29.08.2025 21:35
2312
Алматыға «Реал Мадрид» келеді
29.08.2025 21:35
2312
Кешегі жеребе рәсімі біз күткеннен де асып түсті. «Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Реал», «Интер», «Арсенал», «Спортинг», «Брюгге», «Олимпиакос», «Пафос» және «Копенгаген» командаларымен кездесетін болды
Жеребе қалай түсті?
Айтары жоқ, жеребе өте сәтті түсті. Жанкүйер қатты күткен суперклубтар да бар: ЧЛ-дың 15 дүркін жеңімпазы («Реал»), өткен маусымдағы финалисі («Интер»), өткен маусымдағы жартылай финалисі («Арсенал») тақиямызға қайдан тар келсін!
Өзіңіз ойлаңызшы, осыдан он жыл бұрын «Астана» – «Атлетико», «Астана» – «Галатасарай», «Астана» – «Бенфика» афишалары сұмдық болып көрініп еді ғой. Ендігіміз тіпті керемет! Атап өткен үш суперклубтан басқа қарсыластарды менсінбей қоятын ниетіміз де, ойымыз да жоқ. Орталық стадиондағы «Қайрат» – «Реал» матчына қазақ жанкүйерлері 34 жыл жүріп жетті. Енді осындай матчтар дәстүрлі болса, қанеки!
«Қайрат» жиһанкез болады
«Қайрат» өзі тұңғыш рет қатысатын Чемпиондар лигасында ең саяхатшы команда болмақ. «Интермен», «Арсеналмен», «Спортингпен» және «Копенгагенмен» сырт алаңдарда кездесіп қайту үшін алматылықтар 44 982 шақырым, яғни 18-і кем 45 мың шақырым жер жүріп өтеді екен.
Әсіресе «Спортингпен» айқас рекорд болмақ: А нүктесінен (Алматыдан) В нүктесіне (Лиссабонға) жету үшін Қазақстан чемпионы 6 900 шақырым қашықтықты артта қалдырады. Чемпиондар лигасында ара қашықтығы осынша ұзақ екі ұжым ешқашан күш сынасып көрген емес.
Неше ұпай алуға мүмкіндік бар?
Жеребе жақсы түсті деп қуанып отырғанымыздың да себебі сол: «Қайрат» бұл лигада ұпайтаратқыш команда болмайтын сияқты. Әрине, «Реалды» атынан аударып түсіреміз демеспіз. «Арсеналды» да «Эмирейтсте» есеңгірету болмайтын шаруа сияқты көрінеді. «Алысқа ұшпайтын болдық» деп мұртынан күліп отырған «Интер» де «Сан-Сирода» сары жейделі дебютанттардан сан соғып қалмауға ұмтылатыны белгілі. Яғни осы суперүштікпен кездесулерден 1 ұпай ала алсақ – олжа, 2 ұпай иеленсек – ерлік, ғайыптан тайып біреуін жеңіп кетсек – сенсацияның көкесі! Бірақ күнібұрын туымызды жығып, «үшеуіңнің атағыңнан үркіп-ақ қақпамызды ашып тастадық» демесіміз және белгілі.
Басқа қарсыластың барлығымен ойнауға болады. Бас бапкер Рафаэль Оразбахтин айтпақшы, «ботқа қайнатқан» екенбіз, одан қысылудың қажеті жоқ.
Әрине, «Брюггенің» ЧЛ-дағы тәжірибесі әлдеқайда көп. «Спортинг» соңғы жылдары Португалиядағы дарабоздар жұбының арасына сыналап кіріп қана қоймай, бес жылда үш рет чемпиондық атақты жеңіп алды. Құрылғанына 100 жыл толған «Олимпиакос» биыл Грекияның 48 дүркін чемпионы атанып, ұлттық рекорд жасады, 2024 жылы Конференция лигасын жеңіп алды. Ең жас ұжым «Пафос» ресейлік миллиардерлердің көмегімен аз уақытта ел чемпионы атанып қана қоймай, әлемнің басты клубтық сынында өнер көрсетпек.
Міне, осылардың ешқайсысынан қайтпау керек. Әсіресе өз алаңымызда «Брюгге», «Олимпиакос», «Пафос» үшеуінен де ұпай алуға, тіпті жеңуге тырысқан дұрыс. «Арық айтып, семіз шыққанға» не жетсін, дегенмен «өлгенде көрген бір төбелес» қой, «Абылайдың асында шаппағанда...» деп ұрандап кірісу керек. Өткен жылы плей-оффқа шыққан соңғы командалар 11 ұпай жинапты («МанСити», «Брюгге» және «Спортинг»). Соның екеуі – ендігі қарсыласымыз.
«Қайрат» 8 немесе 9 ұпай жинаса, жанкүйер ретінде көңіліміз тоқ болар еді. Біріншіден, дебютант үшін жаман нәтиже болмайтыны анық, екіншіден, УЕФА коэффинцентінде Қазақстанға жарты ұпай болса да қымбат.
Ежелгі «дұшпан» ел болмас
Қарсыластарды жеке-жеке таратайық.
«Реал». Корольдік клуб Қазақстанға алғаш рет келеді және қазақстандық клубтармен алғаш рет ойнайды. Кесте бойынша «Реалмен» кездесу алғашқы турларда өтетін болса, Мбаппе бастаған кіл мықтылар Орталық стадионда сөзсіз өнер көрсетеді. Ал Испания командалары бұған дейін «Астанамен» 3 рет жолықты. Алты кездесуде бір рет қана тең ойнады («Атлетико», 2015 жылы «Астана Аренада» – 0:0), жалпы бес рет жеңіске жетті, үш рет ойсырата жеңді («Вильярреал» - 3:0, 4:0, «Атлетико» - 4:0).
«Интер». Жалпы, италиялық клубтар еурокубокта біздің командалармен алғаш рет жол түйістіреді. Бұған дейін Апеннин түбегінің өкілдері Қазақстанға ат басын бұрған емес.
«Арсенал». «Зеңбірекшілер» де қазақстандық командамен бірінші рет кездеседі. Дегенмен бұған дейін «Астана» Қазақстанға Англияның екі суперклубын («Манчестер Юнайтед» пен «Челсиді») әкелді. 2018 жылы «МЮ»-мен Еуропа лигасының L тобында тең қырқысып (0:1 және 2:1), сенсация жасады. Ал өткен маусымда Конференция лигасы аясындағы «Челсимен» кездесу Алматыда 1:3 есебімен аяқталды. Демек, ағылшын суперклубтарымен кездесуде біздің еншімізде жеңіс бар.
«Спортинг». Лиссабондық клуб дәл сол 2018 жылы Еуропа лигасының плей-офф кезеңінде «Астананы» күтіп алды да, елордада 3:1 есебімен жеңіп кетті, өз алаңында тең түсті (3:3). Яғни 1/8 финалға жолдаманы бізге ұстатпай кетті. «Астана» 2015 жылы ЧЛ-дың топтық турниріне шыққанда, «Бенфикадан» сырт алаңда 0:2 есебімен жеңілді, «Астана Аренада» 2:0 есебімен жеңіп тұрып, ұпай бөлісуге мәжбүр болды (2:2). Өткен маусымда Конференция лигасындағы «Виториямен» (Гимарайнш) кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Демек, біздің клубтар («Астана») португалиялықтармен үш рет кездесіп, 5 ойынның үшеуінде тең ойнады, екі рет жеңілді.
«Брюгге». Бұл команда да біздің елге тұңғыш рет келеді. Бельгия клубтарымен арадағы текетіресімізде есеп тең – 1:1. 2003 жылы Интертото кубогының ІІ іріктеу кезеңінде «Тобыл» «Сент-Трюйденді» 2:0 және 1:0 есептерімен жолда қалдырды. Ал 2013 жылы Еуропа лигасының ІІІ іріктеу кезеңінде «Генк» «Ақтөбені» екі кездесуде де ұпайсыз қайтарды (2:1, 2:1).
