21.10.2025 18:41

«Пафос» жайлы не білеміз?

21.10.2025 18:41

Чемпиондар лигасы. 3-тур аясында «Қайрат» өз алаңында Кипрдің «Пафос» командасын қабылдайды. Бұған дейін алпауыт мықтылармен кездескен алматылық ұжым кезекті қарсыласынан ұпай еншілей ала ма? Қонақтардың шама-шарқы қандай?

«Пафос» - 2014 жылы АЕП Пафос және АЕК Куклия атты жергілікті командалардың бірігуі нәтижесінде құрылған. Бұл екі клуб та Пафос қаласының намысын қорғағанымен, қаржылық және құрылымдық қиындықтарға тап болған. Тығырықтан шығу үшін екі ұжымды біріктіріп, қала намысын қорғайтын бір команда жасақтаған. «Стилиос Кириакидес» деп аталатын стадиондары 8500 жанкүйерді қамти алады. Жалпы команданың трансферлік құны 26.2 млн еуро. Алматының «Қайратымен» салыстырғанда басым, әрине. «Сары-қаралардың» трансферлік құны 12.73 млн еуроға бағаланған.

Команда құрамы

Бұл команданы Кипр футболындағы «жаңа дәуір» деп атасақ болады. Бұған басты себеп: 10 жылдың ішінде Чемпиондардың лигасына қадам басып, тарих беттерінен ойып тұрып орын алуы. Қазіргі таңда ішкі біріншілікте 18 ұпаймен көш бастап келеді. Чемпиондар лигасында 32-орында. Алғашқы турда «Олимпиакоспен» тең тарқасып, бір ұпай еншіледі. Кезекті турда «Бавария» командасынан 1:5 есебімен жеңілді.

Команданың бас бапкері - Хуан Карлос Карседо. 2023 жылы клубты қолына алған маман, бір жылда ел чемпионы болды. Бұған дейін, «Севилья», «ПСЖ», «Арсенал» сынды ірі командаларды баптаған.

Клубтың жұлдызды ойыншысы - Давид Луиз. Бразилиялық ойыншы осы жылы еркін агент ретінде «Форталеза» командасынан ауысып келген. «Челси», «ПСЖ», «Арсенал» сынды командаларда өнер көрсетіп, қалқанқұлақ кубокты басынан асыра көтерген ойыншы қазіргі таңда «Пафос» клубын алға сүйреп келеді. Ішкі чемпионаттың 7-турында «Ахнас» командасына қарсы есеп ашып, ойынға дем берген. Бұл матчта «Пафос» қарсылас қақпасына қарымтасыз 4 гол соғып, сенімді түрде жеңіске жетті.

Эмблема тарихы

«Пафос» командасының эмблемасындағы ерекшелік - ер адамның бейнесі. Бұл кім? Команда үшін қандай маңызы бар?

Эвагорас Палликаридис - кипрлік жас ақын. Ол 1950 жылдары Кипрдің Ұлыбританиядан тәуелсіздік алуына себепкер болған адамдардың бірі. Кипр аралында оны «халық қаһарманы» санайды.

«Пафос» - «Астана»

«Пафос» елімізге алғаш рет келгенімен, «Қайрат» оның Қазақстандағы екінші қарсыласы. Бұған дейін Конференция лигасында «Астана» командасымен кездескен. Бұл ойында минималды есеппен алаң иелері жеңіске жеткен. 87-минутта соғылған Андерсонның голы «Пафос» командасына жеңіс сыйлаған еді.

Матчты 21:35-те «Qazaqstan» ұлттық арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар. «Қайрат» командасына бірге жанкүйер болайық!

Азамат Бақи

Азамат Бақи

InstagramInstagram