03.09.2025 20:53

Қазақстан - Уэльс: Кардиффтегі есеп қайталана ма?

03.09.2025 20:53

4 қыркүйек күні «Астана-Арена» стадионында Қазақстан құрамасы Уэльске қарсы кездесу өткізеді. Бұл  ойын  2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу аясында өтеді. Әзірге J тобында Солтүстік Македония көш бастап тұр. Ал ұлттық құрама екі рет жеңіліп, бір матчта жеңіске жеткен. Кімнен жеңілді десеңіз, 22 наурыз күні Уэльстен, 9 маусым күні Солтүстік Македониядан ұтылды.

Үйде жеңіске жете алмай жүрміз

Иә, Ұлттар лигасындағы сәтсіз ойыннан соң, Станислав Черчесовтың құрама тізгінін босатқаны есте. Ұлттық құраманың жаңа бапкері Әли Әлиев алты матчтың екеуінде жеңіске жетті. Ұжымның ұйыса өнер көрсеткені Кюрасаомен жолдастық кездесуде көрінді. Одан кейін, әрине, осы J тобындағы аутсайдер Лихтенштейнен үш ұпай еншіледік. Қалған төрт ресми және жолдастық кездесуде барлығы 10:2 есебімен жеңілген екенбіз.

Байқасаңыз, биыл құрама Бақтиер Зайнутдиновсыз ойнауға үйренді. Өйткені ұлттық құраманың бомбардирі жарақаттан көз ашпай келеді. Бұған жанкүйерлер де наразы, білем. Өйткені құрама ойынына екі-үш күн қалғанда «Зайнутдинов қатардан шығып қалды» деген жаңалықты оқу үйреншікті әдетке айналғандай. Оның үстіне жартылай қорғаушы түріктің «Бешікташынан» Мәскеудің «Динамосына» ауысқан-ды. Жарақаттың жырын жалғасақ, құрама Еркін Тапалов сияқты еркін көсілетін ойыншының қатардан шыққанын мәлімдеді. 32 жастағы қорғаушы шеміршегін жарақаттап алыпты. Жығылғанға жұдырық болғандай, бас бапкер прессконференцияда Ислам Чесноковта да бұлшық ет жарақаты барын растады. Қуанарлығы, оның ойынға қатысып-қатыспауы әлі белгісіз. Оған қоса Солтүстік Македонияға қарсы ойында капитан Асхат Тағыберген құрамадағы карьерасын аяқтағанын мәлімдеді. Бұл фактор да матч тағыдырына әсер етеді. Ұжымға бас боп жүрер дейтін жартылай қорғаушы Исламбек Қуат та тізімге ілінбей қалды. «Астана» клубының қосалқы құрамында отырған Марат Быстров та құрамнан тыс қалды.

Айталық, қақпашы Александр Заруцкийдің «Селтик» - «Қайрат» матчында жарақат алғаны бар. Сондықтан Әлиев ұлттық құраманың кеңейтілген тізіміне Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Темірлан Анарбекті («Қайрат») қосты. Бірақ Темірлан «Оқжетпеспен» ойында тізесін жарақаттады. Сондықтан тексеріс нәтижесін күткен жөн. Әгәрәки, бас бапкер Темірлан Анарбекті Уэльске қарсы ойында алаңға шығарса, ол ұлттық құрама сапында дебют жасаған ең жас үшінші қақпашы болмақ. Ал ел атынан өнер көрсеткен ең жас қақпашы Давид Лория (18 жас) болатын. Ал 1992 жылдан бері Қазақстан атынан 29 қақпашы жасыл алаңға шыққан. Жалпы, Әли Әлиев осыған дейін төрт кездесуде үш қақпашыны сынап көрді. Демек, алдағы қалған іріктеу ойындарында да осы тәжірибесін іске асыруы мүмкін. Естеріңізде болса, Мұхаммеджан Сейсен Лихтейнштейнге қарсы қақпасын құрғақ ұстап, 9 маусымда Солтүстік Македониядан бір гол жіберді. Александр Заруцкий болса, Кардиффтегі ойында үш доп өткізді (3:1). Стас Покатилов Беларуське қарсы жолдастық кездесуде жазбай жаңылып, 4:1 есебімен ойсырай ұтылдық.

«Бұрын Бақтиер жоқ болса, Абат бар» деуші ек. Осы жолы шабуыл шебінде мәселе туындап тұр. Өйткені жартылай қорғаныстан әупірімдеп асырылған пасты жетер жеріне жеткізетін осы –  Абат еді. Былайша айтқанда, ұжымдағы джокердің бірі. Бірақ жазда Айымбетов өзіне жаңа клуб таппаған соң, ойын практикасы жетпей тұр. Сол себепті Әли Әлиев оны кеңейтілген тізімге қоспады. Абаттың негізгі бақталасының бірі «Қайсарда» доп тебетін Айбар Жақсылықов еді. Бірақ ол да мардымды ойын көрсетпей, бапкердің көңілінен шықпады. Оның орнына Әлиев «Ахматта» доп теуіп жүрген Максим Самородов пен «Қайраттың» жас қыраны Дастан Сәтпаевты шақырды. Максим әзірге Ресей чемпионатында гол соққан жоқ. Ал Сәтпаев болса Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде үш бірдей гол соқты.

