31.08.2025 18:24
«Қайрат» «Оқжетпестен» есесін қайтарды
31.08.2025 18:24
Қазақстан Премьер-лигасының 22-туры аясында «Қайрат» «Оқжетпестен» басым түсті
Көкшетауда өткен ойында 0:1 есебі тіркелді. Матчтағы жалғыз голды «Қайрат» жартылай қорғаушысы Жоржиньо 8-минутта соқты.
Осылайша, «Қайрат» 46-ұпайын еншілеп, турнир кестесінің көш басында тұрған «Астанамен» теңесті.
Одан бөлек «сары-қаралар» бірінші айналымда көкшетаулықтарға кеткен есені қайтарды. Бұған дейін 10-турда өз алаңында 1:2 есебімен жол беріп қойған еді.
Рафаэль Уразбахтин шәкірттері ішкі біріншіліктегі келесі кездесуін 14 қыркүйек күні «Ақтөбеге» қарсы Алматыда өткізеді. Одан кейін Лиссабон қаласына маңызды сапар күтіп тұр. Чемпиондар лигасының 1-туры аясында «Спортингке» қонаққа барады. Аталған матч 18 қыркүйекке белгіленген.
Еске салудан жалықпаймыз, «Қайрат» іріктеу кезеңінде «Олимпия», КуПС, «Слован» және «Селтикті» қапы қалдырып, тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасына жолдама алған еді.
Енді Алматының ұжымы жалпы кезеңде «Реал», «Интер», «Арсенал», «Брюгге», «Спортинг», «Олимпиакос», «Пафос» және «Копенгаген» сынды командалармен шеберлік байқасады.