07.08.2025 15:43
9
Аралдың Абаты қалай ұлттық құрама қаһарманына айналды?
07.08.2025 15:43
9
Абат Айымбетов әкесімен бірге футбол тамашалап, топ клубта доп тебуді армандаған. Қызығы, «Ақтөбе» үшін жеңіс голын соққанда ағасы көлігін сыйлаған екен. Мансабының әр кезеңін баяндап бергенде жүрек дүрсілін сезгендей болдық. Сонымен, футболға жан-тәнімен ғашық Аралдың Абаты қалай ұлттық құрама қаһарманына айналды?
Футболға әкелген әкем
Иә, мені футболға баулыған әкем. Жеті жасымда қолымнан жетектеп Ақтөбе қаласындағы спорт мектебіне ертіп апарды. Бұл футболдан облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві спорт мектебі еді. Жалпы әкем әуесқой футболшы болған. Өзі үлкен жетістікке жете алмағаннан соң, менің үздік ойыншы атанғанымды қалады. Өзі мансабын 27 жасында аяқтады. Оның үстіне отбасымызда жалғыз ұл болған соң білгенін үйретіп, футболдың қыр-сырына қанықтырды. Ал алғашқы бапкерім – Ракиль Ниязғалиұлы. Сол кісіден тәлім алдым. Бапкер ниетімнің жоғары екенін байқаса керек, менен үміт күтетінін, жақсы ойыншы атануға мүмкіндік барын айтты. Ақтөбе академиясына 8 жастан бастап қабылдады. Сонда 16 жасқа дейін доп теуіп, «Ақтөбе» клубының дубль құрамасына ауыстым. Бір жылдан кейін көптен күткен күн келді. «Ақтөбенің» негізгі құрамы мен жастар матч өткіздік. Нәтижесінде, негізгі құрамаға екі гол соғып, көзге түстім. Матч аяқталған соң «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Мұқанов жаныма келіп, қал жағдайымды сұрап, көзі түскенін жеткізді. Осылайша, арада төрт күн өткенде негізгі құраммен бірге жаттығуға шақырды.
Осы хабарды естігендегі сезімді әлі күнге сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қуаныштан төбем көкке екі елі жетпей тұрды. 17 жастағы жасөспірімнің арманы орындалғандай еді. Сүйіншімді сұрап, жаңалықты әкем мен анама жеткіздім. Сондағы әкемнің арқамнан қаққаны ерекше әсер етті. Сөйтіп, төрт күн жаттығу жиынына қатыстым. Мен үшін мұның өзі құрмет-ті. «Ақтөбенің» аңыз ойыншыларымен бірге доп теуіп, аурасын сездім. Самат Смақов, Эмиль Кенжесариев, Тимур Кападземен әңгімелесіп, қатар жүру бақыт-ты. Себебі осыдан екі жыл бұрын «Ақтөбенің» кезекті ойынында болбой болып қызмет етіп, аталған ойыншыларға доп жеткізетінмін. Енді солармен қатар тұрып, бір клубта ойнап жүрмін. Футболды өмірімен байланыстырған адамға бұдан артығы бар ма?
«Гол соқсаң, көлік сыйлаймын»
Осылайша, 2012 жылы негізгі құраммен жаттыққаныма үш күн толғанда «Атырауға» қарсы матчқа баратынымды білдім. Мені бірге алып баратынын естіп екі есе қуандым. Кәсіби футболшылармен қатар басқа қалаға баратыныма сенбей, өң мен түстің арасын ажырата алмадым. Сеніңіз, бөлмесіне кумирінің доп ұстаған суретін жабыстырып, жаңа бутсы сатып алғанына мәз болатын бала Абат шынымен риза еді. Атырауға келген соң бапкердің шешімін естіп тіпті шалқамнан түстім. Ойынға қатысатын негізгі құрамды хабарлағанда ішінен аты-жөнімді естігенде не істерімді білмей қалдым. Сол тұста командадағы жас ойыншыға қойылатын лимит бар еді. Жас ойыншы негізгі құраммен бірге он ойынға қатысуға құқылы. Сөйтіп, он ойын қатарынан алаңға шығып, бар білгенімді көрсеттім. Маған сенген Владимир Мұқановқа алғысым шексіз. Тек бұл ғана емес, карьерамдағы барлық бапкеріме айтар алғысым шексіз. Өйткені футболдағы жас сатысы бойынша әр кезеңде әртүрлі бапкерден тәлім алдым. Мен үшін әрқайсысының орны бөлек.
