жақта ауа температурасы жыл мезгіліне сай өзгеретінін жазған. Қызығы, журналист «Қайраттың» биыл ел чемпионы болатынына сенімді. Өйткені мақаласында клубтың бес рет ел чемпионы атанғанын көрсеткен. «Селтикті» пенальти сериясында қапы қалдырғанын, Еуропа лигасы мен Конференция лигасы іріктеуіне жыл сайын қатысатынын қосқан. Сондай-ақ клубта жас таланттар көбіне, соның ішінде «Челси» сатып алған 17 жастағы Дастан Сәтпаевтың статистикасына тоқталған. «Қайраттың» шабуылдағы көзіріне айналғанын, Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінде үш гол соққанына назар аударған. Мадридті ұзақ жолға шығатынын, өз алаңында «Қайраттың» сақ қимылдайтынын да тілге тиек еткен.
El Espanol басылымы мақаласын «Реал Мадридке» осы жеребедегі «тосынсый» бұйырғанынан бастаған. Қытаймен арасын 300 шақырым бөліп жатқан ел Мадридтен 8 мың шақырым алыста екенін қосқан. Биыл жеребенің экзотикалық тұсын, жер шарының шығысы мен солтүстігін аралайтынын атап өткен. «Реал Мадрид» пен «Қайрат» арақашықтығынан, Лиссабон мен мен Алматының арақы әлдеқайда алыс екеніне тоқталған. «Корольдің клубы» мұнша алысқа сарап шекпесе де, клубтың тәжірибесі бар екенін тәптіштеген. Басылымның жазуынша, 1999/00 маусымда ЧЛ аясында қараша айында Мәскеудің «Динамосына» қарсы матч өткізген. Осы матчтан соң, мадридтіктер суықта футбол ойнаудың қандай екенін түсінген деседі. Одан бөлек, Алматыда 2,5 миллионнан астам адам тұратынын. Қаншама жыл өтсе де қалада әлі орыс тілі үстемдік құратыны да тоқталған. Одан кейін испан клубтарының Қазақстанға жолы туралы талдаған. Алғаш рет «Вильярреалдың» қазақ топырағына табаны тигенін, 2014 жылы «Астанамен» Еуропа лигасының іріктеуінде кездескен жазған. 2015/16 маусымда «Атлетиконың» ақ қар, көк мұзда елорда клубымен тең ойнағанын (0:0) қамтыған. Команда құрамын талдап, қазақтардан басқа қанша ұлт өкілі барын да жазған. Қысқаша айтқанда, «Қайратпен» ойында «Реалға» жол, ауа райы, уақыт айырмасын (3 сағат) әсер ететінін болжаған.
Естеріңізге сала кетсек, «Қайрат» – «Реал» матчы 30 қыркүйек күні Алматыда өтеді.