10.09.2025 02:52

Қазақстан Ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері кім?

10.09.2025 02:52

Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев өз еркімен қызметінен кетті. Брюссельдегі 0:6 есебін бапкердің аса ауыр қабылдағаны 30 секундтық баспасөз мәслихатында қатты байқалған.

Әлиев қалай кетті?

Жыл басында ҚФФ-ның жаңа басшылығы бұрынғы бапкер Станислав Черчесовпен келісімшартты үзіп, орнына Әлиевті таңдағанда таңдай қаққандар аз болған жоқ. Жаттықтырушылық портфелінде «Қызылжар» командасының атауы ғана көбірек сақталған маман бұл қызметке лайық па, лайық емес пе, шынын айтқанда, оны талқылайтын уақыт көп қалған жоқ. КХДР, Кюрасао сияқты экзотикалық құрамалардың бірінен жеңіліп, бірін жеңіп, 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне дайындық жасағанмен, Әлиевтің құрама тізгінші ретіндегі әлеуетін көп ешкім шамалай алмады.

Іс басына келгенде жаңа да жас бапкерге біраз міндет жүктелді:

  • Құраманы жасарту. Ғалымжан Кенжебек, Темірлан Анарбеков, Дастан Сәтбаев, Алияр Мұхамед, Дәурен Жұмат, Дамир Қасаболат, Мұратжан Халматов, Дінмұхамед Қараман – бір қарағанда, өте жақсы тізім. Олар бұрыннан ойнап жүрген, жастары 20-ны енді ғана аралаған Максим Самородов, Ислам Чесноков, ағайынды Астановтар, Әділбек Жұмаханов, Нұралы Әліп, Әлібек Қасымға қосылса, құраманың жаңа келбеті шыға келердей көрінді. Бірақ Бельгиямен кездесу біздің жастардың әлі көп өсуге тиіс екенін айқындап берді.

  • Қарттардан «құтылу». Александр Марочкин Лихтенштейнмен, Асқат Тағыберген Солтүстік Македониямен кездесулерден кейін құрамадан кетті. Айтары жоқ, екеуі де құрама ұстыны, мықты футболшылар. Екеуі де ділгір шепте ойнады. Бірақ олар кеткен соң, дәл осы шептерге кандидат табу Әлиевтің негізгі бас ауруына айналып кетті. Сондықтан орталық қорғанысқа баяғы Сергей Малый (35 жаста), жасы отыздан асқан, орталық қорғаушы орнында «Ордабасыда» жиі ойнай бермейтін Ұлар Жақсыбаев шақырылды. Қас қылғандай, Марат Быстров биыл «Астанада» негізгі құрамға ілінуді қойды. Ал жастар – жоқ! Сағадат Тұрсынбай («Ордабасы») ауыр жарақаттан биыл ғана оралды, әлі бабында емес. «Қайраттық» Александр Широбоков екі легионердің (Мартынович пен Сорокиннің) тасасынан сығалай алатын емес. Жұмаханов «Елімайдың» негізгі құрамында жүргенмен, құрама бапкерлерін мықты ойынына сендіре алмаған сыңайлы. Демек, Бельгиядан 0:6 болып ойсырай жеңілуге осындай алғышарт әу бастан-ақ болған сияқты ма?

Артқы жартылай қорғанысқа Рамазан Оразовтың шегінуін де Әлиевтің дана шешімінің қатарына жатқыза алмаймыз. Мәжбүри қадам болды бұл. Жуковтың, Тапаловтың жарақаты бар, Бейсебеков бұрынғыдай емес. Маусым басында жақсы көрінген Мәди Хасейін де «сынып» қалды. Әлиев не істейді – «Қайрат» сапында жауынгерлігімен көзге түскен Қасаболат пен... 36 жастағы Серікжан Мұжықовты негізгі құрамға қояды. Сөйтіп, «қарттардан құтылу» операциясы «қарттарды қайтару» операциясына ұласып кеткен сияқты... Қараман мен Халматов енді ашылмаса...

Нәтиже. Мақсат. Меже. Шын мәнінде, Әлиевке «құраманы 2026 жылғы әлем чемпионатына шығар!» деген міндет қойылған жоқ. Черчесов «дәуірінен» кейін бас командамыздан әлемнің таңдаулы 48 құрамасының қатарына кіруді талап ету таза мазақ болар еді.

Демек, Әлиев ресми 6 кездесудің бесеуінде жеңіліп, біреуінде ғана жеңіске жетсе де, жолдастық кездесуде Беларуське 1:4 есебімен есе жіберсе де... өзіне қойылған міндетті атқарды – құраманы жасартты. Бірақ нәтиже – 0-ден сәл ғана жоғары.

Сонымен, рақмет, Әли Ханәлиұлы! Енді біз жаңа сапарға бет алдық.

Отандық маман керек пе?