2013 жыл. Менің «Ақтөбе» сапында жасындай жарқылдап жүрген кезім. Чемпион атануға бір табан қалған сәт. «Ордабасы» клубымен жауапты ойын күтіп тұр. Айта кетерлігі, сол шақта әлі де жас баламын, жасым – 18-де. Жауапты ойын алдында отбасыммен бірге дастархан басында жиналып, талқылап отырдық. Сонда ағам «матчта гол салатын болсаң, көлік сыйлаймын» деп айтты. Өзі футболдың шынайы жанкүйері. Ағамның айтқаны есімде қалыпты. Себебі аталған жылдары көлігім жоқ, автобуспен қатынап жүргенмін. Бірақ «алтын» гол соғамын деп ойлаған жоқпын. Ойынның соңғы минутында гол соғып, «Ақтөбенің» чемпион атануына үлес қостым. Тарихқа жазылатын ойында көзге түсіп, қарсылас қақпасын тулатқаныма сенбедім. Матчтан соң үш күн ұйықтамадым. Бойымды билеген эмоцияны басқара алмай, көкте ұшып жүргендей күй кештім. Қызығы, 2013 жылы чемпиондықты да, көлікті де алдым. Ағам сөзінде тұрып, Toyota camry 40 маркалы көлігін сыйлады.
Айта кетерлігі, туған жерім Қызылорда облысы Арал ауданы. Бірақ өніп-өскен, футболшы ретінде қалыптасқан жерім – Ақтөбе қаласы. «Ақтөбе» клубы – әркез жүрегімде. Бала Абаттың арманын орындап, кәсіби футболшы болуына жағдай жасаған мекен. Клубқа айтар алғысым шексіз. Маған кәсіби футболшыға керек бар жағдайды жасап, ары қарай алтын қақпа «ашып» берді. Клубтың негізгі құрамында жеті жыл ойнап, карьеарамды басқа клубта жалғастыруға шешім қабылдадым.
«Қайраттан» шақырту алдым
2019 жылы «Ақтөбе» клубы үшін қиын, менің карьеарамдағы маңызды кезең-ді. Өйткені сол маусымда көп гол соғып, үздік сұрмергендер үштігіне кірдім. Жалпы Қазақстан чемпионатының айы оңынан туып тұрған кез еді. Мықты-мықты легионерлер өнер көрсетіп жүрді. Осынша легионерлердің арасында суырылып шығып, сұрмергендер қатарына ілігу қазақ баласы үшін айтарлықтай жетістік. Осы маусым аяқталған соң, агентім, командам бірігіп, бас қостық. Потенциалымды, қазақ футболына берерім бар екенін бағалап, басқа клубқа ауысуға шешім қабылдадық. Еліміздегі алдыңғы қатарлы клубтардан ұсыныс түсті. Өзімнің еуроаренаға шыққым келді. Бірақ ағаларым әлі ерте екенін айтып, елдегі үздік клубтарда доп теуіп, сүйекті қатайтып алуға кеңес берді.
Сөйтіп жүргенде «Қайрат» футбол клубынан хабарласты. Осылайша, Алексей Шпилевскийдің қолына түстім. Бапкер де менің командаға керек екенімді, стилімді ұнататынын айтты. Жас әрі потенциалым жоғары екенін, әлі де өсуге болатынын да қосты. «Қайрат» маған, мен оған көмектесе алатынымды түсіндіргенде, келісе кеттім. Ойымыз бір жерден шығып, келісімшартқа қол қойдым. Алайда «Ақтөбеден» «Қайратқа» ауысу оңайға соқпады. Білесіздер, қос клубтың жанкүйері бір-біріне қырын қарайды. Содан «Ақтөбеге» арнауымды айтып, түсіндіріп, жанкүйерлерге клубта өткен жылдарым жадымда қалатынын, ұмытпайтынымды, жүрегімнің түкпірінде сақтайтынымды жеткіздім. «Өшіретін де, өсіретін де – халық» екенін жақсы білемін.
