22.08.2025 15:02
44
«Қайратты» түрлендіріп жіберген Рафаэль Уразбахтин кім?
22.08.2025 15:02
44
«Қайрат» Шотландия төрінде «Селтикпен» тең тарқасты. Көпшілік «кельттер» алматылықтарды қалпақпен қағып алады деп топшылады. Бірақ сценарий басқаша өрбіді. Уразбахтин шәкірттері қорғаныста тап-тұйнақтай ойнап, жанкүйерін таңдандырды. «Қайраттың» бапкері футболшылардың тапсырманы мүлтіксіз орындағанына риза болғандай. Глазгоға жиналған аз жанкүйерге құрмет көрсеткені бөлек әңгіме. Жалпы, «Қайратты» түрлендіріп жіберген Рафаэль Уразбахтин кім? Оның феномені қалай қалыптасып жатыр?
Шотландиядағы шаттық
Әңгімені «Селтикпен» кездесуден бастамасқа болмас. Матч алдында футбол эксперті Әлімжан Тасболатұлынан сұрағанымызда «Уразбахтин «Селтикті» барынша зерттеп, керемет ойын көрсетеді деп үміттенемін» деген. Расымен, «Қайраттың» бапкері қарсыласын барынша қысты. Жинақы ойын көрсетіп, қорғанысты сауатты пайдаланды. Бастысы, жігіттер «Селтик парктің» сиқырына алданбады. Сөйтіп жүріп, қазаққа алдырмай жүрген қамалды бұзып қайтты. Иә, гол соққан жоқ, бірақ «5:0 есебімен жеңіп, Алматыға жастарды жібереміз» дейтін кельттердің аузына құм құйды. «Астана» мен «Шахтерге» бұйырмаған есепті тіркеді. Матчтан соң әлеуметтік желіде «жапондарды жинай бергенше, қазақтан ойыншы сатып алыңдар» дейтін пікірді көзіміз шалды. Демек, Рафаэль бапкер діттегенін орындап, Глазго ішінде «от» тұтандырып кетті. Енді «Селтик» чемпионатта әуре боламыз ба, әлде 7 сағат жолға негізгі құрамды сабылтамыз ба деп бас қатырады. Одан бөлек, жанкүйерлері «бапкер мен басшылық жұмыстан кетсін» деп бүлік шығарып жатыр.
Ойынға келсек, Уразбахтин тактикасын тамаша іске асырды. «Селтик» Александр Мартынович дейтін асуды бағындыра алған жоқ. Еркін Тапалов бір сәт Дани Карвахальға айналды ма, Дайдзэн Маеда мен Каллум Форесті адым аштырмады. Алғашында дәп сол жапоннан сескенгеніміз рас. Бірақ 90 минут талмай ойнаған Тапаловқа таңдай қақпасқа болмас. Сарапшылар айтқандай, ол «Селтик паркке» бар күші мен эмоциясын тастап кетті.
Иә, басқа-басқа Валерий Громыко алаңға шықпас деп ек, бапкер мұнда да тосынсый әзірлеп қойған екен. Әккі ойыншы өзіне жүктелген міндетті жинақы орындап шықты. Ал Александр Заруцкий жайлы әңгіме басқа. Көргеніңіздей, ол жай ғана қақпашы емес, «Қайраттың» көшбасшысы, компасы екен. Алаңда әр ойыншыға дем беретін мотиваторға айналған. Дастан Сәтпаев та шабуылдан гөрі қорғаныста, орталыққа ойысты. Мұнда да бапкердің шешімі рөл ойнады. Талантты футболшы арасында қапталды да ауыстырып, «Селтикті» біраз әурелегені бар. Бір сөзбен айтқанда, Уразбахтин Шотландияда міндетін абыроймен атқарып, өзіне керек ұпайын алып қайтты.
Жастардың шырағын жаққан
Қазір жанкүйер біткен алматылық клуб пен оның бапкеріне таңданып жатыр. Алыс-жақын шетелдегі мамандар да Уразбахтиннің еңбегін бас бармақпен бағалады. Ал маусым басында бұл бапкердің «Қайратта» қалу-қалмауы неғайбыл дейтін пікір де болды. Ойын тактикасын ұнатпағандар да табылды. Еурокубок кездесулерінде Жоржиньо мен Дастан дуэтін таратып, эксперимент жасағанына да шүйлікті. Бірақ бапкер қандай шешім шығарса да, әзірге аяғы «қыздың жиған жүгіндей» болып тұр.
Бапкер жұмысы туралы футбол эксперті Дидар Есемовтан сұрағанымызда, еңбекті жоғары бағалауға болатынын айтты. Тіпті, сарапшы оны «Қайрат» тарихындағы ең үздік бапкердің қатарына жатқызуға боларын атап өтті. Оның айтуынша, бұған бірнеше фактор бар.
