01.10.2025 19:55

Ашық сабақтан «екі» алдық немесе 0:5 жан ауыртатын есеп пе?

01.10.2025 19:55

Матчтан кейін біліп жатырмыз:

  • Федерико Вальверде қапталдағы қорғаушы болып ойнағысы келмей, негізгі құрамға ілінбеген. Ойынға мүлде шықпайтынын біліп, үзіліс кезінде дұрыстап жаттықпаған. Тіпті Джуд Беллингем оған: «Феде, өзіңе көп алмасаңшы!», – деп ескерту жасауға мәжбүр болыпты.

  • Еркін Тапаловты әрі де, бері де қинап, сол қапталдан тынбай шабуылдаған Винисиус Жуниор өзін алмастырғанына наразылығын ашықтан-ашық білдіріп, бет-жүзі бес бөлектеніп, қосалқылар арасына әрең барып отырған.

Жұрттың баласы қандай, ә! Ойнаған сайын ойнай бергісі келеді. Жеңген сайын жеңе бергісі келеді.

Бірақ деп бір қайырайық.

Олар өздерінің қолы жүріп тұрғанын біледі. Құмарынан шыққысы келеді. Ең бастысы, екінші күннен үшінші күнге немесе үшінші күннен төртінші күнге ауысқан ойын ырғағынан айырылғысы келмейді. Қысқа қайырғанда, олар «ат» болып үйреніп қалған. Сәл іркілсе, бабына нұқсан келетінін түйсінеді.

Ал «Қайрат» ше? Бүкіл ТМД асыға күткен ойында алматылықтар неге ойсырай жеңілді?

Ойын туралы толғам мынадай:

Оразбахтиннің ойы және ойыншыларының бары мен жоғы

«Қайрат» қарқынды бастады. Шындығында, «Спортингке» қарсы шыққан 11 футболшы іргесін сетінетпей Орталық стадионда тағы төбе көрсеткенде іш жиып қалған едік. Өйткені, Португалияда «Қайрат» сапындағы португалдар (Луиш Мата мен Жоржинью) көп қателесті. Сондай-ақ оң қапталдағы Тапалов пен Мрынский жұбының шабуылда ширақ, ал қорғаныста «қирақ» болғаны да есімізде. Арада «Жеңіспен» бір ойын (3:1) өтсе де, алматылықтардың құрамы аса жаңара қоймайтынын онсыз да сездік. Дегенмен Дин Хейсен, Давид Алаба сияқты екі метр бойы бар нән қорғаушыларға қарсы тағы да бұлдырықтай Жоржиньюді, ештеңеден беті қайтпаса да, әлі де шағындау көрінетін Сәтбаевты қарсы қою дұрыс болды ма?

Біздің ойымызша, Оразбахтин бірінші таймда жігіттерінің бар мүмкіндігін шабуылға жұмсамақ болған сияқты. 9-10 секундта Сәтбаев сол қапталдан пас алып, Куртуаның қолына дәл ұрды. Гол соғылса, жоспар керемет нәтиже берген болар еді. Бұдан кейін де «Қайрат» біраз қысып бақты.

Бірақ 20 минуттан кейін «Реал» ойыншылары Орталық стадионның 30 миллиметрлік шөбіне бой үйретіп, «Дастан дегеніңіз мынау екен», «Жоржинью мен Громыко пас беруге өте сараң, алыстан соққы жасатпасақ болды», «Офри Арадтың қасына аттандап жетіп барсақ, өз радиусымен шыр айналам деп жүріп допты бізге сыйлай салады» деп қорытынды жасап үлгеріп, әрі қарай аруақтанып шыға келді.

Мына жағдайға қараңыз. Қақпаны Шерхан Қалмырза қорғайтыны баяғыда белгілі болған. ҚПЛ-дың кезекті туры, еурокубок іріктеуінің алғашқы кезеңіндегі кездесу болса, Егор Сорокин Тапаловтың қатесінен кейін допты артқа баспен қанша рет қайтарса да қайтарсын. Ал бұл «Реал» ғой. Олардың «айшылық жерді алты аттай» салатынын сана түбіне неге шегелеп алмады екен? Мастантуоно бәрін дұрыс істеді: өзіне жанын сала ұмтылған Шерханның дәл келіп соқтығатынын білді, сондықтан допты қақпаға бағыттап әуре болмай, алға түрте салды. Таза пенальти! Қақпашыны мұнша талауға беруге болмайды, футболдың әліппесі бұл. Мбаппе мүлтіксіз соқты, сонымен, «Қайраттың» ойын ырғағы бұзылды.