«Қайраттағы» бастапқы кезең эмоционалды тұрғыда қиын болды. Жанкүйерлер түсінсін дегендей, бәрін ойынмен, шеберлікпен дәлелдегім келді. Өйткені «Қайрат» жанкүйерлері де құшақ жая қарсы алған жоқ. «Ақтөбеден ойыншы сатып алып қажеті не?!» деп айтқаны бар. Сондықтан бар күшімді салып, клубқа не бере алатынымды көрсеткім келді. Осылайша, «Қайрат» 2020 жылы ел чемпионы атанды. Үздік сұрмергендер тізімде екінші сатыға көтерілдім. Айта кетерлігі, мен үшін «Қайратта» Вагнер Лавтың орны бөлек. Өйткені онымен бірге дуэт құрып, шабуылда небір сойқанды салдық. Ойыншы ретінде де, адам ретінде де биік азамат. Әлі күнге жақсы қарым-қатынастамыз. «Қайратта» жүргенде бар білгенімен бөлісіп, кеңесін беріп жүрді. Мансабымда Вагнер Лав, Марат Хайрулин, Маркос Пиззелли, Тимур Кападзе, Марин Томасов сынды шабуылшылармен бірге ойнадым. Оларға қарасаң, ынтаң ашылып, өсесің. Осының ішінде Вагнермен ерекше атмосфера байланыстырады. Лавпен бірге команда ретінде бір бүтін ойнап, стратегиямен жүрдік. Әр ойын сайын қанат біткендей күй кешетінмін. Түйгенім, егер ұжым бір мүддеде ойнап, біріккенде үлкен жетістікке жетуге болады.
Көлеңкелі кезең
«Қайратта» бір маусым ойнап, Ресейдің «Крылья Советов» клубына ауыстым. Осы тұста карьерамдағы көлеңке кезең басталды. Айтпағым, мұнда менің кінәм жоқ. Агенттердің пайда табу тұрғысынан ойыншыны құрбандыққа шалуы деуге келеді. Футболда мұндай мысалдар көп. Осындайда ойыншы зардап шегеді. Бұл менің де басымнан өтті. Өз басым футболшы ретінде өзімді көрсетуге, сынап көруге бардым. Алайда жоғарыдағы кісілер өзара келіспей, бірде бір ойынға қатыспадым. Осылайша, мұны тарихтың бір тарауы ретінде қалдырып, тезірек ес жиюға тырыстым. Өйткені маған ойнау, алаңдағы тәжірибе қажет. Командамен жол тауып, кеңесіп, «Астанаға» ауысуға шешім қабылдадым.
Өзімді шетелдік аренада сынап көргім келеді
Бәрі бір-бірімен байланысты дегендей, «Астанаға» бапкер Андрей Тихонов шақырды. Өзі «Крылья Советовте» ойнаған кісі. Қоңырау шалып, «Абат, біз шабуылшы іздеп жатырмыз. Көргеніңдей, өзіңді алаңға шығармай жатыр екен. Бізге кел, өзіңді көрсет» деді. Содан кейін «Астанаға» ауыстым, сенімімді арттырып, гол соғып, қалпыма келдім. Андрей Тихоновтан кейін де жақсы бапкерлер келді. Владимир Ежуров, Срджан Благоевич, Григорий Бабаян бар білгенін үйретті. Әр бапкердің өзінше ерекшелігі бар. «Астанамен» 2022 жылы ел чемпионы атандық. Біраз белесті бағындырып, жанкүйер қошеметіне ие болдық. Иә, биыл клубпен келісімшартым аяқталып жатыр. Әртүрлі сыбыстар ел ішін кезіп кеткенін білемін. Карьерамның қалай өрбитіні жайында келісімшартым аяқталған тұста толық мәлімдеме жасаймын. Шетел клубтарынан қызығушылық, ұсыныс барын жасырмаймын. Ел ішіндегі клубтардың да аужайын бақылап жүрмін. Айтпағым, еліміздегі футбол клубтарынан қандай да бір ресми ұсыныс түскен жоқ. Нақты шешім қабылдағанда өздеріңізге хабарлаймын. Жалпы өзімді шетелдік аренада сынап көргім келеді. Кейін артыма қарайлағанда «Абат, өкінбейтіндей мансабың бар, футбол саған, сен оған ризасың» дегім келеді. Сондықтан барынша байыппен шешім шығарамын.
Алғашқы шақырту – айнымас сезім
Ұлттық құрамаға 2019 жылы шақырту алдым. Үздік сұрмергендер қатарына еніп, толысқан кезең. Сол тұста іштей ұлттық құрамада ойнауды аңсап жүргенмін. Құраманың ойынын көргенде шабуылға бір мен жетпей жүргендей, алаңда болсам бәрін тындыратындай елестетіп жүрген кезең. Өйткені әр футболшы үшін ұлттық құрамаға шақырту алу – құрмет. Әлі есімде, әкем екеуміз «Еларна» телеарнасынан ұлттық құраманың ойынын асыға күтіп, тамашалайтынбыз. Қазақстан – Англия ойынын көргенім есімде жақсы сақталыпты. Сергей Остапенко, Жамбыл Көкеевтің ойнап жүрген кезі. Сонда экранға қарап, мен де елім үшін өнер көрсетіп, доп тебетінімді ойлап, бойымды рух кернеген-ді.