Одан бөлек, құрама жігіттері Уэльс және Бельгияға қарсы ойынға дайындық үшін оқу-жаттығу жиынына ә дегеннен жиналған жоқ. Бапкер де «бұл жолы қиындау болғалы тұр» деп ашығын айтты. Себебі кейінге шегерілген «Оқжетпес» -  «Қайрат» кездесуі мен Қазақстан Кубогы ойындары кедергі болды. Мысалы, 23 тамызда кейбірінің чемпионаттағы міндеті бітіп, үйіне тарап кетті. Олар 28 тамыз күні сапқа қосылды. Сөйтіп, медициналық тексеруден өткізіп, түрлі сынақ жасап, бәрінің жағдайын бір қалыпқа түсіруді бастады. Ал жоғарыда аталған клуб өрендері 1 қыркүйекке дейін ұжым қатарына қосылды. Шетелде өнер көрсететін Максим Самородов пен Нұралы Әліптің де келгеніне екі күн болды.

Төрт кездесуде 10 гол тоғытты

Ал Уэльс болса, J тобында 7 ұпаймен екінші орында тұр. Бұл аталған құраманың төрт ойында жиған ұпайы. Олар Лихтенштейн мен Қазақстанды жеңіп, Солтүстік Македониямен тең ойнап, Бельгиядан ұтылды. Әсіресе, Бельгиямен қиян-кескі кездесу өткізді. Лукаку, Тилманс, Докудың үш добына үш голмен лайықты жауап берген. Бірақ «мықтының аты мықты» дегендей 88 минутта Де Брюйне бельгиялықтарды алға шығарды. Сөйтіп, Уэльс өңмен түстің арасында ұпайдан қағылған-ды (3:4).

Біз бір жыл бойы Зайнутдиновсыз алаңға шығып жүрсек, Уэльстің капитаны Аарон Рэмзи де сонша уақыт алаңнан көрінбеді. Бірақ Рэмзи тізеасты байламы жарақатынан жазылған екен. Алайда бас бапкер Крейг Беллами оны осынша арақашықтықтағы айқасқа апаруды жөн көрмепті. Екі елдің арақашықтығы – 3947 км. Аарон Қазақстанға келе қалса да, қосалқы құрамда отырып, бірнеше минутқа алаңға шығар еді. Онсыз да жасы келген ойыншының бар-жоғы біліне қоймас. Ал «Бернли» қорғаушысы Конор Робертс пен «Лидс» ойыншысы Итан Ампадудың жарақаты ойланарлық мәселе. Десе де Уэльсте бұл позицияда бәсеке бар.

Айтпақшы, бұл құраманың шабуылда бір сойқанды бастары рас. Өйткені атағы дардай Бельгияға үш доп соқты, Қазақстан қақпасына үшеуін кіргізгені тағы бар. Лихтенштейннен де үш дәл соққысын аямады. Тек Солтүстік Македониямен тең ойнап, тек бір гол тоғытқан. Сонда Уэльс жігіттері Әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі төрт кездесуде 10 гол соққан екен. Міне, осы статистика аталған құраманың нәтижелі шабуылдайтынын көрсетіп тұр.

Уэльс дегенін істей ме әлде Қазақстан қарсы тұра ала ма?

Енді статистикаға көз жүгіртсек, Әлем чемпионатына іріктеу аясында елде өткен кейінгі 11 кездесуде ұлттық құрама айқын жеңіске жетпеген. Дәлірек айтқанда, 4 рет тең ойнап, 7 рет жеңілген. Оған кейінгі бес кездесудің төртеуінде гол соқпағанын қосыңыз. Маусым айында Солтүстік Македониядан жауапсыз бір доп айырмасымен ұтылғанымыз тағы бар. Ал Бельгия Уэльстің іріктеу қарсаңында он екі ойынға созылған жеңіліссіз сериясын бұзған-ды. Оған дейін Крейктің командасы 8 рет жеңіс туын көтеріп, 4 рет тең ойнаған. Олар ӘЧ аясында сырт алаңдағы кейінгі 12 ойынның 10-нында жеңілмеген.  4 рет ұтса, 6 рет тең ойнаған. Мына қызыққа қараңыз, кейінгі 6 кездесудің бесеуінде мәселені 90 минутта шешіп, әрқайсысында алғашқы таймда гол соққан. Сондықтан уэльстіктердің Қазақстанға келіп, ұпай бөлісуге ынтасы жоқ. Олар Солтүстік Македониямен бірінші орынға таласуға тырысады. Әрі ӘЧ-ге тікелей жолдама алғысы келеді-ақ.

Ал Қазақстанның бұл кестедегі орны төртіншіні нұсқап тұр. Әзірге құраманың әлеуеті Лихтенштейнге жетеді. Өйткені жолдастық кездесудің өзінде Беларусь (1:4) пен КХДР  (0:2) сияқты қарсыласқа шама жетпеді. Сондықтан Уэльс Кардиффтегідей ойын өрнегін көрсетуге барын салады. Ұлттық құрама қонақтарды жеңсе ғана топта мүмкіндік шығары жануы мүмкін. Олай болмаған жағдайда тағы бір Әлем чемпионаты көзден бұлбұл ұшады. 

 

Айзат Айдарқызы

Айзат Айдарқызы

InstagramInstagram