«Өйткені, клубпен бірге чемпион атанды. Осы маусымда еурокубоктағы да жолы керемет. ҚПЛ-да да жинақы ойнап жүр. Меніңше, Уразбахтиннің артықшылығы – ойыншылардың тілін табады, командадағы бірліктің бұзылуына жол бермейді. Байқағаныңыздай, командадағы атмосфераға көз сүйсінеді. Басты фактор осы деп ойлаймын. Әрине, тәжірибе рөл ойнары анық. Өзі де футболшы болған, ойыншыларға не керегін біледі. Ал тактика жағынан аса айырмашылық табу қиын. Себебі ҚПЛ-дағы команданың көбі бір шаблонмен ойнайды. Соның өзінде кей матчта ерекше дайындығын көреміз. Қорғанысқа сақпен қарайтын, сауатты маман. Жылдам шабуыл ұйымдастырып, ойындағы тактикалық үрдісті өзгертіп, нәтижеге жұмыс істей алады», – дейді сарапшы.
Оған қоса Дидар Есемов Уразбахтиннің тағы бір қыры ретінде жастармен жұмысын алға тартты. Оның ойынша, Дастан Сәтпаевтың «Қайратта» жасындай жанып жүргенінің себепшісі – Рафаэль Радикұлы. Академияның тәлімін көрген футболшының негізгі командаға сіңуін стрессіз іске асырып жүр. Мысалы, Дастаннан бөлек Олжас Байбектің, Дамир Қасаболаттың өнерін ел көрді. «Селтикке» қарсы кездесуде академияның тағы бір түлегі Темірлан Анарбекті байқадық. Айтпақшы, Анарбеков жарақат алғанда қосалқы құрамда отырған Шерхан Қалмырзаның үрейлі көзқарасы есте қалды. Бұл оның «стресске» түскені емес, Темірлан ағасы үшін уайымдағаны деп қабылдадық.
Осы тұсқа тоқтағанда, аталған бапкердің «Қайрат» структурасында әуелден (2019) жұмыс істегенін ұмытпаған жөн. Клубтың жастар құрамасын баптады. QJ League-те клубтың U-18 құрамын барынша ашты. Қатарынан екі жыл чемпион атанғаны бар. Дәл осы жарыста Дастан Сәтпаевтың бенефисі болған. Оған қоса қаншама жастың шырағын жақты. Эсксперттер жастардың дисциплинаға, жауапкершілікке берік екенін атап өткен. Демек, бұған бапкердің де үлесі бар. Тек тактикаға ғана емес, психология мен жеке жұмысқа да назар аударатынын білдіреді. Бастысы, команда болып ұйысуды, жеңістің дәмі мен бірлік ұғымын бойға сіңіре алады.
«Уразбахтин ойыншыға сенім арта алатын бапкер. Мұны футболшы да жақсы біледі және ұстазының сенімін аяқасты еткісі келмейді. Мысалы, Дамир Қасаболатты бізге басқа қырынан көрсетті. Қорғаныстың оң қапталында да, алаң ортасында да өнер көрсетіп жүр. Дастанның деңгейі көз алдымызда өсіп жатыр. Тіпті, Александр Мрынскийге сенім артып, жаңа қырынан ашты», - дейді футбол сарапшысы Әлімжан Тасболатұлы.
Расымен, бапкер ретіндегі жолын 2014 жылы бастады. 2019 жылдың соңына дейін «Қайрат» академиясында әртүрлі жастағы команданы баптады. Қазақстан U-19 жасөспірімдер құрамасының бапкерлер штабы мүшесі болған. 2020-2022 жылдары «Шахтер» клубында бас бапкер көмекшісі, кейін клубтың спорт директоры қызметін атқарды. Кейіннен, 2023 жылы клуб құрылымына оралып, «Қайрат» U-18 командасы бапкерлер штабының құрамына кірді. 2024 жылы маусымды «Қайрат-Жастардың» аға бапкер ретінде бастап, соңында негізгі құрамның тізгінін ұстады.
«Қайраттағы» жарқын жыл
Иә, өткен маусымда «Қайраттың» бас бапкері атанғаны турасында біраз шу болды. Әрине, әңгіме экс-бапкер Кержаков турасында өрбімек. Өйткені Ресей маманы сол жылы команданың чемпион болғанын өзіне таңып әлек. Бірақ титуыл үшін қиян-кескі ұрыста Рафаэль Радикұлының жан аямай күрескенін білеміз.