Ары қарай «галактикос» білгенін істеді. І таймда Сәтбаевтың баспен ұрғаны жалғыз тура соққы болса, ІІ таймда Громыко мен Луиш Мата алыстан бір-бір рет бақ сынап көрді. Куртуа қаймықпай қайтарды.

Громыко айып алаңында жығылған сәтте екі жағдайды көргендей болдық. Бірінші, Валерий допты бәрібір сәл аулақтатып алды. Ол енді еңкілдеп қуалай беретін болса, Хейсен бәрібір денесімен көлегейлеп, оп-оңай допты жақтау сызықтан сыртқа шығара салатын еді. Громыко өзіне ыңғайлы сол аяғымен тоқтатып, ашық кеңістікке шығатын рай танытты, шындығында, пенальтиге жұмыс істеді. Италиялық қазы Гуида пенальти белгіледі, Эдмилсон – өтірік, Сәтбаев шын тебуге дайындалып жатты. Бірақ ВАР араласып, бұл несібеден де қағылдық.

Екінші, осы эпизод та онсыз да барын салып жүрген біздің жігіттерді сансыратып кетті. Яғни «Спортингпен» кездесуде «жанар-жағармайлары» ерте таусылып қалған біздің чемпиондар бұл жолы да психологиялық тұрғыдан тағы «жұдырық жеді». Әрине, осыдан кейін сансырап кеткеніміз жоқ. Бірақ бәрібір Орталық стадионға «Реал» емес, біздің футболшылар бейімделуге тиіс сияқты күн кештік.

Ойыннан кейін жанкүйерлердің басым бөлігінде жалғыз ғана өкініш болған сияқты. «Қайрат» бір ғана гол соққанда ғой! Бұл нені білдіреді? Бұл – біздің мекен мен «галактикос» арасы шынында да ғарыш екенін мойындау. Ал ғарыштағыларға екінің бірінің қолы жете бермейді. Бір гол соғылса, соның өзі бізге жеткілікті еді.

Бірақ Чемпиондар лигасы деген даңқты турнирде ойнап жатыр екенсіз, «Спортингке» я «Реалға» бір гол соғып, өзіміз төрт-бес гол «жеуді» мият тұтпасақ керек. Шықтық па, нәтиже үшін ойнайық. Әрине, тәжірибе жинауын жинармыз, бірақ УЕФА коэффиценті, ақыр аяғында, бүтін бір ел намысы дегенді ешкім белден сызып тастаған жоқ.

«Реал» бізден қорықты ма?

Қорықпаса да, сескенді. Хаби Алонсо – жас бапкер. Ол заманауи технологиялардың бар мүмкіндігін пайдаланып, жұрт мақтаған, «Челси» жақтаған Сәтбаевты әбден зерттеген. «Қайраттың» орталық шебінде Офри Арад пен Дамир Қасаболатқа прессингті сәт сайын іске қосса, екеуінің де сансырып, допты «сыйлай салатынын» жадына түйген. Екі орталық қорғаушы Мартынович пен Сорокин шабуылға болысып алға кеткенде жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырса, «Қайраттың» қорғанысынан түк қалмайтынын көрген. «Спортингке» қарсы ойында солай болды ғой.

Көрнекі құрал: Куртуа біздің шабуылшылардың қысымына қарамастан допты алға сол аяғымен көлбете тебеді, ол допқа Мбаппе мен Сорокин қатар ұмтылады. Бұл кезде Мартынович «Реалдың» айып алаңында жүрген еді. Килиан Егорды оңай жер соқтырады да, алдынан шығып, барлық бұрышты жауып үлгерген Қалмырзаның басынан асырып тастай салады (екінші гол). «Реалдың» тағы да қарсы шабуылы, ренжігіш Винисиусты алмастырған Родриго өзін шаужайлаған Мрынскийді, алдынан шыққан Мартыновичті, қоса келген Байбекті оңай алдап, ақыры Мартыновичтің орнын жауып, өз орнын ашық қалдырған Сорокинді де бір қимылмен қаңғытып жіберіп, Гүлер арқылы Мбаппеге хет-трик жасатты (үшінші гол).

