06.09.2025 22:14
Бельгия - Қазақстан: гол соға аламыз ба?
06.09.2025 22:14
Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты аясында Бельгияға қонаққа барады. Бұл құрамамен алты рет кездестік. Әзірше жеңбедік. Енді Брюссельде біздің ұлттық командамыз қандай нәтиже шығара алады?
Жеңілмей жүрген құрама
Бельгия құрамасы әлем чемпионатының іріктеуін маусым айында бастады. Үш матч өткізді, жеті ұпай еншіледі. Іріктеуді қонақта Солтүстік Македонияға қарсы матчпен бастады. Максим Де Кейпер Бельгияны алға шығарғанымен, матч соңына қарай алаң иелері таразы басын теңестіріп кетті. Бірнеше күннен кейін Бельгия өз алаңында Уэльсті 4:3 есебімен жеңді. Ромелу Лукаку, Юри Тилеманс, Жереми Доку мен Кевин Де Брюйне қанжығасын майлады. Матч барысында 3:0 есебімен жеңіп жатқан бельгиялықтар үш гол жіберіп алған. Бірақ масқарадан 88-минутта «Наполи» жартылай қорғаушысы құтқарып қалды.
Қыркүйекте Бельгия бір матч өткізді. Қонақта Лихтенштейн қақпасына жауапсыз алты гол соқты. Тилеманс дубль жасаса, Де Кейпер, Артюр Теате, Де Брюйне, Малик Фофана бір голдан салды.
Осылайша, Бельгия дәл қазір жеті ұпаймен үшінші орында тұр. Уэльстен үш, Солтүстік Македониядан бір ұпайға артта. Әйтсе де, британдардан екі, «қызыл арыстандардан» бір матчы кем. Бұған дейін бір рет жеңіліп, үш рет жеңілген Қазақстан құрамасынан төрт ұпайға озып үлгерді.
Құрамы 32 есе қымбат
Қыркүйектегі матчтарға Руди Гарсия мықтылардың бәрін шақырды. Маусым айындағы құрамнан «Лестер» қорғаушысы Вут Фас, «Астон Вилла» ойыншысы Амаду Онана, «Наполиде» жарақат алып қалған Ромелу Лукаку, «Бенфика» жейдесін киген Доди Лукебакио жоқ.
Кейін құрамаға келіп жарақат алып қалғандар бар. «Қайраттың» болашақ қарсыласы, «Брюггеде» ойнайтын Хоакин Сейс Лихтеншейнге қарсы матч алдында бұлшықетін жарақаттап алды. Ол Қазақстанға қарсы да ойнамайтын болды. Ал бүгін қақпашы Майк Пендерс те құрама қосынынан кетті.
Жұлдыздардан Куртуа, Тилеманс, Доку, Леандро Троссар және де Брюйне құрамда.
Жалпы, Бельгияның барлық ойыншысы 472,5 млн еуроға бағаланған. Бұл Қазақстаннан 32 есе қымбат. Бельгиялықтардың ең құнды ойыншылары – Жереми Доку мен Лоис Опенда. Олардың трансферлік құны – 50 млн еуро. Құрама ардагерлері Куртуа мен Де Брюйне Қазақстанның жалпы құрамынан бес млн еуроға қымбат.
Дәл қазір бельгиялықтар топта үшінші орында тұрған соң Руди Гарсия тәуекелге бармай, бұл жұлдыздардың бәрін алғашқы минуттан қолдануы мүмкін.
Тең түстік, бірақ жеңбедік
Қазақстан мен Бельгия алғаш рет Еуро-2008 іріктеуі аясында жолықты. Бельгияның әлі алтын буыны өспей тұрған шақ еді. Сондықтан қауіпті қарсылас бола алмады. Екі ойында да тең түстік – 0:0, 2:2. Алматыда Дмитрий Бяков пен Самат Смақов гол соқты. Айтпақшы, сол кезде Смақовқа нәтижелі пасты қазір құрамада бас бапкер көмекшісі Нұрбол Жұмасқалиев берген.
