08.09.2025 18:20
Әли Әлиев отставкаға кетті ме?
08.09.2025 18:20
Әли Әлиев Бельгиямен өткен кездесуден кейін елге жеткен соң отставкаға кететінін мәлімдеді. Ол осыдан 5,5 ай бұрын бас бапкер болып тағайындалған-ды. Одан бұрын 31 қаңтардан бастап бас бапкердің міндетін атқарды. Ресми түрде тағайындалмай тұрып, төрт матч өткізіп, екі рет жеңіске жетіп, екеуінде жеңілді.
Құрамадағы жарты жыл
Әли Ханәлиұлы 21 мамыр күні ҚФФ-мен келісімшартқа отырып, бас бапкер лауазымына тағайындалды. Беларусьпен өткен жолдастық кездесуде ресми қызметке кірісті. Алайда бұл ойын: 4:1 есебімен алаң иесінің пайдасына шешілді. Одан кейін 2026 жылғы Әлем Чемпионатына іріктеу аясында «Астана-Аренада» Солтүстік Македониядан (1:0) жеңілді. Қыркүйектің басында Уэльс құрамасымен ойын да сәтсіз аяқталды (1:0). Дәл осы матчтан соң, Әли Әлиевтің құрамадағы тағдыры өзгеріп сала берді. Өйткені жанкүйерлерге оның Уэльспен кездесудегі ойын тактикасы ұнамады. Әлеуметтік желіде де, баспасөз бетінде де біраз сын айтылды.
Жығылғанда жұдырық болғандай, 7 қыркүйек күні Бельгияда өткен ойын да Әлиевтің басындағы қара бұлтты сейілткен жоқ. Керісінше, матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Қазақстанға жеткен соң, бірден жұмыстан шығуға арыз жазатынын жеткізді. Айтпақшы, аталған кездесу 6:0 есебімен аяқталды.
Кімнің бапкерлік дәуірі ұзақ, кімдікі қысқа?
Тәуелсіз Қазақстан тарихында ұлттық құраманы 22 бапкер баптаған. Оның 12- сі ел азаматы болса, қалған 11-ін шетелден шақырды. Алдымен, бапкерлердің арасында кім қысқа уақыт аралығында жұмыс істегенін тізейік. Даңқты бапкер Владимир Фомичев ұжыммен ресми түрде бір ғана ойынға қатысқан екен. Дәл сол күні, 2000 жылы 10 желтоқсанда Біріккен Араб Әмірлігімен жолдастық кездесу өткізіп, 5:2 есебімен жеңілген. Осылайша, Фомичев 11 желтоқсан күні қызметінен кеткен. Одан кейін бапкер Сергей Гороховодацкий (1.12.98 – 12.12.98) ұлттық құраманы 11 күн баптаған. 5 матч өткізіп, екі рет рет жеңіп, біреуін тең ойнап, екі рет жеңілген. Жұмыстан кетуіне Азия ойындары кезінде Ливаннан 3:0 есебімен ұтылғаны себеп болған. Үшінші орында – Андрей Карпович. Ол 18 күн команда тізгінін ұстаған. Екі ойын өткізіп, біреуін жеңіп, екіншісінде жеңілген. Есіңізде болса, Карповичтен соң құрамаға Адиев сынды адуынды бапкер келген-ді.
Енді кімнің ұзақ уақыт ел құрамасын жаттықтырғанына тоқталайық. Құрама тарихында ұлттық құрамаға ұзақ уақыт бойы бас болған чех маманы –Мирослав Беранек. Transfermarket дерегі бойынша, ол 2 жыл 11 ай бойы (31.01.2011 – 31.12.2013жж) жұмыс істеді. Барлығы 24 кездесу өткізіп, 5 жеңіс тіркеп, 6 рет тең ойнап, 13 рет жеңілген.
Содан кейін, 2006 жылы ҚФО (сол тұста ҚФФ атауы солай болған – ред.) басшылығы Нидерланд маманы Арно Пайперсті әкелді. Ол жігіттерді бақандай 2 жыл 7 ай дайындады. Барлығы 36 кездесу өткізген. Оның жетеуінде жеңіп, 11 матч тең ойнап, 18 жеңіліс тіркеген. Пайперстің қызметінен кетуіне Қазақстан құрамасының 2010 жылғы ӘЧ-ге іріктеу кезеңі аясында Украинаға 3:1 есебімен есе жіберуі себеп болды.
Келесі бапкерді «Астана-Аренаға» 30 мың жанкүйер жинап, жігіттерді Даниядан жеңісті жұлып алардай жігерлендірген десем, бірден тауып қоясыз ғой? Иә, бұл – Могамед Мұсаұлы Адиев. Ол тура 2 жыл, 1 ай бойы команданы жаттықтырды. 21 матч өткізіп, 11 рет жеңіс туын желбіретіп, 1 рет тең ойнап, 9 рет жеңілген.
Ал 22 бапкер ұжым тізгінін ұстады десек, соның ішінде Талғат Маруаұлы Байсуфинов екі рет бас бапкер болып тағайындалған. Алғашында, 2016 жылдың басынан 23 маусымға дейін бас бапкер міндетін атқарушы болып, 24 маусым күні ресми жұмысына кіріскен. Осы аралықта 8 ойын өткізіп, 2 жеңіс, 3 тең ойын, 3 жеңіліс тіркелген. Одан кейін 2020 жылы 14 желтоқсанда қайта сайланып, 1 жыл 3 айдан соң қызметінен кеткен.
Расында, ұлттық құрама бапкерлері арасында бірде бір рет жеңілмеген бапкер барын айтсам, сенесіз бе? Ол – Бақтияр Байсейітов. Білікті бапкер барлығы 7 ойын өткізіп, 4 рет жеңіске жетіп, 3 тең нәтижеге жеткен.
Әлиевтің орнына кім келеді?
Әли Әлиев Бельгия төрінен мәлімдеме жасаса да, ҚФФ президенті жағдайды басқаша сараптап көрмек. Марат Омаровтың айтуынша, бапкердің жұмыстан кетуі турасында түпкілікті шешім шықпаған. Нақты жауабы 12 қыркүйек күні жарияланады.
«Кім бас бапкер болады – оны кейін шешеміз. Қай елдің маманы екені маңызды емес, бізге ең әуелі кәсібилік қажет. Әли Әлиевтің тұсында құрам жасарды, бірақ нәтижеге келгенде бәрібір көңіл толмайды. Сондықтан елге оралған соң кадрлық мәселелер бойынша нақты шешім қабылданады», – деген еді федерация президенті.
Оның айтуынша, Әлиев ұлттық құраманы жасарту мәселесінде белгілі бір деңгейде нәтиже шығарған. Қазір командадағы ойыншылардың орташа жасы – 25–26 жас.
Ал алыс-жақын шетелдік БАҚ-қа да Қазақстан құрамасын кім жаттықтыратыны қызық. Мысалы, Ресей журналисі Александр Троицкий Слован маманы Владимир Вайсс пен болгар маманы Станимир Стоиловтың бас бапкер болуы мүмкін екенін айтқан. Одан бөлек, жанкүйерлер «Крылья Советовты» бастап жүрген Могамед Адиевті қайта шақыруды сұраған.