09.09.2025 17:50

ҚПЛ: қиян-кескі тартыс жалғасады

09.09.2025 17:50

Келер аптада Чемпиондар лигасы жалпы кезеңі басталады. «Қайрат» сырт алаңда «Спортингпен» ойнайды. Бірақ одан бұрын ел чемпионатында да тартыс болып жатқанын ұмытпайық. Мысалы, «Астана», «Қайрат», «Тобыл» өзара бәсекеге түсіп жатыр. Алғашқы екеуінде ұпай бірдей, дегенмен «Тобылдың» қосымша кездесуі барын ескеріңіз. Егер ҚПЛ кестесінде үшеуі бірдей ұпай жинаса не болады?

Трофей кімге бұйырады?

Иә, қазір «Астана» мен «Қайратта» 46 ұпайдан бар, ал «Тобыл» 44 ұпаймен турнир кестесінде үшінші тұр. Қостаналықтар бұл нәтижені 20 матчта тіркеген, сондықтан ұпай қосуға тағы мүмкіндігі бар. Елорда командасы чемпион болуға асық. Еуропа  лигасында жолы болмаған соң, бар назарын ҚПЛ-ға аударды. Ал «Қайрат» Чемпиондар лигасымен қатар ел чемпионатын да алғысы бар. «Тобыл» да құр алақан емес, Қазақстан кубогы финалына шықты, одан бағы жанып премьер-лигаға да қол созса ғанибет емес пе?! Расында, алғашқы аталған екі клуб ел кубогының ширек финалынан үйіне қайтқан. Бірін «Ордабасы» Алматыға жөнелтсе, екіншісін «Жеңіс» пенальти сериясында қапы қалдырды.

Енді үш клубтың ҚПЛ-дағы жағдайын салыстырып көрелік. «Астананың» кестесі қалған екеуіне қарағанда күрделі көрінеді. «Елімай» (үйде), «Тобыл» (сыртта), «Оқжетпес» (сыртта), «Ақтөбе» (үйде), «Қайрат» (сыртта). Байқасаңыз, бұл командалар чемпионат кестесінде топ-6-ға кіреді. Яғни, ешкім оңай ұпай үлестіре салмасы анық. Мәселен, елорда клубы үшін сырт алаңдағы «Тобылмен», «Қайратпен» өтететін ойын шешуші рөл атқаруы мүмкін. Әсіресе, соңғы турдағы Алматыға сапар ауыр болуы бек мүмкін.

Қостанайлық клуб болса алдымен «Атырауға» қонаққа барып, өз алаңында «Астанамен» түйіседі. Одан кейін «Ордабасыны», араға төрт күн салып «Қайсарды» күтіп алады. Артынша «Жетісуға» жетіп, «Ұлытауға» бағытын бұрады. Мұндағы қиын тиетіні «Ордабасымен» өтетін екі ойын болмақ. Өйткені біреуі ҚПЛ тағдыра әсер етсе, екіншісі ел кубогы иегерін анықтайтын матч. Әрине, Қостанай жеріндегі «Астанаға» қарсы кездесуді де естен шығармаймыз.

Бұл жерде «Қайраттың» турнир кестесі нағыз КТГ сызығындай (жүрек диагностикасы) болайын деп тұр. Алдымен, «Орталық» стадионда «Ақтөбені» қабылдап, артынша «Спортингке» жол жүреді. Келген соң «Жеңіспен» жұдырықтасып, «Жетісуды» қарсы алады. Бұдан екі күн өткен соң, Испаниядан «Реал Мадрид» ат терлетіп келеді. Сосын «Қызылжар», «Пафос», «Астана» күтіп тұрады. Демек, «Тобыл» мен «Астанаға» қарағанда алматылық клубтың кестесі тығыз. Мұны қарсыластары тиімді пайдалана ала ма?

Бірдей ұпай жиса...

«Қайраттың» ЧЛ-дің жалпы кезеңіне өткені белгілі болған соң, Уразбахтин мынадай мәлімдеме жасады. Шәкірттері ҚПЛ-дың қалған 6 ойынын финал сияқты өткізетінін, арқаны кеңге салмайтынын айтты. «Астананың» бапкері Григорий Бабанян да халықаралық үзілісті сәтті пайдаланып, тынығып, алға жоспар құратынын айтқан-ды.

Егер үш клуб та 26 турдан кейін бірдей ұпай жинаса, ҚПЛ регламентіне (5.5) сай, гол айырмасы, жеңіс саны, гол саны, жеке кездесу нәтижесі, қызыл қағаз саны, сары қағаз саны ескеріледі. Сонда да тең түссе, мини-турнир ұйымдастырылып, чемпионды анықтаймыз. Ал кестедегі екі клубтың ұпай тең болса, онда қосымша матч өтеді. Сонда жеңімпаз анықталады. 90 минутта чемпион команданың есімі белгілі болмаса, ойын экстра-таймға жалғасады. Екеуі одан кейін де бір-бірін ала алмаса, кездесу соңы пенальти белгіленеді.  Чемпионат тарихында осындай шешуші ойын үш рет тіркелген екен. 1997 жылы «Ертіс» пен «Тараз» түйіссе, 2000 жылы «Жеңіс» пен «Қызылжар» чемпионат тағдырын шешкен. 2008 жылы «Ақтөбе» пенальти сериясында «Тобылды» жеңіп, ел чемпионы болған-ды.

Жалпы, «Астана» жеті рет, «Қайрат» төрт рет, ал «Тобыл» екі рет осы тунирді жеңіп алды. Ал енді сұрақ: «Қайрат» қатарынан екі мәрте чемпион атана ала ма? Естеріңізде болса, «Астана» қатарынан бес жыл (2014-2019) турнир жеңімпазы болды. Одан кейін қатарынан үш жыл чемпион болған «Ақтөбе» (2007-2009) бар.  «Тобыл» мен «Қайрат» әлі күнге мұндай нәтиже тіркемеген екен.

Айзат Айдарқызы

Айзат Айдарқызы

InstagramInstagram