«Олимпиакос». 2016 жылы Еуропа лигасының топтық турнирінде бұл ұжым «Астананы» өз алаңында 3:1 есебімен жеңіп, елордада 1:1 есебімен тарқасты. Сөйтіп, «Астананы» соңында қалдырып, топта бірінші орын алып кетті. Грекиялық командалармен еурокубоктарда бірнеше рет тоқайластық. ОФИ-мен текетіресте (2007 ж., Интертото кубогының ІІІ іріктеу кезеңі) «Тобыл» екі ретте де 1:0 есебімен басымдық танытты. «Шахтер» қазақстандық ұжымдар арасынан бірінші болып Еуропа лигасының топтық турниріне шыққан жылы (2013) ПАОК 2:1 және 2:0 есебімен бізден алты ұпай иеленіп кетті. 2021 жылы Конференция лигасының ІІ іріктеу кезеңінде Салоникидің «Арис» командасын «Астана» артқа тастады – 2:0, 1:2. Демек, грекиялық клубтармен ойнап қана қоймай, ұпай тартып алатын дәстүріміз бар.
«Пафос». Бұл ұжым өткен маусымда ғана «Астанамен» Конференция лигасының жалпы кезеңінде кездесіп, Андерсон Силва 87 минутта соққан голдың арқасында үш ұпай олжалады. Жалпы кипрлік клубтар арасында біздікілермен ең көп кездескен – АПОЭЛ (10 ойын). 2015 жылы «Астана» Чемпиондар лигасына жолдама алғанда, іріктеудің плей-офф кезеңінде кездескен де осы АПОЭЛ еді (1:0, 1:1), 2016 жылы Еуропа лигасының топтық турнирінде «Астанаға» жалғыз жеңіс сыйлаған да осы ұжым болатын (2:1). 2018 жылы Еуропа лигасына іріктеудің плей-офф кезеңінде елордалықтар дәл осы АПОЭЛ-ді ойын соңындағы пенальтиден 2:1 есебімен жеңіп, топқа шықты. Содан кейін АПОЭЛ «Қайсар» мен «Қызылжарды» әр жылдары екі рет жолда қалдырды. Өткен маусымда «Астана» ежелгі қарсыласымен тағы тар жолда кездесіп, 1:1 есебіне қанағат білдірді (Конференция лигасы). «Қайрат» та бұған дейін кипрлік клубтермен бір рет жолығып, екі кездесуді де 0:0 есебімен аяқтағаны есімізде (Конференция лигасы-2021, «Омония»). Осы «Омония» сонау 2003 жылы «Ертісті» де айналып өтіп еді.
«Копенгаген». Дания астанасының командасы қазақстандық команданы тұңғыш рет қабылдайды. «Қайрат» оған дейін осы елдің өкілімен 2014 жылы бір рет кездесіп, сәтсіз нәтиже тіркеген еді («Эсбьерг» – 1:1, 0:1, Еуропа лигасының ІІ іріктеу кезеңі. Есесіне, 2018 жылы «Астана» Чемпиондар лигасының ІІ іріктеу кезеңінде «Мидтьюландты» жолға тастап кетті (2:1, 0:0).
«Қайраттың» жаңа дәстүрі
Байқасаңыздар, қазіргі қарсыластарымыздың елдерінен шыққан командалармен осыған дейін «Астана» ең көп кездескен екен. Ал биыл «Қайрат» осы ежелгі қарсыластардың бәрін артқа тастап отырды.
Қараңыз. КуПС 2021 жылы «Астананы» Конференция лигасының іріктеу кезеңінде жеңіп кетті. Өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнады да, «Астана Аренада» 4:3 есебімен «нокаут» жасады. Биыл осы КуПС-тан сырт алаңда 0:2 есебімен жеңілсе де, «Қайрат» Алматыда керемет кәмбек жасап (3:0), төмен сырғытты.
Братиславаның «Слованы» 2011 жылы Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде «Тобылды» айналып өткен-ді (2:0, 1:1). Биыл «Қайрат» екі ойын қорытындысында тең ойнап (1:0 және 0:1), кездесу соңындағы пенальтиде бақ асырды.
«Селтикпен» 2013 жылдан бергі текетірес биыл ғана біздің пайдамызға шешілді. Шешкен сол – Алматының «Қайраты».
Ал бұған дейін Испания командаларын жеңе алмаған болсақ, ағылшын ұжымдарымен ара қатынаста «минусымыз» көбірек болса, португалдармен аса сәтсіз ойнап жүрсек, «Қайрат» неге тағы да түзету енгізбеске! Басқа елдің командаларымен бұған дейін де итжығыс түсіп жүрміз, ендеше, таразы басын өзімізге аударайық.
Қорқатын ештеңесі жоқ. Олар да адам.
Есей Жеңісұлы