22.08.2025 00:10
10
«Қайраттың» ҚПЛ-дегі ойыны кейінге шегерілді
22.08.2025 00:10
10
Қазақстан Премьер-лигасының 22-туры аясындағы «Оқжетпес» пен «Қайрат» арасындағы ойын кейінге қалдырылды
Алғашында 24 тамызға жоспарланған кездесудің уақыты қос тараптың келісімі бойынша 31 тамызға ауыстырылды.
Бұл шешім алматылықтарға Чемпиондар лигасының іріктеуіндегі маңызды ойынға тыңғылықты дайындалуға жол ашты. «Қайрат» ойыншылары Шотландиядан елге оралды. Енді оларда 26 тамызда өтетін қарымта матчқа дейін кем дегенде бес күн тынығып, дайындалу мүмкіндігі бар.
Ал қарсылас «Селтик» Алматыға аттанар алдында ішкі біріншілікте матч өткізеді. 23 тамызда Глазгода олар Шотландия Премьер-лигасының турнир кестесінде үшінші орында тұрған «Ливингстонмен» кездеседі. Осыдан кейін «Селтикті» 7-10 сағатқа созылатын, 6000 шақырымға жуық ұзақ сапар күтіп тұр.
Еске сала кетейік, «Қайрат» пен «Селтик» арасындағы Глазгода өткен алғашқы матчта есеп ашылмады. Енді турнирдің негізгі кезеңіне берілетін жолдама, 26 тамыз күні Алматыдағы «Орталық» стадионда өтетін ойында сарапқа салынады.