18.11.2025 19:08

Астанадағы матчтарға билеттер неге арзан?

18.11.2025 19:08

«Қайрат» бүгін, 18 қарашада Чемпиондар лигасындағы қалған ойындарын Астанада өткізетінін хабарлады

Нақтырақ айтсақ, «сары-қаралар» «Олимпиакос» (9 желтоқсан) пен «Брюггені» (20 қаңтар) «Астана Аренада» қабылдайды.

Бұл матчтың билеттері 15 000 – 50 000 теңге аралығында сатылады. Ал осыған дейін Алматыда өткен екі ойынның билеттері 30 000-нан басталып, тіпті 250 000-ға дейін барған еді. Халықтың наразылығын тудырған бұл жағдайға қатысты «Қайрат» футбол клубы ресми мәлімдеме жасады.

– «Бұған дейін «Қайрат» ФК УЕФА-ның баға саясатына сәйкес Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі өз алаңындағы матчтарға арналған билеттің бағасы бекітілген әрі өзгермейтінін хабарлаған болатын. Бұл баға саясаты Алматыдағы Орталық стадионда өтетін барлық ойынға бекітілгендіктен, сол жағдайларда қайта қаралуы мүмкін болмады.

Алматыдағы қолайсыз қысқы жағдайларға байланысты матчтарды Астанаға ауыстыру шешімі УЕФА-мен келісе отырып қабылданды. Ойын орнының өзгеруі оған қатысты талаптардың да өзгеруіне әкелді.

Жаңа жағдайларды ескере отырып, клубта билет бағасын қайта қарау мүмкіндігі пайда болды»,– делінген хабарламада.

Айта кетейік, төрт турдан кейін бір ұпай жинаған Рафаэль Уразбахтин шәкірттері турнир кестесінде 34-орында келеді.

Азамат Бақи

Азамат Бақи

InstagramInstagram