Еуро-2012 іріктеуінде де бір топта болдық. Ол кезде Бельгияның алтын буыны өсіп келе жатты. Екі ойында да жеңілдік – Астанада 0:2, Брюссельде 1:4. Қазақстанның жалғыз голын Қайрат Нұрдәулетов соқты. Сол кездегі негізгі құрамда Серікжан Мужиков бар. 36 жастағы футболшы бұл жолы да алаңға шығуы мүмкін.
Еуро-2020 іріктеуінде Бельгия қақпасына гол да соға алмадық. Бодуэн патша стадионында 0:3, «Астана Аренада» 0:2 есебімен жол бердік. Сол құрамнан Ян Вороговский мен Сергей Малый бар.
Яғни, дәл қазір Бельгиядан қатарынан төрт матч бойы жеңіліп келе жатырмыз.
«Уэльстен жеңілуге лайық болмады»
Бельгия құрамасының бас бапкері Руди Гарсия қыркүйекте алты ұпай алуға ниетті. Сондықтан Қазақстанға қарсы барымызды саламыз деп отыр. Сондай-ақ, Қазақстан – Уэльс матчы жайлы ойын айтты.
«Қазақстандықтар Уэльстен жеңілуге лайық болмады. Біз ойынды өз бақылауымызға алуымыз керек. Лихтенштейнге қарсы қарқынды, нәтижелі ойнадық. Қазақстанның Уэльс пен Солтүстік Македонияға қарсы ойындарын көрген кез келген адам олар көбірек гол соға алатынын біледі», - деді Гарсия.
Болжам қандай?
Бельгия – Қазақстан матчына болжам жасағанда бір жақты қарауға болмайды. Жанкүйерлік эмоцияны алып тастап, Бельгияның бұл матчта фаворит екенін мойындаймыз. Топ фавориті ойынды сенімді жеңіспен аяқтаймыз деп отыр.
Негізі Бельгия сапында Қазақстан сияқты ардагер футболшы көп. Куртуа, де Брюйне, Тилеманс, Троссар 30 жастан асып кеткен. Құраманың орташа жасы – 26,9. Қазақстанда 26,3 жас болып тұр. Бұл Тибо мен Кевин секілді «алтын буын» өкілдерінің соңғы іріктеуі. Сондықтан бұл футболшылар әр матчта барын салады.
Ал біз болжамды Қазақстан құрамасына қатысты құрсақ дейміз. «Констант Ванденсток» стадионында гол соға аламыз ба?
Сергей Малый Уэльске қарсы матчта сары қағаз алып, енді Бельгияға қарсы ойнай алмайды. Оның алдында Бақтиер Зайнутдинов пен Еркін Тапалов жарақат алып қалған еді.
Уэльске қарсы кездесуге Темірлан Анарбеков пен Ислам Чеснаков жарақатпен ойнады. Ойын кезінде Нұралы Әліп те жарақат алып қалған еді.
Шабуыл шебінде Ислам Чеснаков, Дастан Сәтпаев, Ғалымжан Кенжебек, Максим Самородов секілді жас әрі талантты ойыншыларымыз бар. Бұл төрттіктің ең «кәрісі» - 25 жастағы Ислам. Оралхан Өміртаев та джокер ретінде мықты екенін білеміз.
Жалпы, Қазақстан осы іріктеудегі төрт матчта үш гол салды. Үшеуі де сырт алаңда. Уэльске қарсы Асхат Тағыберген, Лихтенштейнмен ойында Самородов пен Марочкин көзге түскен еді. Оның екеуі, өкінішке қарай, құрамадағы карьерасын аяқтады.
Біздің құрама соңғы екі матчында жақсы-ақ шабуылдады, тек гол соға алмады. Сондықтан Бельгияға оңайлықпен гол соқтыра қоймас, біздің де мүмкіндіктеріміз болады. Қазақстан қонақта Бельгияға гол соғады деген батыл болжам алып көрсек дейміз.
Көп сарапшы Бельгия Қазақстанды тас-талқан етіп тастайды деген болжам жазып жатыр. Ал біз, керісінше, Қазақстан қорғаныста мардымсыз ойнамайды деп үміттенеміз. Сондықтан, Қазақстан үш гол айырмашылығымен жеңілмейді деп ойлаймын.
Айта кетейік, «Констант Ванденсток» стадионында өтетін матч 7 қыркүйекте 23:45-те басталады.