13.09.2025 19:42

Манчестер дербиі: ескі мәселелер мен жаңа қақпашылар

13.09.2025 19:42

Осы жексенбіде ағылшын футболындағы басты матчтардың бірі болады – Манчестер дербиі. Мұнда командалардың бабы, турнир кестесі маңызды емес. Себебі Манчестердің екі командасы жолыққанда бәрі ұмытылады. «Этихадта» осы маусымдағы сондай алғашқы дерби өтеді

Маусымды сәтсіз бастаған манчестерліктер

2025/26 жылғы Премьер-лига маусымын Манчестердің екі клубы да сәтсіз бастады. «Манчестер Сити» үш ойында бір ғана жеңіске жетіп, екі рет жеңіліп, турнир кестесінде 13-орынға жайғасты. Өткен маусымда төрт жылдық чемпиондығы үзілген «Сити» алғашқы турларға қарасақ, биыл да чемпиондыққа басты үміткер емес.

Негізі олар маусымды әдемі жеңіспен бастады – қонақта «Вулверхэмптонды» тас-талқан етті. Бірақ кейін өткен маусымға қайта түскендей болдық, «қалалықтар» екі рет сүреңсіз ойын өткізді. Алдымен өз алаңында «Тоттенхэмге» жол берді, кейін «Брайтоннан» жеңілді. Осы екі ойында Пеп Гвардиола шәкірттері бір гол ғана соқты.

Ал «Манчестер Юнайтед» алғашқы үш кездесуде төрт ұпай ғана жинады. «Юнайтед» бірінші ойында «Арсеналдан» жеңіліп, екінші ойында сырт алаңда «Фулхэммен» тең түсті. «Олд Траффордтағы» «канонирлерге» қарсы және Лондонда өткен бірінші таймдағы ойын Аморим командасы үшін маңызды қадам болып көрінген еді. Ол өзінің көп талқыланған 3-4-3 жүйесін қолданған болатын.

Алайда «Фулхэмге» қарсы екінші тайм көңіл көншітпеді, ал «Бернлиге» қарсы 3:2 есебімен жеткен жеңіс те қиынға түсті - 97-минутта Бруну Фернандештің пенальтиінің арқасында ғана ұпай алды.

Оған дейін «Юнайтед» Лига кубогынан шығып қалған, төртінші дивизиондағы «Гримсби Таунға» пенальти сериясында жол берген еді.

Кімдер ойнамайды?

«Ситидің» дерби алдында жарақат алған ойыншылары көп. Райан Айт-Нури және Райан Шерки ойынға қатыспайды, ал Джон Стоунстың жағдайы құрама матчтарына шықпағаннан кейін күмән тудырады. Омар Мармуш та Мысыр құрамасынан жарақатпен оралды.

Матео Ковачич ахилл сіңіріне ота жасатып, осы айда алаңға оралмайды. Калвин Филлипс те дәл осындай жарақат салдарынан ойнай алмайды. Сондай-ақ Йошко Гвардиол, Савиньо, Рико Льюис пен Нико О’Райлидің жағдайы да белгісіз. Абдуқодир Хусанов балтыр жарақатынан айығып, алаңға оралуы мүмкін.

«Юнайтедтің» де жарақат мәселелері бар. Матеус Кунья «Бернлиге» қарсы матчта тізе асты сіңірін жарақаттап алған, енді ол өзінің алғашқы дербиіне қатыспайды. Диогу Далот пен Мейсон Маунт та бұлшықет жарақатына байланысты дербиден шет қалды.

Шабуылдағы ойыншылар азаюына байланысты капитан Бруну Фернандеш «ондық» позициясына ауысуы мүмкін. Ал Беньямин Шешко Премьер-лигада алғаш рет негізгі құрамнан шығуы ықтимал. Кобби Майну орталық алаңда Каземиромен жұптасуы мүмкін.

Қақпада кімдер тұрады?

Екі ұжым да осы маусымда қақпашы позициясына өзгерістер енгізді.

Пеп Гвардиола Доннарумма келгеннен кейін команданың ойынын бейімдеуге дайын екенін айтып, итальялық қақпашысынан Эдерсон секілді аяқпен ойнау шеберлігін күтпейтінін жеткізді.

Сегіз жыл бойы трофейлерге толы кезеңді «Ситиде» өткізіп, өткен аптада «Фенербахчеге» ауысқан Эдерсон қақпашы рөлінде пас беру және техникасының арқасында танылған еді. Ол Гвардиоланың ойын стиліне мінсіз бейімдеген қақпашы еді. Ал Доннарумма – мықты голкипер болғанымен, артқы шептен пас беруде осал.

«Пари Сен-Жерменмен» требл жасаған Доннарумма «Юнайтедке» қарсы матчта дебютін өткізуі мүмкін, бірақ Гвардиола оның негізгі құрамда шығатынын нақтылаған жоқ.

Қақпашы мәселесі «Юнайтед» бапкері Рубен Аморим үшін күрделі болды. Ол бейсенбіде өткен маусымдағы негізгі қақпашы Андре Онананы жалға беріп, «Трабзонспорға» жіберді. Алтай Байындыр бірнеше қателікке жол бергенімен, Аморим оған сенім білдіріп отыр. 1 қыркүйекте «Антверпеннен» 23 жастағы қақпашы Сенне Ламменс келді. Дегенмен алдағы дербиде Байындыр қақпаны күзетеді.

«Алтай ойнай береді. Өйткені бұл басқа лига, басқа ел, басқа жаттығу, басқа доп. Біз соны сақтауға тырысамыз. Олар негізгі құрамдағы орын үшін таласады. Бірақ бұл ойында Алтай негізгі құрамда шығады», - деді Аморим жұма күні.

«Юнайтед» «Ситиге» қарсы сәтті ойнап жүр

Командалар соңғы рет 6 сәуірде «Олд Траффордта» Премьер-лига аясында кездескен. Ол кезде «Юнайтед» турнир кестесінде төменде қалып, ал «Сити» титул үшін күрестен үмітсіз еді. Матч қызықсыз 0:0 есебімен аяқталды.

Өткен маусымда «Этихадта» өткен кездесу керісінше әсерлі болды. 15 желтоқсанда, Эрик тен Хаг қызметінен кеткеннен бір ай өтпей, «Юнайтед» сенсация жасап 2:1 есебімен жеңді. Алдымен Йошко Гвардиол гол соғып, «Ситиді» алға шығарған. 88-минутта Фернандеш пенальтиден есепті теңестіріп, 90-минутта Амад Диалло жеңіс голын соққан болатын.

Бұл 196-манчестерлік дерби болмақ. Қазіргі таңда «Юнайтед» 79 жеңіске жетсе, «Ситидің» еншісінде 61 жеңіс бар.

«Сити» соңғы төрт матчта «Юнайтедті» жеңген жоқ. Дегенмен, өткен маусым басындағы Англия Суперкубогында пенальти сериясында басым түсіп, трофей иеленген еді.

Ал Англия кубогының финалында «Юнайтед» жеңіске жетіп, «Ситиге» қарсы үш жеңілістен тұратын сериясын тоқтатқан болатын.

Есет Төлеш

Есет Төлеш

InstagramInstagram