03.09.2025 18:23

Қазақстан – Уэльс: құрамалардың ойын алдындағы жағдайы

03.09.2025 18:23

4 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында Қазақстан құрамасы Уэльске қарсы кездесу өткізеді. Бұл ойын 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу аясында өтеді. Әзірге J тобында Солтүстік Македония көш бастап тұр. Ал ұлттық құрама екі рет жеңіліп, бір матчта жеңіске жеткен. Кімнен жеңілді десеңіз, 22 наурыз күні Уэльстен, 9 маусым күні Солтүстік Македониядан ұтылды.

Үйде жеңіске жете алмай жүрміз

Иә, Ұлттар лигасындағы сәтсіз ойыннан соң, Станислав Черчесовтың құрама тізгінін босатқаны есте. Ұлттық құраманың жаңа бапкері Әли Әлиев қазір алты матчта екі рет жеңіске жетті. Ұжымның ұйыса өнер көрсеткені Кюрасаомен жолдастық кездесуде көрінді. Одан кейін, әрине, осы J тобындағы аутсайдер Лихтенштейнен үш ұпай еншіледік. Қалған төрт ресми және жолдастық кездесуде барлығы 10:2 есебімен жеңілген екенбіз.

Байқасаңыз, биыл құрама Бақтияр Зайнутдиновсіз ойнауға үйренді Өйткені ұлттық құраманың бомбордирі жарақаттан көз ашпай келеді. Бұған жанкүйерлер де наразы, білем. Өйткені құраманың ойынына екі-үш күн қалғанда «Зайнутдинов қатардан шығып қалды» деген жаңалықты оқу үйреншікті әдетке айналғандай. Оның үстіне жартылай қорғаушы түріктің «Бешікташынан» Мәскеудің «Динамосына» ауысқан-ды. Оған қоса Солтүстік Македонияға қарсы ойында капитан Асхат Тағыберген құрамадағы карьерасын аяқтағанын мәлімдеді. Бұл фактордың да матч тағыдырына әсері бар. Ұжымға бас боп жүрер дейтін жартылай қорғаушы Исламбек Қуат та тізімге ілінбей қалды. «Астана» клубының қосалқы құрамында отырған Марат Быстров та құрамнан тыс қалды.

Оған қоса қақпашы Александр Заруцкийдің «Селтик» – «Қайрат» матчында жарақат алғаны бар. Сондықтан Әлиев ұлттық құраманың кеңейтілген тізіміне Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Темірлан Анарбекті («Қайрат») қосты. Әгәрәки, бас бапкер Темірлан Анарбекті Уэльске қарсы ойында алаңға шығарса, ол ұлттық құрама сапында дебют жасаған ең жас үшінші қақпашы болмақ. Ал ел атынан өнер көрсеткен ең жас қақпашы Давид Лория (18 жас) болатын. Ал 1992 жылдан бері Қазақстан атынан 29 қақпашы жасыл алаңға шыққан.

Жалпы, Әли Әлиев осыған дейінгі төрт кездесуде үш қақпашыны сынап көрді. Демек, алдағы қалған іріктеу ойындарында да осы тәжірибесін іске асыруы мүмкін. Естеріңізде болса, Мұхаммеджан Сейсен Лихтейнштейнге қарсы қақпасын құрғақ ұстап, 9 маусымда Солтүстік Македониямен матчта бір гол жіберді. Александр Заруцкий болса, Кардиффтегі ойында үш доп өткізді (3:1). Беларуське қарсы жолдастық кездесуде Стас Покатилов жазбай жаңылып, 4:1 есебімен ойсырай ұтылдық.

«Бұрын Бақтияр жоқ болса, Абат бар» деуші ек. Осы жолы ұлттық құрамада шабуыл шебінде мәселе туындап тұр. Өйткені жартылай қорғаныстан әупірімдеп асырылған пасты жетер жеріне жеткізетін осы – Абат еді. Былайша айтқанда, ұжымдағы джокердің бірі. Бірақ жазда Айымбетов өзіне жаңа клуб таппаған соң, ойын практикасы жетпей тұр. Сол себепті Әли Әлиев оны кеңейтілген тізімге кіргізбеді. Абаттың негізгі бақталасының бірі «Қайсарда» доп тебетін Айбар Жақсылықов еді. Бірақ ол да мардымды ойын көрсетпей, бапкердің көңілінен шықпады. Оның орнына Әлиев «Ахматта» доп теуіп жүрген Максим Самородов пен «Қайраттың» жас қыраны Дастан Сәтпаевты шақырды. Максим әзірге Ресей чемпионатында гол соққан жоқ. Ал Сәтпаев болса Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде үш бірдей гол соқты.