Өткен маусымда «Қайратқа» чемпион титулын әкелген – Уразбахтин. Алайда көбі «ойбай, Кержаковтың жасаған құрамы» деді. Ресейлік маманның өзі де Федор Смоловтың ютуб каналына берген сұхбатында «менің багажыммен жеңіске жетті. Мен әкелген легионерлер – Мартынович, Егор Сорокин, Громыко сындылар маусым соңында керемет ойнады» деді. Осы маусымда қарасақ, Уразбахтиннің өзі, бапкерлік құрамы, дәрігерлері құрамды тыңғылықты дайындап жүр. Айталық, қонақта көңілімізге ұнайтын, шабуылда ойқастайтын ойын көрсетпейді. Бірақ өз алаңында нағыз тас қамал екенін дәлелдеп, «Орталық стадионды» аурасын сәтті пайдаланып жүр. Одан қалса клуб Қазақстан чемпионатында да бірінші орынға таласып жатыр. Көргеніңіздей, Уразбахтин шынымен команданы жақсы біледі. Қарымта шабуылды сәтті пайдаланады, қапталмен де әдемі шабуыл жасайды. Маусымда көп трансфер жасамағаны түсінікті. Жоао Пауло жарақат алды. Оның орына жазда Эдмилсон мен Рикардиньоны қатарға қосқан еді. Ойыншы әкеліп, ортаны күшейтті дей алмаймыз. Тек қыста Дан Глазер келді. Уразбахтиннің артықшылығы басқа бапкерлерге қарағанда өз алаңында шабуылдауға қорықпайды. Заманауи футбол талабына сай ойын өрнегін көрсетеді. Бізде «қазақ бапкерлері нашар, оларға біліктілік жетпейді, квалификациясы төмен» деп жатады. Соған қарап Уразбахтин елімізде жаңа бапкерлер мектебінін қалыптастырып жатыр деп ойлаймын, - дейді футбол сарапшысы Әлімжан Тасболатұлы.
Ал Қазақстан чемпионатына келсек, «Қайрат» 20 ойын өткізіп, турнир кестесінде 43 ұпаймен екінші орында тұр. Соның 13-інде жеңіске жетсе, 4 рет тең ойнап, 3 рет жеңілген. Қызығы сол, үш жеңілістің екеуінде «Елімайға» есе жіберген. Рафаэль Радикұлының «Селтикке» батқан тісі Семейдің клубына өтпей тұр. Мамыр айында «Елімайға» алғаш рет жол берген соң, өз алаңында «Оқжетпеске» ұтылғаны бар.
Дәл осы «Елімайдан» жеңілгені Уразбахтинді қамшылап алғандай. Өйткені осы ойыннан соң, қорғаныстың сыр бергенін, тактика тұрғысынан реттейтінін айтқан. Нәтижесін британиялық клубпен өткен ойында көрдік. Демек, «Қайрат» еурокубокте де мүлт кетпеуді, ҚПЛ-ді де уыстан шығармауды қалайды. Өйткені Уразбахтин шәкірттері Қазақстан кубогы жолындағы жорығын ерте аяқтады. «Ордабасы» клубынан жеңіліп, жартылай финалға жолдама ала алмады.
Ат айналып қазығын табады
Жоғарыда Рафаэль Радикұлының экс-ойыншы екенін, кейін бапкерлікке келгені сөз болды. Кәсіби мансабын 1996 жылы Талдықорғанның «Қайнарынан» бастаған. Одан кейін «Ұлытауда» ойнап, кейіннен «Қайратқа» ауысты. Қазір бапкер болған клубында үш жыл ойнап (1997-2000), ресейлік «Ростсельмашқа» барды. Бір жылдан соң елге оралып, «Елімай», «Ақтөбе-Ленто», «Жетісу», «Шахтер», «Есіл-Богатырь», «Қайсар» мен «Востокта» доп тепті. Қазақстан Премьер-лигасында 200-ден астам матчқа қатысып, 17 жыл жасыл алаңда доп тепкен. 1998-2004 жылдары ұлттық құрамада ойнағаны тағы бар. 12 матчта 2 гол соққан.
Ол «Қайраттың» негізгі құрамына бапкер болып тағайындалғанында «менің арманым орындалды» деген-ді. Осы клубта доп тепкенін, сол тұста-ақ бапкер болуды ішіне түйгенін жеткізді. Расымен, кейбірі ойыншы ретінде керемет карьера жасай алмауы мүмкін. Бірақ бапкер ретінде тамаша үлгі көрсете алады. Мысалы, Пеп Гвардиоланың өзі «менен үздік ойыншы шыққан жоқ, бірақ үздік бапкер болуға барымды салдым» деген еді. Сондықтан футболда бақ табу, біреудің шырағын жағу қиын іс. Сол сияқты сарапшылар да Уразбахтин феноменін тәртіп, талап және мотивациямен байланыстырады. Мәселен, бапкер «Селтикпен» кездесуден соң:
«Сендер жарадыңдар! Біз арманға бір табан жақындадық. Мүмкін бұл өміріміздегі ең маңызды матч болған шығар. Үйімізге жеткен соң, әрі қарай не істейтінімізді ойластырамыз. Әзірге қалыпқа келуге кірісеміз. Ақылға салып ойлап, өз күшімізге сенсек, бәрі болады» - деді.
Айзат Айдарқызы