Хаби Алонсо оң қапталдағы Тапалов (Станоев)-Мрынский жұбына күш сала беру керек екенін жақсы білді. «Қайраттың» қақпасына соғылған 5 голдың үшеуі осы қаптал арқылы басталып аяқталды.

Хаби Алонсо екінші таймда алматылықтардың шабуыл шебіне денелі Эдмилсон шыққанда, оған қарсы Эдуард Камавинганы жұмсап қана қойған жоқ, французға шабуылға белсене араласуға да тапсырма берді (төртінші гол).

Хаби Алонсо Ла Лиганың соңғы турындағы ауыр соққыдан («Атлетико» - 2:5) психологиялық жеңілдікті бір берсе, «Қайрат» бере алатынын анық ұқты. Сондықтан жеңіскер жасағына аянбай ойнауды бұйырды.

Үш доп соғып алған «Реал» сондықтан да кездесу соңына дейін қысымды азайтқан жоқ.

Оразбахтин айтқан осал тұс қайсы?

Матч қарсаңындағы баспасөз мәслихатында Рафаэль Оразбахтин өзінің де корольдік клуб ойынын зерттегенін айтып, «осал тұсы аз, бірақ біразын тапқан сияқтымыз» деген еді.

«Қайрат» шынында да даңқты қарсыласын аз да болса састыра алды ма?

Бірден айтайық, «Реалдың» қорғаныс шебі, онда да оң жақ қанаты (Рауль Асенсио) алғашқы минутта бір рет қатты есеңгіреді. Сәтбаевке ең жақсы пас келетіні де осы сәт. Осыдан кейін де Асенсио бірнеше рет артқа қайтып үлгермеді (Вальверденің шыққысы келмеген шебі осы). Бірақ Громыко да, Арад та ондай сәттерде өздері соққы жасап, қапталдан қосылған командаластарын тіпті байқағысы келген жоқ. Демек, «Қайрат» та Асенсио жүрген тұсты «белден қаза» беруі керек еді. Демек, «Қайрат» қапталдан шабуылдарды көбірек ұйымдастыруы керек еді. Барын салды, бір-екі рет қауіп төндірді, алыстан соққылар жасады, сонымен – бітті.

Орталық қорғаушылар Хейсен мен Алаба әуелеген пастарға толық қожалық жасады.

Тчуамени мен Себальос Қасаболат пен Арадты әбден шаршатты. Шындығында, «Қайраттың» аяғына доп тиген сәтте орталық шепте тіпті тұрақтаған жоқ, бірден я солға, я оңға жіберіліп жатты. Ортадағы Арадқа берілген күннің өзінде, ол не көп ұстап, не қысымнан шошып берекесіз теуіп, не пас беремін деп міндетті түрде қателесумен болды.

Ендігі күніміз не болады?

Біздің ойымызша, «Спортинг» пен «Реал» бізге аса қатал ашық сабақ өтті. «Екілік» алып шықтық. Оны бірден «беске» түзету мүмкін емес шаруа екені анық. Не істеу керек?

21 қазанда «Пафосты» Орталық стадионда не жеңу керек, не кем дегенде ұпай алу керек. Яғни «Қайрат» өзіне сенімді күшейтетін амал табу керек. «Спортингке» қарсы 40 минут, «Реалға» қарсы 25 минут жақсы ойнадық деу – Чемпиондар лигасындағы ұжымға жарасатын сөз емес. 2024 жылы лиганың қазіргі құрылымы бекітілгенде, Словакияның «Слованы» мен Швейцарияның «Янг Бойз» командасы 8 кездесуде де жеңілді. «Қайрат» мұндай күйге түспеуге тиіс дейді біздің жанкүйер көңіліміз.

Сөз соңында

Алматыда, Семейде, Ақтөбеде, Көкшетауда салынатын стадиондарды тез бітіру керек. Бір тиынын сыртқа шығармай, адал аяқтату керек. Әйтпесе «Реал» сияқты бір ұжым келсе, билет алған 5 мың адам сыртта, билет алмаған 15 мың адам іште жүретін бейбастақтық жалғаса береді.

«Коммунизм стиліндегі стадион» (испан журналисінің сөзі) «Реалды» қабылдауға жарамсыз екенін көрдік.

Есей Жеңісұлы

Есей Жеңісұлы

InstagramInstagram