15.09.2025 21:20

Шерхан Қалмырза тарихи дебют жасай ма?

15.09.2025 21:20

Қақпашы Шерхан Қалмырза «Қайраттағы» әліппесін «Ақтөбе», «Спортинг», «Реалға» қарсы ойында бастап, тарихқа енуі мүмкін. 14 қыркүйек күні «Ақтөбемен» ойында алаңға шығып, дебют жасады. Қырсыққанда, алматылық клубтың қақпашылары бірінен кейін бірі маңызды матч алдында «сынып» жатыр.

Иә, «Қайрат» Чемпиондар лигасы жалпы кезеңі дейтін желеумен ҚПЛ-ді құрбандыққа шалмасы анық. Сондықтан «Спортингпен» ойын алдында негізгі құрамды алаңға шығарған-ды. Бірақ кездесудің 10 минутында негізгі қақпашы Темірлан Анарбек жарақат алып, орнын Шерхан Қалмырза басты. Естеріңізде болса, Глазгода Темірланның басы жарылған кездегі Қалмырзаның көзқарасы бейнеленген кадр таралып кетті. Енді сол сәтте іштей жүрексінген бала Чемпиондар лигасында дебют жасауы мүмкін.

Жоғарыда айтқан «Селтикпен» ойында Александр Заруцкий жарақат алып, орнына Темірлан Анарбек шықты. Сөйтіп, Темірлан қарымта ойында үш бірдей пенальтиді қайтарып, «Қайраттың» ЛЧ-нің жалпы кезеңіне шығуына үлес қосқан. Енді «Спортингпен» кездесуге төрт күн қалғанда негізгі қақпашының орнына Шерхан Қалмырза шықты. Қызығы сол, «сарыала» қақпашылардың жаңа тынысын ашып жатқандай. Мүмкін, Қалмырза да «Қайрат» тарихының жаңа тарауын ашар.

Турнир тарихындағы алғашқы қазақ қақпашы

Осы тұста «Астана» сапында өнер көрсеткен Ненад Эричті қайда ысырдың деуіңіз орынды. Бірақ ол Қазақстанның көк паспортын алғанымен, футболдың әліппесін Сербияда үйренген. Сондықтан оның жетістігін өзімізге телігеніміз жөн болмас. Шерхан Қалмырзаға келсек, ол «Қайраттың» академиясынан түлеп ұшып, қазақтың футбол мектебінен тәлім алып жатыр. Сөйтіп, кәрі құрлықтың басты турнирінде тұсауын кесетін алғашқы қазақстандық қақпашы атанбақ.

ЧЛ-дегі ең жас үш қақпашының қатарына кіре ала ма?

Дегенмен Шерхан «Ақтөбемен» ойында бұғып қалған жоқ. Дебютін сәтті алып шықты. «Ақтөбе» алматылық клубтың алып алаңына аса қауіп төндірмесе де, Қалмырза есепті ұстап тұруға үлес қосты. Сөйтіп, клуб тарихында алғашқы ойында қақпаны құрғақ ұстаған ең жас қақпашы атанды. Оның жасы – 18 жас, 1 ай, 30 күн. Ал Анарбек болса, 2020 жылы «Таразға» қарсы матчта алаңға шыққанымен, доп жіберіп алды. Сол тұста ол 17 жыл, 1 ай, 16 күн толған.

Ғайыптан тайып Заруцкий жарақатынан айықпаса Шерхан «Спортингпен» ойында алаңға шығады. Мәлімет бойынша, Заруцкий қыркүйектің соңына дейін қатарға қосылмайды. Темірлан Анарбек болса кемінде бір айдан ұзақ уақыт командасына көмектесе алмайды. Демек, 19 қыркүйек күні Португалияда «Қайрат» сапындағы жас қақпашы еуроаренаның есігін айқара ашады. Ашып қана қоймай, ЛЧ-нің жалпы кезеңінде дебют жасаған ең жас үш қақпашының қатарына кіруі мүмкін. Ал бұған дейінгі үштікте кімдер бар?

Бірінші орын бельгиялық Мартен Вандервордтқа тиесілі. Ол 2019 жылы 17 жас, 9 ай, 14 күн дегенде «Генк» қақпасын қорғады. Екінші орындағы серб Миле Свилар 2017 жылы 18 жас, 1 ай, 21 күнде «Бенфиканың» шашбауын көтерді. Ал үшінші орында аты аңызға айналған Касильяс тұр. Ол 1999 жылы галактикос құрамында «Олимпиакосқа» қарсы кездесуде қатардан табылды. Сонда оның жасы 18 жас, 3 ай, 26 күн толған. Егер сәтін салса, Шерхан Қалмырзаның есімі еурокубок тарихына жазылуы мүмкін. Жалпы, аталған турнирдің әр кезеңін алып қарасақ, алматылық қақпашы жетінші орынға сырғиды. Оның алдында Апула Эдель («Пюник»), Марко Йоханссон («Мальме»), Игорь Акинфеев («ЦСКА»), Максим Коваль («Динамо Киев») бар.

Айзат Айдарқызы

Айзат Айдарқызы

InstagramInstagram