27.08.2025 22:38
638
Темір мінезді Темірлан Анарбеков
27.08.2025 22:38
638
«Қайраттың» шотландиялық «Селтикке» қарсы кездесуінен кейін Темірлан Анарбекке тәнті болғандар көп. Талантты қақпашы қазақтың ғана емес, әлемнің назарына ілікті
Айтулы матчқа дейін Темірлан Анарбектің instagram-ында 1800 жазылушы бар-ды. Бүгін оның парақшасын 89 мыңнан астам жанкүйер оқиды. Қақпашының өнеріне тәнті болған жұрт «ұл туылса, атын Темірлан деп қоюға» уәде берді. Ал Чемпиондар лигасының әлеуметтік желідегі ресми парақшасы Темірлан Анарбекті Алматыдағы кездесудің қаһарманы ретінде таныды.
Одан бөлек, жеңіс сүйіншісі ретінде сый ұсынып жатқандар көп. Әзіл-қалжыңы аралас «тойыңды жүргізіп беремін, фотограф іздеп әуре болма» дейтін пікірден көз сүрінеді. Тек қазақтар емес, шетелдіктер де «ұсыныс» білдіріп жатыр. Әсіресе, түрік жанкүйерлері «Бешікташ» пен «Галатасарайға» шақырып әлек. Ал қазақтар Темірланға топ-клубта доп теуіп, осы бетінен таймауға шақырып жатыр.
Естеріңізде болса, Темірлан Анарбеков 2017 жылы «Қайрат» академиясына қабылданып, 2020 жылы «Таразға» қарсы кездесуде Премьер-лигадағы тұсауы кесілді. Кейінірек, 2022 жылы «Қайрат-Жастар» командасының капитаны болды. 2024 жылы «Жеңіс» сапында ойнап, «Қайратты» ел кубогынан «ысырғаны» бар. 2021 жылы 19 жасқа дейінгілер арасында ұлттық құрамаға ілініп, Чехия жастарына қарсы матч өткізді. 4 қыркүйек күні Уэльспен өтетін ойынға шақырту алып, кеңейтілген тізімге енді. Ол 14 қазан күні 2003 жылы Атырауда дүниеге келген.