03.10.2025 15:56

Левандовски кімге тіс қайрап жүр?

03.10.2025 15:56

Чемпиондар лигасы жалпы кезеңіндегі "Барселона" мен "ПСЖ" кездесуі әлі күнге талқыланып жатыр. Атақты испан басылымы Don Balon матчқа талдау жасай келе, "Барселонадағы" кей ойыншылардың потенциалы жайлы мәселе көтерген

Басылымның жазуынша, Роберт Левандовски қосалқы құрамнан шыққанымен, өзін көрсете алмаған. Футболшы "ПСЖ" қорғаушыларының уысынан шыға алмай, шабуылға араласпады. Тіпті, кездесу аяғына таман құры сүлдерін сүйретіп жүргендей әсер қалдырғаны рас. Левандовскидің Ла лигада бір атары бар болғанымен, Чемпиондар лигасы сияқты бәсекеде көлеңкеде қалып жатыр.

Каталондық клуб пен 37 жастағы ойыншы арасындағы келісім 2026 жылдың жазында аяқталады. Команданың келісімшартты ұзартуға құлқы жоқ. Оның үстіне бапкер Ханс-Дитер Флик польшалық футболшының орнына Ферран Торреске көбірек сенім артып жүр. Сондықтан Левандовски клубтағы орынына риза болмай, бапкер шешіміне наразы болған.

Аталған басылымның хабарлауынша, ойыншыны "Милан" клубы аттай қалап отыр. Келер жылы оның 38 жасқа толатынына қарамастан, "россонери" тәжірибелі шабуылшымен келісім жасағысы келеді.

Естеріңізде болса, бұған дейін Левандовскиді Сауд Арабиясына бірнеше рет шақырды. Алайда оның туған-туысы мен өзі мансабының Еуропада жалғасқанын қалайды. Ал "Барселонадағы" ойын уақыты барынша қысқарып жатыр. Мұның бәрі Роберттің Испаниядағы миссиясы аяқталғанын білдіреді. Сондықтан оған Италия лигасына ойысып, карьерасындағы күнбатысты "Сан-Сирода" тамашалауға тура келеді.

Айзат Айдарқызы

Айзат Айдарқызы

InstagramInstagram