Жыл басында отандық мамандар арасынан лайығы ретінде Қайрат Нұрдәулетов, Григорий Бабаян, Андрей Карпович – көбірек, Самат Сымақов, Нұрбол Жұмасқалиев аракідік аталды.

  • Қайрат Нұрдәулетов. «Ертіске» сапары тез аяқталған Қайрат Жұмабекұлы қазір «Оқжетпесті» жаттықтырып жүр. Бірақ қазір бұл маманды құрама тізгіншісі ретінде көру қаңтар-ақпандағыдай қызу қолдауға ие емес. Қайрекеңнің өзі бапкерлік мәртебесіне сәл көлеңке түсіріп алды ма әлде? Дегенмен Әлиев тәжірибесіне үңілсек, жас бапкерлерге қатты сену де аса дұрыс шешім бола бермейтінін шамалаймыз.

  • Григорий Бабаян. Григорий Констанинұлы дәл қазір құрама тізгінін ұстауға тәуекел етпейді. Біріншіден, «Астана» барлық турнирден шығып, жалғыз чемпиондыққа таласу опциясымен ғана қалды. Қазір құраманы баптайтын болса, Бабаян өзінің бапкерлік мәртебесін таразы басына мықтап қояды. Ондай тәуекел оған керек пе? «Астана» сапынан соңғы кездері құрамаға жалғыз Ян Вороговскийдің шақырылып жүргені және бар.

  • Андрей Карпович. Бұл маман қазір құрамадан гөрі «Елімайды» көбірек ойлауға мәжбүр. Өткен маусымда шешуші ойындардың барлығында жеңілген соң, биыл Абай облысының футбол сүйетін әкімі Берік Уәли мырза команданың қайта ұйыққа түсуін кешірмеуі бек мүмкін. «Саған сенудей-ақ сендік қой» деп. Сондықтан Андрей мырзаны құрамаға кандидат ретінде де қарастырмаймыз.

  • Самат Смақов. Биыл «Жетісу» тізгінін ұстап, Самат Кәбирұлы үлкен тәуекелге барды. Талдықорғандық клуб жастарға сенім артты. Бұрын аты белгісіз Есімбеков, Асқаров, Ахмедов, Кәрімов, Оматай, Мұхаметханов, т.б. футболшылармен ол ҚПЛ майданына жап-жақсы төтеп беріп келеді. Бір рет алаң жиегінен қуылып, төрт матч айып арқалағаны да бар. Екінші рет ет қызуымен сөйлегенде, тіпті «Жетісу» да мәлімдеме жасап, бапкердің жеке пікірі клуб ұстанымымен қабыса бермейтінін де айтып қалды. Шынын айтқанда, Смақов үшін «Жетісу» – бапкерлік ғұмырын құтқарып, реттеп беретін клуб. 2023 жылдың соңында «Елімайды» Премьер-лигаға шығарып тұрып, нұсқалған есіктен сыртқа шығып кетуге мәжбүр болған Кәбирұлы енді өзінің іске жарайтынын дәлелдеу шаруасымен жүр. Сондықтан әзірше құрама бапкері ретінде шорт-листке мүлде енбейтінін түсінеміз.

  • Нұрбол Жұмасқалиев. Нұрбол Жәрдемұлы «Тобылға» ақылды ойын қойып берді. Биыл кубоктан да, чемпиондықтан да дәмесі бар. Бірақ... Нұрекеңнің бір минусы бар – ол Әлиев штабында болды. Демек, құраманың соңғы сәтсіздіктеріне ол да жауапты. Мүмкін, Жәрдемұлы енді құрамадан босап, тек «Тобылдың» мәселесімен ғана қалатынына қуанып жүрген шығар.

Байқасаңыздар, қазір қарт мамандар мүлде аталмайды. Қарт дегенде, жасы 55-тен асқан қазақстандық бапкерлердің көпшілігі жұмыссыз жүр. Демек, оларға құрама тізгінін берудің еш реті де, орайы да жоқ.

Шетелден келсе, кім келеді?

Бірден айтайық, бізге Ресей жаққа, тіпті ТМД мен Шығыс Еуропа төңірегіне алаңдаудың қажеті жоқ. Пахомов, Красножан, Бородюк, Черчесов төрттігінің «мұрасы» керемет емес. Әдиевтей ерен ер сирек шықты бұл ортадан. Беранек, Билек, Стойлов таңдауы да аса сәтті бола қоймады. Әлде Стойловқа мүмкіндік пен уақыт аз ғана берілді ме? Стойлов құрама тізгінін бір-ақ жыл (2018) ұстады, үлкен додаларға қатысып та үлгерген жоқ.

Күні кеше ресейлік журналист Александр Троцкий қызық инсайд таратты.

«Бұрын жазғанымдай, шетелдік маманды күтеміз. Вайсс басымдау кандидат болып тұр. Стойловпен де қарым-қатынас бар» деп жазды ол.

Троцкий бұл деректі қайдан алды – білмейміз.