Одан бөлек, құрама жігіттері Уэльс және Бельгияға қарсы ойынға дайындық үшін оқу-жаттығу жиынына бірден келген жоқ. Бапкер де «бұл жолы кезең қиындау болғалы тұр» деп ашығын айтты. Себебі кейінге шегерілген «Оқжетпес» – «Қайрат» ойыны мен Қазақстан Кубогы матчы кедергі болды. Мысалы, 23 тамызда кейбірінің чемпионаттағы міндеті бітіп, үйіне тарап кетті. Олар 28 тамыз күні сапқа қосылды. Сөйтіп, медициналық тексеруден өткізіп, түрлі сынақ жасап, бәрінің жағдайын бір қалыпқа түсіруді бастады. Ал кейінірек матчқа қатысқан өрендер 1 қыркүйекке дейін ұжымның қатарына қосылды. Шетелде өнер көрсететін Максим Самородов пен Нұралы Әліптің де келгеніне екі күн болды.

Төрт кездесуде 10 гол тоғытты

Ал Уэльс болса, J тобында 7 ұпаймен екінші орында тұр. Бұл аталған құраманың төрт ойында жиған ұпайы. Олар Лихтенштейн мен Қазақстанды жеңіп, Солтүстік Македониямен тең ойнап, Бельгиядан ұтылды. Әсіресе, Бельгиямен қиян-кескі кездесу өткізді. Лукаку, Тилманс, Докудың үш добына үш голмен лайықты жауап берген. Бірақ «мықтының аты мықты» дегендей 88 минутта Де Брюйне бельгиялықтарды алға шығарды. Сөйтіп Уэльс өңмен түстің арасында ұпайдан қағылған-ды (3:4).

Біз бір жыл бойы Зайнутдиновсіз алаңға шығып жүрсек, Уэльстің капитаны Аарон Рэмзи де сонша уақыт алаңнан көрінбеді. Бірақ Рэмзи тізеасты байламының жарақатынан жазылған екен. Алайда бас бапкер Крейг Беллами оны осынша арақашықтықтағы айқасқа салуды жөн көрмепті. Екі елдің арақашықтығы – 3947 км. Аарон Қазақстанға келе қалса да, қосалқы құрамда отырып, бірнеше минутқа алаңға шығар еді. Онсыз да жасы келген ойыншының жоқтығы біліне қоймас. Ал «Бернли» қорғаушысы Конор Робертс пен «Лидс» ойыншысы Итан Ампадудың жарақаты ойландырарлық мәселе. Десе де Уэльсте бұл позицияда конкуренция жетеді.

Айтпақшы, бұл құраманың шабуылда сойқан бастап жүргені рас. Өйткені атағы дардай Бельгияға үш доп соқты, Қазақстан қақпасына үшеуін кіргізгені тағы бар. Лихтенштейннен де үш дәл соққысын аямады. Тек Солтүстік Македониямен тең ойнап, тек бір гол тоғытқан. Сонда Әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі төрт кездесуде уэльстік жігіттер 10 гол соққан екен. Міне, осы статистика аталған құраманың нәтижелі шабуылдайтынын көрсетіп тұр.

Уэльс дегенін істей ме әлде Қазақстан қарсы тұра ала ма?

Енді статистикаға көз жүгіртсек, Әлем чемпионатына іріктеу аясында елде өткен кейінгі 11 кездесуде ұлттық құрама айқын жеңіске жетпеген. Дәлірек айтқанда, 4 рет тең ойнап, 7 рет жеңілген. Оған кейінгі бес кездесудің төртеуінде гол соқпағанын қосыңыз. Маусым айында Солтүстік Македониядан жауапсыз бір доп айырмасымен ұтылғанымыз тағы бар. Ал Уэльстің іріктеу қарсаңында он екі ойынға созылған жеңіліссіз сериясыз Бельгия бұзған-ды. Оған дейін Крейктің командасы 8 рет жеңіс туын көтеріп, 4 рет тең ойнаған. Олар ӘЧ аясында сырт алаңдағы кейінгі 12 ойынның онында жеңілмеген. 4 рет ұтса, 6 рет тең ойнаған. Мына қызыққа қараңыз, кейінгі 6 кездесудің бесеуінде мәселені 90 минутта шешіп, әрқайсысында алғашқы таймда гол соққан. Сондықтан уэльстіктердің Қазақстанға келіп, ұпай бөлісетіндей ынтасы жоқ. Олар Солтүстік Македониямен бірінші орынға таласуға тырысады. Әрі ӘЧ-ге тікелей жолдама алғысы келеді-ақ.

Ал Қазақстанның бұл кестедегі орны төртіншіні нұсқап тұр. Әзірге құраманың әлеуеті Лихтенштейнге жетеді. Өйткені Беларусь (1:4) пен КХДР (0:2) сияқты қарсыласқа шама жетпеді. Сондықтан Уэльс Кардиффтегідей ойын өрнегін көрсетуге барын салады. Ұлттық құрама қонақтарды жеңсе ғана топтағы мүмкіндігін сақтап қалуы мүмкін. Олай болмаған жағдайда тағы бір Әлем чемпионаты көзден бұлбұл ұшады.

Айзат Айдарқызы

Айзат Айдарқызы

InstagramInstagram