24.04.2026 18:59
Себальос пен Арбелоа қырылып қалды
24.04.2026 18:59
«Реал» жартылай қорғаушысы Дани Себальостың неліктен клубтан кететіні белгілі болды

Осыған дейін Фабрицио Романо футболшының 2027 жылдың 30 маусымда аяқталатын келісімшартты мезгілінен бұрын бұзып, жазда клубтан кететінін хабарлаған еді.
Cope журналисі Мигель Анхель Диастың берген мәліметіне сенсек, 29 жастағы испаниялық ойыншы Альваро Арбелоамен сөзге келіп қалыпты. Сондықтан бас бапкер шәкіртін «Бетиске» қарсы матчқа қатысатын ойыншылар тізіміне қоспады және алдағы матчтарға да шақырмайын деп отыр. Дани жарақатынан екі апта бұрын айығыпты, ал соңғы төрт матчқа Арбелоаның қалауы бойынша қатыспаған. Бұған наразы болған Себальос сауыққаннан кейін жаттығуға да шықпапты.
Себальос «бланкос» намысын 2017 жылдан бері қорғап келеді. Осы аралықта командамен Испанияның екі дүркін чемпионы атанып, Чемпиондар лигасында үш мәрте топ жарды. Биылғы маусымда 22 матчқа қатысып, нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады.