21.10.2025 14:58

«Пафостан» пайда аламыз ба?

21.10.2025 14:58

2014 жылы байырғы екі команданың бірігуі арқылы құрылған «Пафос» аз уақытта Кипр футболының көшбасшысы деңгейіне жетті. Демеушісі де мықты: ресейлік (әлде кипрлік, әлде молдовалық) миллиардер Сергей Ломакиннің LF Group компаниясы. Бұл іскердің Ресейде («Родина»), Латвияда («Рига»), БАӘ-де («Юнайтед») де командалары бар. 2017 жылы «Пафос» Кипр І лигасына оралды да, алғашқы бес маусымда жүлдегерлер қатарына іліне алған жоқ. Он бапкердің біреуі ғана бір жылдан артық жұмыс істеді

2024 жылы «Пафос» Кипр кубогын жеңіп алды. Сөйтіп, алғаш рет еурокубок іріктеуіне қатысты. Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде Швецияның «Эльфсборг» командасына 2:8 (2:5, 0:3) есебімен жол берсе де, әрі қарай Конференция лигасының жалпы кезеңіне бір-ақ шықты. Жас команда үшін бұл бас айналдырарлық жетістік еді. «Пафостықтар» «Жальгирис» (Литва), ЦСКА 1948 (Болгария), ЧФР (Румыния) клубтарын жолдан ысырып, жалпы кезеңде біздің «Астанаға» қарсылас атанды. Былтырғы 7 қарашада «Лимасол» стадионында өткен кездесуде Андерсон Силва «Астана» қақпасына 87 минутта жеңіс голын соғып кетті. Аралдықтар «Астананы» ғана емес, осы кезеңде «Петрокуб» (Румыния), «Целе» (Словения) командаларын да тізе бүктірді. «Фиорентина» (Италия) мен «Хайденхаймнан» (Германия) жеңіліп, «Луганомен» (Швейцария) тең ойнап, 10 ұпай жинады да, Конференция лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл кезеңде жерлесі, Кипр лигасындағы басты қарсыласы «Омонияны» айналып өтті (3:2). 1/8 финалда Швецияның «Юргорден» командасын өз алаңында 1:0 есебімен жеңсе де, сырт алаңда ойсырай ұтылып (0:3), алғашқы еурожолын тұжырды.

Шынын айтқанда, дәл осы табыс «Пафостың» Кипр ғана емес, Еуропа футболына да тұрақты кейіпкер болуға келгенін аңғартты. Кипр кубогын жеңіп алғанға дейін клуб бюджеті 3-4 миллион еуро болса, биылғы жыл басынан 10-12 миллионға жетті. Клубтың жаңа базасы салынды. Онда қосымша 6 алаң бар.

2025 жылы «Пафос» өз тарихында тұңғыш рет Кипр чемпионы атанды. Ол кезінде «Қайратты» жаттықтырған Алексей Шпилевскийдің «Арис» командасын бір саты төмен ысырды. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдерінде «Пафос» жолынан «Маккаби» (Т-А, Израиль, 1:1, 1:0) «Динамо» (К, Украина, 2:0, 1:0), «Црвена Звезда» (Сербия, 1:1, 2:1) тайқуға мәжбүр болды.

Сөйтіп, «Пафос» Еуропаның таңдаулы 36 командасының қатарына енді. Чемпиондар лигасын да сәтті бастады: алғашқы турда «Олимпиакоспен» (Грекия) тең ойнады. Бұл ойында есеп ашылған жоқ. ІІ турда Мюнхенде «Бавариядан» ойсырай жеңілсе де (1:5), команда плей-офф кезеңіне шығу мақсатынан айныған жоқ.

«Пафосты» екі жылдан бері испан маманы Хуан Карлос Карседо жаттықтырып келеді. Кезінде Сегундада (Испанияның І лигасы), Лига 2-де (Францияның І лигасы) доп теуіп, аса шебер футболшы саналмаса да, Карседо өзін тәуір бапкер ретінде қалыптастыра алды. Ол кезінде «Леганесте» бірге ойнаған Унаи Эмеримен одақтасты. Екі маман әуелі «Альмерияда», содан кейін «Валенсия», «Спартак» М, «Севилья», ПСЖ, «Арсенал» командаларында бірге қызмет істеді. «Севильямен» бірге үш рет Еуропа лигасын жеңіп алды. 2019 жылы Карседо жеке кетіп, төменгі дивизиондағы «Ибица» командасының тізгінін ұстады. Бір жыл ішінде бұл ұжымды Сегундаға шығарғанмен, онда көп тұрақтаған жоқ. «Сарагосада» аса жақсы нәтиже көрсете алмады, сөйтіп, Кипрге жол тартты.

Кипр лигасында легионерлерге шектеу жоқ. Сондықтан Карседо бразилиялық, испаниялық және португалиялық футболшыларды көптеп тартты. Бұл тұрғыда «Пафос» ұстанып отырған бағыт та қызықты: басқа суперклубтар келешегі бар жастарды бір жыл ойнатып, жақсы бағаға сатуға тырысса, пафостықтар, керісінше, Еуропада жолы болмай жүрген бразилиялықтарды құрамына тартып, жетістіктің негізгі тұлғасы ретінде қарайды. «Астана» қақпасын таңбалаған Андерсон Силва да сондай: соңғы үш жылда «Витория Гимараеште» (Португалия), «Аланияспорда» (Түркия) тіпті солғын көрініп еді, «Пафос» сапындағы бір жылда 17 гол авторы атанды.

