06.09.2025 21:52

Қазақстан тарихи жеңіске қол жеткізе ала ма?

06.09.2025 21:52

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 7 қыркүйек күні ӘЧ-2026 іріктеу кезеңі аясында Бельгиямен күш сынасады.

Біздің жігіттер соңғы ойында Уэльске 0:1 есебімен есе жіберген еді. Ал бельгиялықтар Лихтенштейннен 6:0 есебімен басым түсті.

Осыған дейін қос құраманың жолы алты рет түйісіп, төртеуінде Бельгия басым түскен еді. Ал екі ойын тең есеппен аяқталып, Қазақстан әлі жеңіске жете алмай келеді.

Қазақстан «қызыл сойқандардан» Еуро-2008 іріктеу кезеңіндегі екі матчта да жеңілмеген. Андерлехте гол соғылмаса (0:0), Алматыда өткен ойында 2:2 есебі тіркелді.

Ол матчта Дмитрий Бяков пен Самат Смақов гол соққан еді. Сондай-ақ 2011 жылы Қайрат Нұрдәулетов те Бельгия қақпасының торын тулатқан, бірақ ол кезде жеңіліп (1:4) қалғанбыз.

Ал осы жолы құрама жастарға көбірек сенім артып жатыр. Уэльске қарсы матчтағы негізгі құрамның орташа жасы 25,5-ті болды.

Мұндай 26-дан жас құрам 2019 жылдан бері болмаған. Соңғы рет сол жылы өткен Бельгияға қарсы матчтағы (0:3) негізгі құрамның орташа жасы 25,7-ні құраған еді.

Әли Әлиев бастаған жастардан жасақталған құрам Бельгиядан ұпай алуы бек мүмкін, бірақ қарсыламыз соңғы үш матчында 11 гол соғып тастады. Ал біздің команда бұл аралықта бар-жоғы бір гол салды.

Брюссельдегі ойында румыниялық Раду Петреску бас төреші болады. Осыған дейін 42 жастағы маман Қазақстан – Беларусь (2:1) және Қазақстан – Финляндия (0:1) матчында төрелік еткен еді.

7 қыркүйек күні 23:45-те басталатын ойынды QazSport телеарнасынан көре аласыздар.

Жақып Марғұлан

Жақып Марғұлан

InstagramInstagram