08.05.2026 12:40
Мбаппеге қарсы петиция 40 млн дауыс жинады
08.05.2026 12:40
Осыдан екі күн бұрын, сейсенбіде әлеуметтік желіде Килиан Мбаппенің «Реалдағы» болашағына байланысты жанкүйерлер онлайн-петиция ұйымдастырған еді

Қазір Мбаппенің кетуін қалайтындардың саны 40 миллионнан асып жығылды. Алғашында мақсат 50 мың дауыс жинау еді, бірақ бұл көрсеткіш минут сайын артуда.
Бұған дейін Мбаппенің сауық-сайран құрып, жаттығулардан кешіккені және клуб қызметкерлеріне дөрекілік көрсеткені туралы қауесеттер тараған еді. Көптеген басылымдар Мбаппе келгелі команданың ішкі атмосферасы бұзылғанын жазып жатыр. Ол командаластарының арасында тек француздармен жақсы қарым-қатынаста екен, ал Винисиус Жуниормен тіпті сөзге келіп қалған. Осыған байланысты оның агенті әрі анасы Файза Ламари президент Флорентино Переске нақты талап қойыпты: не командадан Винисиус Жуниор кетеді, немесе Килианның өзі клубпен қош айтысады. Бұл туралы журналист Франсуа Галлардо жазды. Сондай-ақ The Athletic Килианның Альваро Арбелоаның штабындағы қызметкермен кикілжіңге келіп қалғанын мәлімдеді.
27 жастағы француз форварды «Реалға» 2024 жылы ПСЖ-дан еркін агент ретінде ауысып келген еді. Ол осы маусымда 41 матчта 41 гол соғып, алты нәтижелі пас берді.