Бірақ Вайсстың Қазақстанға оралуы ықтимал екені «Қайрат» - «Слован» текетіресінен кейін көп айтылды. Владимир Вайсс кезінде «Қайратты» табысты жаттықтырды. Ұлттық құрама бапкері ретінде тәжірибесі де, беделі де жеткілікті. Бірақ ол «Словандағы» жылы орнын суыта ма? Биылғы еурокубоктағы қателігін түзеуге белсене кіріспесіне кім кепіл?

Дегенмен Вайсс келіп жатса, таңданбайтындар қатарында екенімізді де айтып қояйық.

  • Станимир Стойлов. Түркия Суперлигасында бұл маман «Гөзтепенің» жақсы қолтаңбасын қалыптастырып үлгерді. Әрине, суперклуб емес, бірақ «Галатасарай», «Фенербахче», «Трабзонспор», «Бесікташ», «Башакшехирлердің» арасына сына қағуы да ықтимал. Станимир алғашқы ұсынысты алақайлап қабылдай салатын мамандар қатарынан емес. Іріктеу кезеңіндегі бес ойынның төртеуінде жеңілген, өзі жақсы білетін Қазақстан құрамасын қазір жаттықтыру болгар бапкерінің қолайына жақпайтын шаруа болуы ықтимал.

Басқа кімдер бар?

Өз басым қазір ҚФФ электронды поштасына, факсына небір үміткерлердің, әсіресе солтүстіктегі көршілеріміздің түйіндемелері топ-тобымен келіп түсіп жатқанына 100 пайыз сенімдімін. Марат Омаров түрлі қоңырауларға, хабарламаларға сыпайы жауап беріп, жауапты жандармен жақсылап кеңесіп жатқаны да күмән тудырмайды.

Дегенмен жанкүйер ретінде алысырақ көз тастағанын қалайтын едік.

Біз білетін бос мамандар жеткілікті.

  • Жозе Моуринью. Жоқ, ол біз жаққа тіпті көз қырын салмайды. Кезінде Қазақстанды Люксембург, Лихтенштейндер қатарында ергежейлі деп те атаған. «Қазақстан өзі сияқты ергежейлілермен бірге төменгі лигада ойнауы керек» деген. Яғни «кіші құрамалар» өз қиына өзі батып жата бергенін жақсы көреді.

  • Йоахим Лөв. Германия құрамасынан кеткелі бері бос. Өзбекстан құрамасын 2026 жылғы әлем чемпионатына бастап баруы ықтимал екені жиі айтылып қалып жүр. Кезіндегі Берти Фогтстың Германия құрамасынан кетіп, күндердің күні Әзербайжан құрамасын баптағаны сияқты қадамға Лөв бара қояды дегенге сену қиын.

  • Нуну Эшпириту Санту. Кеше ғана «Ноттингем Форестен» кеткені белгілі болды. Түріне қараған адам сұсынан қорқып кететін маман біздің жігіттерді бір сәт босаңсытпайтыны күмәнсіз. Бірақ Сауд Арабиясына сапарлап, күректеп ақша тауып үйренген жаттықтырушыны Қазақстанға қандай ілікпен шақыра аламыз, мәселе сонда ғой.

Әрине, Моуринью, Лөв, Эшпирту Сантуды атағанда, ептеп әзілдеп отырғанымыз да рас. Бірақ сол қатарлы мамандардың тілін таппасақ, қазіргі сергек футболды сезіндіретін адамға аса ділгір екенімізді уақыт сәт сайын дәлелдеп отырған жоқ па?

Күні кеше Әзербайжаннан кеткен Фернанду Сантуш, Лучано Спалетти, Роберто Манчини, Сержиу Консейсау... Бәрі бос.

Еуропада көзге түсе алмаса да, Таяу Шығыс құрамаларымен тәуір табысқа жеткен Брюно Метсю, Эрве Ренар сияқты мамандарды да тауып алуға болатын сияқты. Кезінде Магомед Әдиев келгенде улап-шулап қарсы алып, кеткенде жылап шығарып салғанбыз. Сондай қазақстандық футболшылардың барлық мүмкіндігін сарқа пайдалана алатын, «деңгейіміз осы ғой» дегізбейтін бір маман керек.

Әрине, іріктеу кезеңі аяқталуға небәрі 4 тур қалғанда қос білегін түрініп келе қалатындар аз шығар.

Бірақ біз сәтсіздіктен шаршадық.

Қазақстан құрамасы әр жыл сайын кемі екі рет 0:3, 0:4, 0:5, 0:6 (тіпті кейде 0:8) есебімен ұтылады. Дәстүрге айналды бұл.

Бар-жоғы бір жарым жыл ішінде кеше Данияны 0:2-ден 3:2 жасап естен тандырған құрама жер бауырлап, нағыз ергежейліге айналды дегенге сенгіміз келмейді.

Жақсы бапкер таңдаңыздаршы! Өтінеміз.

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

InstagramInstagram