Жаңа маусым қарсаңында, яғни биылғы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдері алдында «Пафос» құрамын біраз жаңартты. Ең бастысы, команда ақырындап ойыншыларды сата да бастады. Қақпашы Ивица Ивушич Хорватияның «Хайдук» командасына 800 мың еуроға берілді («Астанаға» қарсы ойында негізгі қақпашы осы Ивушич болған-ды). Еркін агент ретінде Муамер Танкович – «Омонияға», Жайро – «Джохорға» (Малайзия), Мұстафа Наме – «Юнайтедке» (БАӘ), Педро Пелажио – «Шавишке» (Португалия), қазақ жанкүйерлеріне етене таныс Патрик Твумаси – «Чонбукке» (Оңтүстік Корея), т.б. ауысты. Ивушичтен бөлек, өткен маусымда «Астанаға» қарсы Жайро, Наме, Танкович негізгі құрамда ойнады.

Жаңа маусымда «Пафос» үш ойыншыны 2,4 миллион еуроға сатып алды. Сол вингер Жажа үшін Бразилияның «Атлетико Паранаэнсе» командасына 1 миллион еуро төленді. Бельгиялық Ландри Димата Түркия суперлигасындағы «Самсунспор» командасынан 750 мың еуроға алынды. Ал бір жыл жалға алынған Андерсон Силва үшін «Аланияспорға» 650 мың төленіп, енді ол «Пафостың» толыққанды футболшысы атанды. Олардан бөлек «Альмериядан» – Бруно Ланга, «Крузейродан» (Бразилия) – Педрао, «Фенербахчеден» – Огнен Мимович, «Броммопойкарнадан» (Швеция) Уилмер Одефалк жалға алынды. Еркін агенттер ретінде Джей Кортер («Аякс») және атақты Давид Луис (Бразилия) қатарға қосылды.

Давид Луис Еуропаны біраз шулатқаннан кейін («Бенфика», «Челси», ПСЖ, «Арсенал») 2021 жылы Бразилияға оралды. 3 маусым «Фламенго» жейдесін киді, өткен жылы «Форталеза» сапында ойнады. Осылайша, бұйрашаш қорғаушы жасы 38-ге келгенде қайтадан Чемпиондар лигасы әнұранын тыңдап, «Олимпиакосқа» қарсы да, «Баварияға» қарсы да алаңға шықты. Давид Луис 2012 жылы «Челси» сапында Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған еді.

«Қайратпен» кездесу алдында кипрліктер сапында айыпталған немесе жарақаттанған футболшылар жоқ, бәрі сақадай сай. Бұл құрамнан бұрын қазақ жерінде болғандар жетерлік: Пепе «Бенфиканың» жастар құрамасы сапында «Астананың» жастарымен «Астана Аренада» ойнады. Биыл «Трабзонспордан» ауысқан Мислав Оршич пен былтырдан бері пафостыққа айналған Иван Шуньич «Динамо» (Загреб) сапында Қазақстаннан жеңіспен кетті. Қақпашы Неофитос Михаил Кипрдің қосалқы қақпашы ретінде 2019 жылы «Астана Аренада» Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойын хаттамасына тіркелді. Ал Бруну Фелипе Грекияның «Арис» командасы құрамында 2021 жылы Конференция лигасының іріктеу кезеңінде «Астанаға» қарсы ойнап, 0:2 есебімен жеңіліс дәмін татқан еді.

Жаңа маусымда «Пафос» Кипрдің І дивизионында сенімді көш бастап келеді. Карседо шәкірттері 7 кездесудің алтауында жеңіске жетіп, «Аполлонға» ғана есе жіберді (0:1). Соңғы турда «Пафос» Ахнаның «Этникос» командасын 4:0 есебімен тұқыртты: 17 минутта Давид Луис есеп ашып, айқын жеңіске жол салып берді.

«Пафос» ойыншылары да, бапкерлері де «Қайратпен» ойынның өте маңызды екенін түсінеді. Карседо матч қарсаңындағы баспасөз мәслихатында «Қайратқа» жоғары баға берді.

— «Қайрат» бізге өте қатты ұқсайды. Соңғы жылдары команда айтарлықтай қарқын қосты, сондықтан да алдағы матч өте қызықты болғалы тұр. Менің ойымша, ойын тең жағдайда өтетін сияқты. «Қайрат» үшін бұл өзін көрсетудің тамаша мүмкіндігі, өйткені олар өз алаңында ойнайды. Біз ауыр жекпе-жек күтіп отырмыз. Шындыққа тура қараған дұрыс – Чемпиондар лигасындағы әрбір ойын жоғары деңгейде өтеді. «Қайраттың» қазіргі жағдайы жаман емес, бірақ біз де жақсы футболымызды көрсетсек дейміз. Әйтпесе жеңу қиын болады. Біз алаңның әрбір бөлігінде үстемдік танытып, допты көбірек ұстауға тырысамыз, – деді «Пафос» бапкері.

«Қайрат» өз тарихында кипрлік клубтармен екінші рет жолыққалы тұр. Алматылықтар 2021/2022 маусымдағы Конференция лигасының топтық кезеңінде «Омониямен» өз алаңында да, қонақтада да 0:0 есебімен тең ойнады.

Ал қазақстандықтар командалар кипрлік қарсыластарымен еурокубоктарда жиі ұшыраса. «Омония» «Ертіспен» және «Қайратпен» жол түйістірсе, АПОЭЛ «Астанамен» 4 рет кездесті, «Қайсар», «Қызылжар» командаларын да жолдан ысырды. Ал «Пафостың» өткен жылы «Астанамен» кездесіп жеңгенін жоғарыда айттық.

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

InstagramInstagram