Әкем де іштей соны тілегендей. Бүгінгі күніме қарап, арман адамды алысқа жетелейтінін, шындап кіріссең бәрі болатынын түсінемін. Алғаш Бельгия – Қазақстан ойынына қатысып, ерекше әсер алдым. Жеңілсек те көк ту астында өнер көрсету шабыт сыйлады. Аты дардай ойыншылармен бір алаңда доп теуіп, қарсы қауқар көрсете алғаныма қуандым. Мен үшін ұлттық құрамада ойнау – дәреже. Мұны алғашқы матчтан-ақ түсіндім. Бастапқыда әр жеңілісті еңсеруім қиын еді. Кейін келе бұл спорт екенін, ары қарай өзіңді қамшылағанда ғана жетістікке жақындайтынымды түйсіндім. Қазір ұлттық құрама жас ойыншылармен толығып жатыр. Оларға да барынша бар білгенімді үйретуге, жол көрсетуге тырысамын. Былайынша, үш есе мотивациямен ойнап жүрмін. Өйткені жастар мені көріп шабыттанса, мен де орнымнан айырылып қалмау үшін бар күшімді саламын. Одан кейін жанкүйер сенімін ақтауым керегі тағы бар. Жас ойыншыларға айтарым, бапкер берген әр мүмкіндікті пайдаланып, барынша ашылса деймін. Әлеуметтік желідегі оқырман санына, танымалдық шырмауына ілінбей, алға қарай жүрсе екен. Футболды сүйіп, бапкер ақылын тыңдап, жасыл алаңмен бірге тыныстасаң алар асуың биік болмақ.
Ұлттар Лигасы тынысымды ашты
Футболдан Қазақстан құрамасының даңқты кезеңі 2022 жылдан басталды. Ұлттар лигасы аясында жинақы ойын көрсетіп жүрдік. Білесіздер, бұрын жанкүйерлер ойынға келмейтін, әлеуметтік желіде небір комментарий жазатын. Қазір жағдай өзгерді. Алаң лық толып, билеттер күні бұрын сатылып кетеді. Әрине, бұл шабыт үстіне шабыт қосады. Мысалы, бұрын бір ойыншы жарақат алса, әлеуметтік желіден «сол бізге керек еді» дейтін кекесін пікір оқысақ, қазір бірге уайымдап, тезірек қатарға қосылуын тілейтіндер көбейді. Ұлттық құрама сапында маған шүбәсіз сенген бапкерлердің бірі – Талғат Маруаұлы. Тіпті капитан ретінде ойынды бастап, жігіттерге дем беруіме де жағдай жасады. Жігерімді жанып, бойымда лидерлік қасиет барын, құраманы алға жетелей алатыныма сендірді. «Сенің арқаң бар, қолыңнан бәрі келеді, білемін» деп әзіл-шыны аралас айтып отыратын.
Келе-келе импульс артып, Ұлттар лигасы аясында бес ойын қатарынан жеңілмей, ұпай жинадық. Бұл жаңа кезеңнің бастауы еді. Ел назар аударып, басылымдар жарыса жазып жатты. Сәйкесінше, біздің де тынысымыз ашылып, бапкеріміз Магомед Адиев намысымызды қайрады. «Жігіттер, жарадыңдар» дегендей ел де қолдай кетті. «Астана аренада» жанкүйерлер көбейіп, алғашында көрер көзге сенбей жүрдік.
Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі көрермен мен футболшыларды тіпті жақындастырды. Дания, Финляндия секілді құраманы жеңгенде футболда ертегі барына бірге сендік. Мұның бәрі – тарих. Жанкүйерлер құрмет көрсетуді, біз алғыс айтуды үйрендік. Бірге өсіп келе жатырмыз. Елде өткен ойын болсын, сырт алаңдағы матчта да бірдей қолдау көрсетіп жүр. Әлемнің қай қиырында өнер көрсетсек те, алаңға келетін тілекшіміз көбейіп келеді. Иә, Қазақстан құрамасының іріктеу кезеңіндегі әр жеңісі – сенсация. Данияны өз алаңымызда жеңгенде футбол әлемі дүр сілкінді. Осы жеңістің бір бөлігіне айналғаным үшін қуаныштымын. Жалпы ұлттық құрамаға жиі қуаныш сыйлағым келеді. Сол үшін барымды саламын. Кейінірек жанкүйерлер «ұлттық құрамада Абат Айымбетов доп тепкен. Оның тұсында біз мынадай жетістікке жеткенбіз» деп айтып отырса деймін.
Сұқбаттасқан Айзат Айдарқызы
(Ана тілі газеті, 16 қараша, 2023 жыл)