14.10.2025 10:55
Талғат Байсуфинов Ғалымжан Кенжебекті неліктен ауыстырғанын айтты
14.10.2025 10:55
Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов Ғалымжан Кенжебекті неліктен ауыстырғанын және Солтүстік Македонияға қарсы ойын туралы пікір білдірді.
«1:1 есебі тіркелді, бірақ мақсатымыз жеңіске жету болған еді. Бірінші таймда барлығы ойдағыдай болып, өз ойынымызды ойнадық. Прессингтен де сауатты шықтық. Ал үзіліс кезінде жігіттерге Солтүстік Македония Әлем чемпионатына шығу үшін барын салатынын айттық. Алайда екінші таймда ойын бұзылып кетті.
Жеңіс үшін келдік. 1:1 ойнағанымызға да қуаныштымыз, дегенмен жігіттер жеңуге болатын еді деп, ашуланып қалды.
Кенжебек кішкене қорғанысқа үлгере алмады. Әрине, жас жігіт қой. Жұлқынып тұр. Сондай-ақ құрылым да өзгеріп кетті. Ғалымжан – біздің негізгі ойыншы. Бірақ кішкене тұрақтылық керек. Екіншіден, қарсылас Годидің бір аяғының бір жеріне үш рет соққы жасады. Сондықтан жарақат алып қала ма деп қорықтық», – деді бапкер.
Қазақстан құрамасы келесі матчын 15 қараша күні Астанада Бельгияға қарсы өткізеді.