28.08.2025 18:37
«Ман Юнайтедті» 15 рет жеңген «Гримсби» туралы қызықты деректер
28.08.2025 18:37
Төртінші дивизионда ойнайтын «Гримсби Таун» Лига кубогының 1/32 финалында «Манчестер Юнайтедті» сан соқтырды
Матчтың негізгі уақыты тең (2:2) есеппен аяқталып, пенальти сериясында «теңізшілер» басым (12:11) түсті.
Осылайша «қызыл сойқандар» тарихында алғаш рет Лига кубогында 4-дивизионның клубынан ұшып кетті.
Қос клубтың жолы жалпы 38 рет түйіскен. Оның 15-інде «Гримсби» жеңіске жетсе, 16 ойында «МЮ» басым түсті.
Бұл «Гримсбидің» алғаш дүркіреуі емес. 2022/23 жылғы маусымда Англия кубогының ширек финалына дейін жеткен еді. Сол кезде турнир тарихында өзінен жоғарғы дивизиондағы бес команданы ұшырған алғашқы клуб атанған. Олардың қатарында «Саутгемптон» мен «Лутон Таун» болды. Бірақ ширек финалда «Брайтонға» 0:5 есебімен есе жіберді.
Сондай-ақ «Гримсби» – Англияның барлық жоғарғы бес дивизионында ойнаған тоғызыншы («Уимблдон», «Уиган Атлетик», «Карлайл Юнайтед», «Оксфорд Юнайтед», «Лутон Таун», «Лейтон Ориент», «Ноттс Каунти», «Олдхэм Атлетик») клуб.
Ең жоғарғы дивизионда (Премьер-лига) тоғыз маусым (1901/02, 1902/03, 1934/35, 1935/36, 1936/37, 1937/38, 1938/39, 1946/47, 1947/48) ойнаған. Үздік нәтижесі бесінші орын (1934/35) болды.
Ал 1954 жылы шетелдік бапкер тағайындаған алғашқы Англияның клубы атанды. Команданы сол кезде венгриялық Элемер Беркешши тізгіндеген еді.
Енді 1878 жылы құрылған клуб Лига кубогының 1/16 финалында «Шеффилд Уэнсдеймен» күш сынасады. Қос клуб осыған дейін 47 рет кездесіп үлгерген. 12 матчта «Гримсби» жеңіске жетсе, 26-ында «үкілердің» мерейі үстем болды.